Сегодня 03.05.2024
Казахстанское время 04:59
Главная » Файлы » Ән, Мәдениет, Өнер

Жылылық пен сұлулық мерекесі
28.11.2011, 15:08
Тәубе, ғасырлар тоғысында Сарыарқаның самалы оңынан соғып, заман түзелді. Түндігі бүтін тәуелсіз ел болдық, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Бодан болған кездері көз жазып қалған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, халық игілігіне қызмет етуде.

Сонау 80-жылдардың соңында солтүстікте ақ қар, көк мұздың үстінде тұтанған алаудай – әз Наурызбен қайта қауышқан халықтың да қуанышы шексіз еді. Қызылжар өңірінде алты ай қыс түскен қалың қардың көбесі наурызда еркін сөгіле қоймайды. Соған қарамастан, алғаш рет облыс орталығында, барлық аудандарда киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Көңіл толқыды, жанарға жас үйірілді. Ол – қуаныштың көз жасы! Халық мәре-сәре болып, бір-біріне «Жыл басы құтты болсын!», «Ақ мол болсын!» деген сияқты, бұрын тіл ұшы­на жиі іліге бермейтін ақ тілектер арнады. Содан бері бұл өңірде де Наурыз мерекесін жыл басы ретінде дүркіретіп атап өту дәстүрге берік енді. Бұл күні еліміздің барлық елді мекендеріндегі сияқты көне Қызылжардың көшелеріне де халық симай кетеді. Солардың жайдары жүздері, шат күлкісі көктемнің шуағымен нұрланып, табиғат-ана ерекше елжірейді.

Осындай жылылықтың, сұлулықтың сырын қасиетті мерекенің тарихы мен табиғатынан іздеу жөн сияқты. Тарих қойнауынан бізге жеткен бір аңызда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа күн мен түннің теңескен уа­қытында келіп тоқтағаны айтылады. Зерттеушілер Наурыз мерекесі тойланғалы 127 ғасыр өтті деген деректі де жоққа шығармайды. Ұлы Абайдың «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен» деуі де, Наурыздың тамыры тереңде жатқанын аңғартса керек.

Қазақтың Наурыз келгенде ерекше қуануының, шаттануының түп-тамыры қайда жатыр? Малы мен жанын сақтаған қазақ жылдың төрт мезгілінде де ауа райының құбылмалы мінезін қалт жібермей қадағалаған, бәріне мән берген, қыс жеңіл болса – құт, ауыр болса – жұт болатындығын ескерген. Ол төрт түлікті аман сақтау үшін қысқы аязда, ақ түтек боранда көрмегенді көріп, малымен бірге өріп, жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер шағынан шаруасын күйзелтпей, ашаршылыққа ұшырамай, аман-есен өтуді аңсаған. Сол күнге жеткенде, әрине, ерекше қуанған. Сол себепті Ұлыстың ұлы күні қазан толтыра ас әзірлеп, молшылық болуын тілеген.

Өкінішке орай, күтпеген жерден осы қуаныш сап тыйылды. Кеңес үкіметі аталмыш мерекені ислам діні тудырған “кертартпа рәсімдер” қатарына жатқызып, 1926 жылы ресми тойлауға тыйым салды. Ислам діні бұл өлкеге сегізінші ғасырдан ене бастағанын, ал Наурыз қазақ даласында одан бұрын тойланғанын ескерсек, бұл қисынсыз, қиянатты шешім еді. Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев та осыны дәттейді. «Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жа­сайтын, ауыл адамдарын тап жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек», – деп жазды ол.

Атақты сөз зергері Ғабит Мүсірепов өзінің күнделігінде: «Қазақтың жылы наурыздан басталады. Жылдың басы жазғытұрғы күн мен түннің теңелуінен басталуы, әрине, дұрыс. Бұл – табиғаттың өзінің жаңаруы, өсімдік те, жан-жануар да бірі бүршік атып, бірі төлдеп, жаңарып, туынды беріп жататын кезі… Күн мен түннің жазғытұрғы және күзгі теңеулерінде қаншама мән, қандай жөн сілтеу жатыр десеңізші! Туар кез, өсер кез, көбейер кез, тозар кез, ескірер кез десіп тұрған жоқ па?!» – дейді. Наурызға қатысты ойларын Ғабең күнделігіне 1926 жылдан кейін түсірген сияқты. Өйткені, ол «озық» елдердің жыл басын қаңтардан бастауында ешқандай ғылыми ақтау жоқ, күштің еріксіз көндіруі ғана бар», – деп қынжылыс білдіре келіп: «Адам баласы бір кезде өз қылығына өзі әділет жолымен қарап, ғылымға дәл сүйенген кезде, бұл мәселеге бір оралмай қоймасқа керек», – депті. Жазушының көрегендігіне бас иесің.

Наурыздың табиғаты ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, бір сөзбен айтқанда, тек жақсылыққа негізделген.Содан да, Наурыз біздің елімізде жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, қайырымдылық пен ізгіліктің мерекесі ретінде тойланып келеді. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын, көшеге шығып, көңілді ойын-сауықтарға қатысады. Мереке бағдарламасы шеңберінде түрлі сайыстар ұйымдас­тырылып, арнайы құрылған сахналардан ән мен жыр төгіледі. Әр үйде қазан көтеріліп, Наурыз көже пісіріледі. Наурыз дастарханы басқа да тағамдарға толады.

Бір қуанарлығы, соңғы кезде адал асқа арақ-шарапты араластырмауға көп көңіл бөлінуде. Ол да тегін емес. Наурыз мерекесі күндері шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге ежелден қатты тыйым салынған.

Жоғарыда Наурыздың салтымызға қайта оралуына ұлт жанашырларының көп еңбек сіңіргенін айттық. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында тұратын Сақып Құсайынова. Ол жылда Наурыз тойының бел ортасында жүреді. Еліміздің іскер әйелдерінің съезіне бір емес, бірнеше рет қатысқан оймақ шебері, қазақтың қолөнерін дәріптеп, жас ұрпақты қастерлі құндылықтарға баулып жүрген Сақып Рақымжанқызы Наурызды нағыз халықтық мереке деп біледі. «Наурыздың сәні, әні қазақтың бойын­дағы асыл қасиеттерден көрініс береді. Оның әлі ашылмаған мүмкіндіктері мол. Мәселен, Наурызға қатысты пайда болған Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры сияқты атаулардың бәрінің де астарында үлкен ой, мағына жатыр, осыны жастарға жеткізуіміз керек», – дейді ол.

…Жақында ауылға барып қайттым. Қой қоздап, қора шуға толып, мал төлдеп жатыр екен. Диқандар егіс қамына кірісіп кеткен. Ал балалар көктем құсы – Наурыздекті асыға күтіп жүр. Кешікпей олар да келеді. Осылай Наурыз қайта оралғалы Қызылжарға да көктем ерте келетін болды.
Категория: Ән, Мәдениет, Өнер | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 2767 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1

Пятница

Автор:

Сообщение #1. [Материал]
Vgbogc


buy atorvastatin generic <a href="https://lipiws.top/">order lipitor 20mg</a> purchase atorvastatin for sale


Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии