Сегодня 27.04.2024
Казахстанское время 11:37
Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану

Жеңісбек ЛҰҚПАНОВ, «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы директоры: Табысты тасымал – Тәуелсіздіктің тартуы
27.11.2011, 17:53
Биыл – оттан да ыстық Отанымыз – Қазақстан үшін қастерлі де қасиетті жыл. Тәуелсіздігіміздің тұғырына қонғанына 20 жыл толып отыр. Бұл мерекелі де мерейлі оқиға «Елім» деген кез келген азаматтың жүрегін шексіз қуанышқа, сезімін шаттыққа бөлері хақ. Мұндай жетістікке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз еңбегі мен көрші мемлекеттермен мәнді мәмілелер жасасуының арқасында қол жеткізілді. Етекте жатқан ел экономикасының еңсе тіктеп, жаңа белеске көтерілуіне мұнай-газ саласының да қосқан үлесі зор. Мұнай тасымалдаумен айналысатын «ҚазТрансОйл» АҚ-ның табан тіреген асуы да ауыз толтырып айтарлық. Компания жыл өткен сайын қызмет аясын кеңітіп, Тәуелсіздік туын төмендетпеуге қарым-қайратын аянып қалған емес. Мерейтой жылы «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы директоры Жеңісбек Қожасұлы ЛҰҚпановпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жеңісбек Қожасұлы, әңгімемізді Шығыс филиалының мұнай тасымалы саласындағы атқарып отырған жүйелі жұмысы жайлы бастасақ.
- 1997 жылы мұнай тасымалымен айналысатын «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының құрылуына байланысты, Павлодар қаласында қадасын қадаған Шығыс Қазақстан магистралды мұнай құбырлары басқармасы – «Шығыс филиалы» аталып, қайта құрылды. Ол «ҚазТрансОйл» АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Негізгі қызметі мұнай айдау болып саналатын Шығыс филиалы көршілес мемлекеттерден келетін, еліміздің солтүстігінен оңтүстігіне, орталық аймақтарынан шығысқа қарай, яғни Қытай Халық Республикасына тартылған 4299 шақырым мұнай құбырларына қызмет көрсетеді. «Омбы» қабылдау-тапсыру бекетінде қабылданатын Батыс Сібір мұнайын, «Құмкөл», «Ақшабұлақ», «Торғай – Петролеум» қабылдау-тапсыру бекетінде, «Атасу» мұнай құю эстакадасында қабылданатын Қазақстан мұнайын, «Кеңқияқ – Құмкөл» магистралды мұнай құбыры бойынша Қазақстанның батыс аймақтарынан келетін мұнайды қабылдау, тасымалдау, сонымен қатар Ресей мұнайын «Туймазы – Омбы – Новосібір – 2» мұнай құбыры арқылы тасымалдаумен айналысады. Ал жүк жөнелтушілердің мұнайы «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ, Шымкент мұнай өңдеу зауытына, «Атасу» эспорттық мұнай айдау стансасы арқылы («Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС) аспанасты еліне тасымалданады. Сонымен қатар темір жол көлігімен жақын және шетелдерге жеткізілуі үшін арнайы сыйымдылықтарға мұнай құюды жүзеге асырады. Бір атап өтерлігі, Шығыс филиалы құрылғаннан бергі он төрт жылдың ішінде өндірістік қарқынның тек даму динамикасы бақылануда. Ел экономикасының күретамырына айналған мұнайды экспорттауда Шығыс филиалы тарапынан тежеу болған емес.
- Шығыс филиалына Тәуелсіздік не берді? Дамуға бағыт алған осы аралықта құрылымдық жүйеде қандай өзгерістер орын алды?
- Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдан бері қарай магистралды мұнай құбырларындағы техникалық жағдай да жақсара түсті. Көп жылдардан бері тозығы жеткен құбырлар ауыстырылды, олардың техникалық-экономикалық қасиеттері бақылауға алынды. Қазіргі таңда «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалына қарасты еліміздегі барлық құбырлар жүйесі автоматтандырылған SCADA технологиясы бойынша басқарылады. Отандық мұнай тасымалы саласының жыл санап алға басуына байланысты тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету турасында тың технология ойластыру мәселесімен бетпе-бет келдік. Себебі сұраныстарды уақытында орындау үшін бірінші кезекте жұмысты жеңіл және сапалы жолға қою қажеттігі туындады. Көптеген жобаларды қарастыра келе, өзімізге тиімдісіне тоқталдық. Алғашында, яғни 2001 жылы SCADA орталықтандырылған диспетчерлік бақылау және басқару жүйесін Шымкент мұнай құбыры басқармасында орната бастадық. Уақыт өте келе, аталмыш технология таптырмайтын құрал болғанына көз жеткіздік. Сонымен қатар құбырлардың техникалық ахуалы да жіті назарда болады. Кейіннен бұл технологияны құрылымдық бөлімшелерге енгізуді қолға алдық. Қазіргі күні барлық нысандар аталмыш автоматтандырылған жүйеге көшірілген.
«ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы сегіз магистралды мұнай құбырына қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, «Омбы – Павлодар», «Павлодар – Шымкент», «Шымкент – Чарджоу», «Құмкөл – Қарақойын», «Атасу – Алашанькоу», «Туймазы – Омбы – Новосібір», «Кеңқияқ – Құмкөл» және «Торғай – Петролеум». Бұл магистралды мұнай құбырларының көбісі Кеңес уақытында тартылған және Тәуелсіздік жылдарынан бері жаңартылып, Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Ал «Атасу – Алашанькоу», «Кеңқияқ – Құмкөл» секілді магистралды мұнай құбырлары – Тәуелсіздіктің төл қарлығаштары. Негізінен, аталмыш екі құбыр жолы да Қытай Халық Республикасына мұнай айдауға арналған. Мәселен, 2006 жылы пайдалануға берілген «Атасу – Алашанькоу» магистралды мұнай құбыры батыс және орталық Қазақстан мен Сібірдегі мұнай кеніштері шикізатын Қытайға тасымалдауға жасақталған. Негізінен, бұл құбырдың алғашқы жобалық өндірістік қуаты жылына 10 млн тонна болған. Сұраныстардың көбеюіне байланысты болашақта оны жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Ол үшін қазір «Атасу» бас мұнай айдау стансасында жаңа қосалқы сорғы қондырғыларының құрылысы жүргізілуде. Жалпы, ұзындығы 962 шақырымнан астам магистралды құбырдың 960 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Ал «Кеңқияқ – Құмкөл» магистралды мұнай құбыры экономикалық көрсеткіштерді арттырғанын айту ләзім. 2009 жылы пайдалануға берілген бұл мұнай айдау жолының 231 шақырымынан 793 шақырымына дейінгі аралыққа Шығыс филиалының қызметкерлері қызмет көрсетеді. Ол батыс және орталық Қазақстан мұнайын Қытайға тасымалдауға шақталған. Аталмыш құбырды пайдалануға беру жолында «Құмкөл – Атасу» теліміндегі «Құмкөл – Қарақойын» және «Павлодар – Шымкент» мұнай құбырлары, Б.Жұмағалиев атындағы және «Борсеңгір» бас мұнай айдау стансалары қайта жарақтандырылды, «Құмкөл» стансасы салынды. Болашақта «Құмкөл – Қарақойын» бағыты бойынша диаметрі 820 мм ұзындығы екі жүз шақырымнан астам мұнай құбыры төселеді және «Қызылжар» мұнай айдау стансасы салынады деп жоспарлануда.

«ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы құрамына алты мұнай басқармасы, яғни Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Шымкент, Үшарал, Солтүстік Қазақстан және өндірістік-техникалық қамтамасыз ету және құрал-жабдықтарды жинақтау базасы енеді. Оның үшеуі Тәуелсіздік жылдарында құрылған. Атап айтсақ, 1992 жылдың бірінші қаңтарында Қарағанды мұнай құбыры басқармасына қарасты «Қарақойын» желілік өндірістік диспетчерлік стансасы, Жезқазған мұнай құбыры басқармасы болып қайта құрылды. Ал Солтүстік Қазақстан және Үшарал мұнай құбыры басқармалары 2006 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Негізінен, аталмыш құрылымдық бөлімшелер мұнай құбырларының бағыттарына қызмет көрсету қажеттігінен ашылған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мұнай құбыры басқармасы Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің шекарасы арқылы өтетін құбыр жолына қызмет көрсетеді. Жезқазған мұнай құбыры басқармасы болса, 1339 шақырымдық құбырға, ал Үшарал мұнай құбыры басқармасы операторлық қызметті жүзеге асырады. Қалған басқармалардың тарихы кешегі Кеңес кезінен тамыр тартады. Аталмыш басқармаларға қарасты бас мұнай айдау стансалары техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылды, қабылдау-тапсыру бекеттері жаңаша жұмыс істей бастады, мұнай құю эстакадалары пайдалануға берілді.
- Қазіргі күні мұнай айдау стансалары заман ағымына сай жұмыс істеуде. Жаңа технологиялар мен нысандар іске қосылғанын тілге тиек еттіңіз. Солардың жемісі мен артықшылықтары, болашаққа құрылған жоспарлар жайында айта кетсеңіз?
– «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы еліміз Одақ құрамынан шығып, отау тіккелі бері өндіріс ошақтарына әлемдік деңгейде мойындалған тың технологияларды енгізуді қолға алды. Түрлі құрылыстар жүргізді. Бұл негізгі жұмысты жеңілдетуге және бірінші кезекте сапалық көрсеткіштерді арттыруға бағытталған шаралар болып табылады. Жиырма жылды былай қойғанда, тек соңғы бес жылдың өзінде өндірістік көрсеткіштердің өскендігі анық байқалады. Мәселен, 2005 жылы Шығыс филалы 8 миллион тоннадан астам мұнай айдаса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 20 млн тоннадан асты. Тек бес жылдың өзінде өндірістік көрсеткіш екі еседен астам мөлшерге жоғарылаған. Ағымдағы жылдың тоғыз айында аталмыш көрсеткіш 20 млн тоннадан асып отыр. Жылдық жоспарды асыра орындауға мүмкіндігіміз жетерлік. Ал жүк айналымы 2005 жылы 4614 млн тонна км құраса, былтырғы статистикалық көрсеткіш 12569 млн тонна км болды. Үстіміздегі жылдың тоғыз айындағы есептеуге қарағанда, жүк айналымы 11119 млн тонна км межені бағындырған. Мұның барлығы жұмыстың бір жолға қойылғаны және енгізілген жаңалықтардың жемісі деп бағалау керек. Экспортқа шығарылған мұнай көлемінің артуының және діттеген жеріне қауіпсіз жеткізілуінің арқасында ел экономикасының дамуына да көп серпіні тиді.
Сындарлы Тәуелсіздік жылдарында құрылымдық бөлімшелерде құрылыстар да қарқын алды. Кеңес кезінен тозығы жеткен стансалар жаңартылды, құбырлар ауыстырылды, жаңа құрал-жабдықтар өндіріске енгізілді. Бұл ең бірінші кезекте экономикалық әлеуеттің артуының арқасында мүмкін болып отыр. Сонымен, 1991 жылы «Павлодар – Шымкент» магистралды мұнай құбыры бойынша солтүстік және оңтүстік бағытта мұнай тасымалын жүзеге асыратын «Борсеңгір» және 1992 жылы «Жуантөбе» мұнай айдау стансалары пайдалануға берілді. «Шымкент», «Қарақойын-2» бас мұнай айдау стансалары салынды.
Мұнай тасымалы, экспорты мен импорты саласында Қазақстанның мүддесін сақтау қажеттілігімен 1997 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі болып құрылған Шығыс филиалында ғылыми жаңалықтар басымдыққа ие. Мәселен, «Құмкөл» бас мұнай айдау стансасында 1996 жылы қысқа уақыттың ішінде мәскеулік және қазақстандық ғалымдардың қатысуымен депрессорлық қосым енгізу бойынша қондырғы дайындалып, жөнделді. Түсінікті болуы үшін айта кетсек, Құмкөл мұнайының құрамында парафин мөлшері көп болғандықтан, ол төмен температурада тез тоңазиды. Сондықтан да тасымалдау кезінде құбырда қоймалжыңданып қатып қалмас үшін қыздырылып отыратын. Ал депрессорлық қосым қондырғысын орнатудың арқасында мұнайдың қыздырылуын керек етпейді. Арнайы техниканың арқасында мұнайдың молекулаларын ыдырату мүмкін болды. Бұл – экономикалық жағынан да өте тиімді. Аталмыш технология 1996 жылдары күзгі-қысқы уақытта тәжірибеден сәтті өтті және қазіргі күні де қолданыста. Яғни ғылыми жаңалықтың жемісі нәтижелі болғаны қуантады. Жаңа қондырғының өндіріске енгізілуімен, «мұнай қатып қалады» деген «бас аурудан» арылдық.
1998 – 2001 жылдар аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбырларының жанында спутниктік, транкингілік радио байланыс жүйесі іске қосылды. Соның арқасында Шығыс филиалы үздіксіз және сенімді өндірістік-техникалық байланыспен қамтамасыз етілген. Мұндай игіліктер еліміздегі бірен-саран компаниялардың нысандарында ғана жасалғанын атап өту керек шығар. 2002 жылы Шымкент қаласынан 48 шақырым қашықтықта орналасқан «Шағыр» мұнай құю бекеті пайдалануға берілгеннен бері, мұнай өндіруші компанияларда Ақтау кемежайына темір жол көлігі арқылы экспорттауға мұнай жеткізудің балама мүмкіндігі пайда болды. Ол Ресей аумағына енбестен жүзеге асырылады және бұл экономикалық жағынан тиімді. Өзге мемлекеттің аумағына аяқ баспағандықтан, қаржылық шығындар да болмайды. Жалпы, Шығыс филиалында экономикалық бақуаттылыққа жетелейтін бірқатар жаңа нысандар қатарға қосылды.
Жалпы, «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының негізгі мұнай тасымалдаушы елі – Қытай Халық Республикасы болып табылады. Қазіргі күні «Атасу – Алашанькоу» мұнай құбыры арқылы жылына 10 млн тоннадан астам көлемде мұнай айдалады. Ал «Қазақстан – Қытай құбыры» арқылы болашақта жылына 20 млн тонна мұнай жеткізуге дейін мүмкіндік пайда болады. Қазір осы мақсатты шындыққа айналдыру турасында жұмыстар атқарылуда. Бұл еліміздің «қара алтын» өндіруші батыс аймақтарын Павлодар мен Шымкент облыстарындағы мұнай өңдеу зауыттарымен қосуға, мұнайды ел ішінде бөлу мәселесін шешуге жол ашты. Аталмыш жобаны жүзеге асыру – Қазақстан экономикасына инвестиция тарту, инфроқұрылымды дамыту және аймақтарда қосымша жұмыс орындарын ашуды көздеуде.
- Жеңісбек Қожасұлы, Шығыс филиалы әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінген және оны іспен дәлелдеп жүрген компания екендігін жұртшылық жақсы біледі. Тәуелсіздік жылдары қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге, жалпы аймақтарға қандай шарапаты тиюде?
– «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы ел тұрғындарының түтіні түзу шығуы үшін қолдан келген жағдайлардың барлығын жасауда. Бүгінгі мемлекеттік саясат та қазақстандықтардың бақуатты өмір сүрулерін қамтамасыз ету болып табылады. Ол үшін қазынаның ортаймауы абзал. Шығыс филиалы жергілікті бюджеттерге салық түсіру бойынша аянып қалған емес. Дөңгелетіп айтар болсақ, әлеуметтік, жер, көлік құралы, мүлік, қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін салықтар төлеуде. Егер 2006 жылы филиал 1 млрд теңгеден сәл астам салық төлесе, былтыр бюджетке екі млрд теңгеге жуық қаржы құйды. Осылайша бес жылдың ішінде жеті млрд теңге шамасында салық төленген. Бұл тек қана жекелеген төлем, еліміздің өңірлеріне бұдан басқа да жасап жатқан игіліктері аз емес. Филиал өз қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайларының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етуде. Қазіргі күні Шығыс филиалында екі мың алты жүзден астам адам еңбек етеді. Жыл сайын жаңа нысандардың пайдалануға берілуімен, өндірістік көрсеткіштердің артуымен жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мысалы, «Атасу – Алашанькоу» магистралды мұнай құбырының пайдалануға берілуімен – Қарағанды және Алматы облыстарында 296, Қызылорда облысында «Кеңқияқ – Құмкөл» магистралды мұнай құбыры пайдалануға берілуі және «Құмкөл» бас мұнай айдау стансасының салынып, модернизациядан өткізілуінің арқасында екі жүзден астам жұмыс орны ашылды. Адамдарды жаңа қызмет орындарымен қамту үрдісі жыл сайын сақталуда. Әрине, мамандарды жұмысқа қабылдаумен қатар, олардың кәсіби біліктіліктерін шыңдауға бағытталған шаралар да қолға алынған. Мәселен, жыл сайын филиалда жұмыс істейтін қызметкерлер отандық және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға, білімдерін жетілдіруге жіберіледі. Қазіргі ғылыми-техникалық қарқынды дамуды ескерсек, мұнай құбыршыларымыз бұл саладағы кез келген жаңалықтан кенже қалмауы тиіс. Сол секілді жас мамандарға ерекше көңіл бөлінген. Ол жұмыс үдерісін тұрақты жүргізу және алға қарай өрлету, кадрларды алмастыру үшін қажет. Жыл сайын қызметкерлер арасында «Мамандығы бойынша таңдаулы» байқауын өткізу де дәстүрге айналған. Биыл бұл байқау біздің филиалда өтті. Өз мамандық саласы бойынша кәсіби деңгейлерін көтеру мақсатында, ынталандыру турасында жеңімпаздардың жалақыларына бір жыл бойы 10-нан 25 пайызға дейінгі мөлшерде үстемеақы да қарастырылған. Яғни жұмысшылар өздеріне берілетін жалақымен қатар, қосымша ақшалай сыйға да ие болады. Өз ісінің шеберлері халықаралық жарыстарда да бақ таластырып, лайықты орындардан көрінуде. Алдағы жылдары да осы тақылеттес кәсіби байқаулар жалғасын таба беретін болады.
Жоғарыда «ҚазТрансОйл» Шығыс филиалы өз қызметкерлерінің әлеуметтік қамтамасыз етілуін басты назарда ұстайтындығын айттық. Яғни филиал қызметкерлерінің барлығы және отбасылары медициналық тұрғыдан сақтандырылған. Олар әр жыл сайын медициналық тексеруден тегін өткізіліп тұрады. Мемлекеттік мерекелер мен мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мейрамына орай сыйақы беріледі. Мектеп жасына дейінгі балаларының балабақшадағы төлемін төлеуді компания мойнына алған. Мамандарға түрлі жағдайларға байланысты материалдық көмек те қарастырылған. Сол секілді он бес күндік ауысыммен, яғни вахталық тәртіпте жұмыс істейтіндердің де жұмыс басына жетулері, олардың тұрмыстық жағдайлары шешімін тапқан. Сайын далада орналасқан мұнай айдау стансаларында мамандық иелерінің алаңсыз тынығулары мен жұмыс істеулері үшін қажетті дүниелердің барлығы қолға алынған. Елімізде елу градус суыққа миын қайнатар аптап ыстыққа қарамастан, бетпақ далада гүл жайнатып қойған компания некен-саяқ шығар. Ал біз қызметкерлеріміздің өздерін үйдегідей еркін сезінулері үшін қолдан келгеннің барлығын жасаудамыз. Қызметкерлер қатарымызда жүргенде ғана емес, зейнеткерлік жасына шыққаннан кейін де қанатымыздың астында болады.
Шығыс филиалы өз қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешумен де айналысуда. Соның жемісі болар, былтыр шілде айында Үшарал қаласында тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, Үшарал мұнай басқармасы қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілттері табыс етілді. Яғни аталмыш басқармаға пайдалану және техникалық қызмет көрсету бойынша өндірісті ретке келтіру үшін басқа аймақтардан мамандар шақыртылған. Пәтерлерді тарату кезінде көпбалалы отбасылар мен еңбек өтілі жоғары мұнайшыларға басымдық берілді. Қызметкерлерді «кең сарайларымен» қамтамасыз ету үрдісі мұнымен тоқтап қалмайды. Бүгінгі күні қызметкерлерге 30 пәтер сатып алынды. Павлодар қаласындағы Усолка мөлтек ауданында 100 пәтерлік тұрғын үй құрылысын «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-мен бірге қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Мұның барлығын мамандарымыздың баспана мәселесін шешіп, еш алаңсыз тер төгулеріне жағдай жасау деп түсінген абзал болар. Сонымен қатар Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде 170 орындық балабақша құрылысы басталды. Ол жергілікті балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған іс болғанын атап өту керек. Бұл аймақтағы мектепке дейінгі мекеменің тұсаукесері де жақын уақытта өтіп, шашу шашылар күн алыс емес деген ойдамын. Шығыс филиалы өз құрылымдық бөлімшелері орналасқан аймақтарда жұртшылықты бұқаралық спортпен айналысуға да үндеу тастауда. Былтыр ғана Павлодар қаласында құны 284 млн теңгеден астам сомаға 5 жасанды жабыны бар спорт алаңын аштық. Жақында Үшарал қаласында осындай екі спорт алаңын салу жоспарланған. Яғни компания мемлекеттік саясаттың орындалуына сүбелі үлесін қосып келеді.
- «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздегі түрлі ұйымдарға қайырымдылық, демеушілік көмектер көрсетуден аянып қалған емес. Бұл игілікті іс жалғасын тауып келе ме?
– Әрине, халқымызда: «Жетім көрсең, жебей жүр» немесе «Жетім баланы жылату үшін ұрып-соғудың қажеті жоқ, маңдайынан мейірлене бір рет сипасаң жеткілікті» деген қанатты даналық сөз бар. Шығыс филиалы да еліміздегі қоғамның қаңғұртына айналған жетім балалар үйлеріне қол ұшын созып, қайырымдылық көмек көрсетуді өзінің азаматтық парызы санайды. Басқа жылдарды былай қойғанда, былтыр қоғам көп жылдардан бері заманауи технологияларды қолдану арқылы ақыл және дене жағынан шектеулі жеткіншектер мен жастардың денсаулығын құтайтуға бағытталған «Самал» бейімдеу орталығы» мүгедектердің қоғамдық бірлестігіне демеушілік көмек көрсетті. Биыл Павлодар, Жезқазған, Петропавл қалаларындағы «Сәби үйі» мемлекеттік мекемелеріне, «Шымкент мамандандырылған сәби үйі» ММ, Қарағанды облысы білім басқармасына қарасты «Құлыншақ» Балалар үйі» ММ ақшалай – бір миллион теңгеден қолғабыс жасады. Соның арқасында аталмыш мекемелерде тәрбиеленіп жатқан ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар жүзіне күлкі үйірілді. Олардың отбасылық бақытқа ие болмаса да тұрмыстарының оң түзелуіне қолғабыс жасалды. Және мұндай қайырымдылық істер болашақта да жасала бермек. Сол секілді түрлі табиғи апаттардан зардап шегіп, қара жамылған аймақтарға да игілік нұрын сеуіп келеміз. Ешбір орган мұндай адамгершілік жомарттыққа итермелеп отырған жоқ, бұл компанияның ортақ шешімімен жүзеге асырылады.
- Биылғыдай егемендіктің мерейлі жылы қазақстандықтарға қандай тілегіңіз бар?
- Жасампаздықты ту еткен Тәуелсіз еліміздің тартуы табысты мұнай тасымалы болғаны даусыз. Экономикалық-әлеуметтік өрлеуге бел буған Қазақстанның әлі де бағындырар биіктері аз емес. Оған жетуде «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы ұжымы да аянып қалмайды. Тағылымға толы тарихи жылдарды артқа тастадық, алайда «Азия барысы» атану жолында жаңа даму соқпақтарын бетке алғанымыз анық. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыра түсетін сындарлы жылдар болары түсінікті. Межелі мақсатқа жету жолына қатысатын мұнай құбыршылар да өздерін бақытты санайды. Себебі олар мемлекетіміздің іргесін қаласуда. Болашақта бірігіп алар асуымыз айшықты боларына сенім зор. Барлық қазақстандықтарды айтулы Тәуелсіздік тойымен барша мұнай құбыршылар атынан құттықтаймын. Мерекелі де берекелі күндеріміз көп болсын!
- Әңгімеңізге рақмет.
Категория: Әлеуметтану, Саясаттану | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 4069 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии