Сегодня 26.04.2024
Казахстанское время 07:43
Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында кем дегенде 20 қаланың байырғы атауын қайтарса…
27.11.2011, 18:12
Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жарасбай аға, сіз Мағжан Жұмабаевқа қатысты үлкен еңбектер жазып, көптеген зерттеулер жүргізген жанның бірісіз. «Мағжан әлемі» деген кітабыңыз да шықты. Жалпы, ақынның қаза болған жылына байланысты даулы мәселелер көп. Осыған дейін оқып келген оқулықтарда «Мағжан 1938 жылы атылды» делінсе, атыраулық Абдулла Әбдiрахманов деген қарт 1948 жылы Магадандағы сталиндік лагерьде Мағжан Жұмабаевпен бірге болғанын айтады. Жақында елімізден «Жас Алаш» газетінің редакциясы бастаған бір топ делегация Магаданға барып қайтты. Олар Мағжанның 1938 жылы атылғанына сенгісі келмей, 1948 жылға дейін тірі болғанын алға тартады. Бауыржан Момышұлы да 1948-50 жылдары Мағжанды көріпті деген әңгімелер бар. Бұған сіз не айтар едіңіз?

– Бұл арада кесімді пікір айту қиын. Жалпы, өз басым Мағжанның өмірі мен шығармашылығы толықтай зерттелді деп айта алмаймын. Мағжанның халыққа жетпей жатқан құпия сырлары өте көп. Ақынның өміріне қатысты осындай әңгімелердің көтерілгенін мен де естідім, баспасөз беттерінен де оқып жатырмын. Жалпы, Мағжанның өміріне, шығармашылығына қатысты жайлардың барлығын әлі күнге дейін қарап, қадағалап, жиып-теріп отырамын. Осы мәселені естігенде іле-шала «Жас Алаш» газетінің тілшісіне телефон шалып, бұл мәселені кім айтты, қашан айтты деп, анық-қанығын білмек болдым. Ондағы ниетім, мүмкін, шын мәнінде назар аударатын, ілгешек болатын деректер табылып жатыр ма деген ой еді. Бірақ ол кісі маған тұшымды еш нәрсе айта алмады.

Жалпы, бұл мәселені үзілді-кесілді олай емес деп айту да дұрыс емес шығар. Өйткені біз Мағжанның қай жерде атылғанын, қай жерде жатқанын нақты білмейміз. Әрине, ақынның жатқан жері табылып, басына ескерткіш қойылып жатса, өте құптарлық іс болар еді. Бірақ өз басым «Мағжан 1938 жылы атылған жоқ» дегенге сеніңкіремеймін. Бауыржан Момышұлының әңгімесіне келер болсақ, менің білуімше, ол кісі жазып, ештеңе қалдырмаған. Ал егер Баукеңнің қолында сондай деректер болса, Мағжанды, расымен де, кезіктірсе, Баукең оны көзі тірісінде-ақ жазып, айғайлатып айтып кетер еді. Сондықтан да осы жағы маған күмәнді секілді көрінеді. Бұл – бір.

Екіншіден, Атырау облысындағы Абдулла Әбдiрахманов ақсақалдың да «Мағжанмен Колымада бірге отырдым» дегеніне сене алмай жүрмін. Өйткені бұл кісінің жасы қазір тоқсанның үстіне шығыпты. Егер 1948 жылы Мағжанмен бірге отырса, Мағжан ақталып, ол туралы әңгімелер республика деңгейінде көтеріліп, бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды, сол кезде ол кісі қайда болған? Неге ақынмен бірге болғанын айтып, оның 1938 жылы атылды дегеніне қарсы уәж айтпаған? Міне, менің көңілімде осындай сауалдар туындайды.

Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде көп жылдар бойы жұмыс істеген, Сәкеннің өмірі мен еңбектерін терең зерттеп жүрген азаматтың бірі Амантай Кәкен деген қаламгер ағамыз маған Сәкен Сейфуллин туралы кітабын сыйға тартты. Кітап деректі жанрда жазылған екен. Толықтай оқып шықтым. Сондағы бір қаулы менің назарымды аудартты. Сол қаулы бойынша қуғын-сүргін заманында ату жазасына кесілген зиялыларды шешім шығарылғаннан кейін бірден атып тастап отырған екен. Яғни қаулы бойынша шешім шыққаннан кейін оларды түрмеде аз уақыт та ұстамай, үкімді бірден жүзеге асырған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы құжаттармен танысқанымда «Мағжан 1938 жылы наурыздың 16-сы атылған» деген деректі көрдім. Сонда осындай қаулыны орындамауға кімнің пәрмені жетеді деп ойлайсыз? Менің ойымша, осы қаулы күшіне еніп тұрғанда Мағжанның да тағдыры ол қаулыдан айналып өтпеді. Басқаларды іле-шала атып тастап, Мағжанға келгенде басқаша шешім қабылдау мүмкін емес секілді көрінеді.

– Мағжан Жұмабаевқа қатысты көркем фильм түсіру туралы ұсыныспен Үкіметке шықпадыңыз ба? Алдымызда ақынның 120 жылдық мерейтойы келе жатыр. Егер фильм түсіріп жатса, бұл ақынның мерейтойына тамаша тарту болар еді…

– Парламент қабырғасына келгеннен кейін Мағжанның халқына сіңірген еңбегіне сай құрмет көрсетілмей жатыр деп Үкіметке сауал жолдадым. Онда Мағжан еңбектерін көбірек насихаттау, шығармаларын қайтадан басып шығару, ақын туралы фильм түсіру, ол кісіге Астанада ескерткіш орнату мәселелерін көтеріп хат жаздым. Хатыма жауап келді, бірақ көңілім толған жоқ. Хат сол баяғы осыған дейін анадай кітабы шықты, мынадай кітабы шықты, өйттік-бүйттік деген мазмұнда жазылған. Сонымен бәрін тындырып тастағандай болыпты.

Мағжан – халқына еңбегі сіңген, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған азамат. Сондықтан Тәуелсіз ел болған кезде ондай азаматтарымызды, ақындарымызды ұмытпауымыз керек. Әлі де болсын біз асыл мен масылдың арасын ажырата алмай жатқан жағдайымыз бар. Кейде өзіміздің сондай құндылықтарымызды бағалай алмай жатамыз.

Мағжан туралы түсірілген фильм бар. Бірақ ол ертеректе түсірілген. Оны көріп жатқан ешкім жоқ. Біз елдің иесі болатын жастарды Мағжанның рухында, өнегесінде тәрбиелеуіміз керек, бізде ол да жоқ. Ал Мағжанның 1988 жылы тапшылық кезінде шыққан жинағы жұртқа баяғыда таралып кетті. Сондықтан Мағжанның еңбектерін қайтадан басып шығаратын уақыт келді.

– Ресейде еліне, әдебиетке еңбегі сіңген тұлғаларға фильм түсіру жақсы жолға қойылған. Олар Сергей Есенинге, Федор Достоевскийге, Лев Толстойға, Михаил Лермонтовқа арнап көркем фильмдер түсірді. Ал бізде бұл мәселе әлі де болсын қолға алынбай келеді. Бізге де осындай дәстүр қалыптастыру қажет дейсіз ғой…

– Сабақтастық деген болу керек. Бізде Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов сынды тұлғалар баршылық. Онша көп те емес. Осындай зиялыларымызды өз деңгейінде құрметтей алмасақ, бүгінгі ұрпақтың санасына солардың болмысын сіңіре алмасақ, біз көп нәрседен ұтылып қаламыз. О дүниелік болып кеткен азаматтарға ештеңе де керек емес. Бұл шаруа елдің келешегі үшін қажет. Ал осыны жолға қоя білген елдер өте дұрыс істеп отыр. Олар тарихтың желісін үзбей сақтап келеді. Бүгінгі ұрпақ кешегі ұрпақпен сабақтасып жатыр. Бізге сондай көзқарас қалыптастыру қажет.

– Бізде бұл шаралардың бәрі экономикамызды дамытамыз деп жүргенімізде соның көлеңкесінде қалып қойып жатқан секілді.

– Экономиканың да дамығаны керек-ақ. Бірақ руханият экономиканың алдында жүруі қажет. Алдында жүрмесе де, пар жеккен аттай тең жүруі тиіс. Ең әуелі экономиканы көтеріп алып, сосын руханиятты көтереміз деуге болмайды. Қоғамның қозғаушы күші – руханият, сана-сезім және болмыс. Кей жағдайда экономиканың өресі жетпеген мәселелерді руханият шешіп жатады. Өкінішке қарай, көбіне осы мәселені ескермей жататын кездеріміз бар.

– Жақында Астанада Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол жиыннан бірде-бір министрдің қарасын көрмедік. Неге екенін білмейміз, бүгінгі таңда Алаш деген сөзге көзқарас түзу емес секілді көрінеді. Мәселен, Астанада Әлихан Бөкейхановтың әлі күнге дейін бірде-бір ескерткіші жоқ. Одан қалса, сол конференциядан да естіп жатқан боларсыз, Әлихан Бөкейхановтың жеті томдық шығармалар жинағын шығаруға да құлықсыз болып отырмыз. Алаш арыстарына арнап саяжол ашамыз деп едік, ол да ескерусіз қалып бара жатқан секілді. Осының бәрін қарап отырып, не себепті Алаш деген мәселеге келгенде кертартпалық байқалады деген ой туады…

– Бұл – көптеген азаматтарды ойландырып, кәдімгідей тұйыққа тіреп жүрген сауал. Алаш арыстарының барлығы да – елінің көсегесін көгертемін деп жанын пида еткен азаматтар. Солардың алдында біз борыштымыз. Олардың аңсаған арманы жүзеге асып, тәуелсіз ел болып отырмыз. Осы кезде біздің басты міндетіміз соларды ұлықтау болуы керек. Соларды ұлықтасақ, көп құндылықтарымызды пайдаланған болар едік. Алаш арыстарының еңбектері әлі күнге дейін толықтай жарық көрген жоқ. Ол еңбектердің көбісі осы уақытқа дейін маңызын жойған емес. Соларды жарыққа шығарсақ игі еді. Сонымен қатар ескерткіштерін де Астананың төріне жарқыратып орнатса, жастарымыз көріп, қызығушылық танытпай ма? Болмаса да ұқсап бағып, өмірге деген көзқарастары өзгерер ме еді? Соның бәрін пайдаланбай тұрып, «біздің жастарымыз теріс жолға түсіп алды», «батысқа құмартады» деп көпіреміз. Меніңше, бұған ұлттық құндылықтарымызбен сусындауға мүмкіндік бермей отырған өзіміз кінәліміз.

– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы келе жатыр. Атаулы мереке, сіздіңше, қандай реңкте болуы керек? Мәселен, VII қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатын ауыздың суы құрып айтатындай дәрежеде өткіздік. Небір жаңа технологияларды шетелден әкеліп, сол технологиялардың керемет мүмкіндіктерін пайдаландық. Жалпы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында да осындай тосын сыйлық күтуге бола ма?

– Тәуелсіздік – шын мәнінде, біздің еліміз үшін өте ерекше мереке. Бірақ маған қалай аталып өтетіні маңызды емес. Маған осы мереке шеңберінде қандай іс тындырылады – сол маңызды. Осы мәселеге байланысты жылдың басында депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Онда бірқатар тындырылуы қажет істерді атап өттім. Оның ішінде орысша аталып кеткен жер-су аттарын қалпына келтірсек, тілімізге қатысты мәселелерді шешіп алсақ деген ойларымды Үкіметке жеткіздім.

Жалпы, жақсы істер жасалып жатқанын да айтпасқа болмайды. Мәселен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 игі іс дегендей, Оңтүстік Қазақстан облысында 20 мың ағаш көшеті отырғызылды. Осы секілді біз білетін және білмейтін бастамалар бар. Маған бәрінен де осындай шаруалар пайдалы секілді көрініп тұрады. Әрине, салтанат, той болуы керек. Бірақ тойдың негізгі сипаты ақша ысырап қылып сырттан біреулерді шақырып, әлем-жәлем қылу емес. Біз сол тойдың үстінде қазақ осы уақыт аралығында не нәрсеге қол жеткізді, қандай биікке көтерілді, мәдениетіміз қалай дамыды, халықтың рухани-мәдени әлемі қаншалықты өсті, соны көрсетуіміз керек. Өзіміздің қолда бар құндылықтарымызды бүкіл әлемге паш етуіміз қажет.

– Жоғарыда өзіңіз Тәуелсіздік шеңберінде атқарылатын шаруалар маңызды деп айтып өттіңіз. Осыған орай бір сұрақ туып тұр. «Петропавлды Қызылжар деп ауыстыру қажет» деп алғаш депутаттық сауал тастаған – өзіңізсіз. Бұған қарсы шыққан әріптестеріңіз де табылды. Нәтижесі қалай болады деп ойлайсыз? Қызылжар деп атауға кімдер кедергі, не кедергі? Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойында Павлодар – Кереку, Петропавл – Қызылжар болып жұртқа тарту болса, нұр үстіне нұр болар еді ғой.

– Ономастикаға қатысты мәселелер, кейбіреулер ойлап жүргендей, жеңіл мәселе емес. Қазір қарап отырсаңыз, Қазақстанның көптеген аймақтарында кеңес кезінен, тіпті патша заманынан бері келе жатқан атаулар бар. Бұл деген біздің әлі күнге дейін отарлау саясатының бодауынан шыға алмай келе жатқандығымызды көрсетеді. Мұның өзі әрі-беріден соң санаға әсер етеді. Егемен ел болдық деп тарихымызды айта бастаған кезде осындай мәселелер сөзіміздің еңсесін басып тұрады. Сондықтан да осындай үлкен мәселелерді мереке қарсаңында шешкеніміз дұрыс.

Петропавлдың ежелгі аты Қызылжар болғаны ешқандай дау тудырмайды. Оған деректер де жеткілікті, барлық жағынан да дәлелденген. Мен оны аяқастынан ұсыныс еткен жоқпын. Оны «Алаш айнасы» газетіне сұхбат бергенде де айтқан едім, сіздер оны «Петропавлдың Қызылжар аталатын мезгілі жетті» деп тақырыпқа шығарып жариялаған едіңіздер. Сол кезде бұған қатысты ешкім ештеңе деген жоқ. Бір ауыз қарсылық сөз де айтылмады. Халықтың арасында да бұл мәселені айтып жүргенімде ешқандай наразылық болмады. Ал Парламент қабырғасында депутаттық сауал арқылы көтерген кезде азғантай топ кәдімгідей бұл мәселеге қарсы жұмыс жүргізді. Олар көп те емес. Олардың кімдер екенін халық та біледі. Міне, солар біздің егемен ел ретінде істеп жатқан істерімізге іштарлық жасап, мақтанарлықтай дүниелерді ортаға жайып салып жатқанда, кәдімгідей қабақтары түсіп, ұнатпай отырады. Петропавлдың Қызылжар атануына қарсы болған – солар ғана. Міне, осындай ат төбеліндей ғана топтың қарсы шыққанын көргенде, неге екенін білмеймін, біз ылғи бұға қаламыз. Баяғы кеңес заманынан қалған осындай жаман қасиетіміз бар. Өзіміздің егемен ел екенімізді ұмытып, солардың ығында кетеміз. Қызылжар мәселесінде де солай болды, әйтпесе шешілетін мәселе еді. Ал, негізінен, халықтың бәрі Қызылжар атауының қайта келуін қалап отыр. Тәуелсіз ел болғаннан кейін, мемлекет құрушы ұлттың саны 60 пайыздан асқаннан соң осындай мәселелерде біреуге жалтақтағанымыз дұрыс емес, әрине.

Мұндай проблемаларды қайтсек те шешуіміз керек. Мен жаппай бірден шешіп тастасын деп айтпаймын. Мәселен, биыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында әрбір қалада, әрбір ауданда кем дегенде 20 қаланың байырғы атауын қайтарса, әрбір қалада, әрбір аудан орталығында ең кемі 20 көшенің атауын қазақшаға ауыстырса, міне, осылай сатылап жұмыс істегенде біраз жұмыстар атқарылар еді.

Жалпы, өз басым Петропавл атауының болашақта Қызылжар деп ауысатынына сенімім зор. Бұл – бүгін болмаса да, ертең істелетін жұмыс. Бірақ оны соза бермей тезірек шешкеніміз дұрыс. Өйткені ол халықтың санасына әсер етеді. Өзіңіз ойлаңызшы, Петр мен Павел деген апостолдарды он орайтын тұлғаларымызға осындай құрмет көрсете алмай отырғанымызды қалай түсінсек болады?

– Конституциядан орыс тілін мемлекеттік тілмен қатар қолдану туралы тармақшаны алып тастау жөнінде әңгіме болғанын білесіз. Сіз бұл ұсынысты қолдайсыз ба? Қазақ тілі мұндай жағдайда өркендей ме?

– Қазақ тілі – көптен бері айтылып, жазылып келген мәселе. Былай алып қарасаң, өз тілімізді мемлекеттік тіл деп жариялап, оны өз тұғырына қондыра алмай қорлық көріп келе жатқанымыз – ұят нәрсе. Әлі күнге дейін тіліміздің қолданыс аясы тар, ешкім қажетсініп отырған жоқ. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін берсек те, сол мәртебеге ие бола алмай келеміз. Сондықтан мен осы мәселені көтеріп жүрген азаматтарымызды қолдаймын. Өйткені бұл мәселені айтпасақ, жазбасақ болмайды. Біз қайткен күнде де тәуелсіз ел болғаннан кейін өзіміздің мемлекеттік тілімізді өз деңгейінде көтеруіміз керек. Әрине, 20 жылдың ішінде атқарған шаруаларымыз жоқ емес, бар, бірақ жеткіліксіз. Соған қанағаттанып, тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Менің ойымша, уақыты келген кезде Конституцияның 7-бабы, 2-тармағы алынып тасталады. Осыған ақырындап келе жатырмыз. Заң да, заман да өзгереді. Ал зиялыларымыз бұл тармақты қазір алып тастауды талап етіп отыр. Түсінген адамға оның уақыты жетті деуге болады. Арқаны кеңге салып, шыдай берейік деп жүре беруге болмайды. Біз көнбіс халықпыз, осыны пайдаланып, қазақ тіліне қарсы жандар да иығымыздан басуда. Біздің санамыз өзгергенше, өзге ұлт өкілдерінің де санасы өзгеруі қажет қой. Олар мемлекетті, мемлекеттік тілді, мемлекет құрушы ұлтты құрметтеуі керек. Мемлекет оларды онсыз да төріне шығарып отыр. Оларға қазақ ұлтынан кем жағдай жасалып отырған жоқ. Қайта оларға қарағанда өзіміздің тіліміз қорлыққа ұшырап отыр. Бұған ашынасың ба, жоқ па?

– Өткен аптада Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан күнін, яғни қазанның 2-сін мемлекеттік мереке етіп атау туралы ұсыныс айтқан еді. Бұл ұсынысты екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев қолдамайтынын жеткізді. Ал сіз ше?

– Мен, жалпы, Ғани Қасымовтың көп ұсыныстарын қолдай бермейтін адаммын. Айтқандарының көбісі көңіліме қонбайды. Бірақ дәл осы ұсынысын мен қолдаймын. Өйткені біз тәуелсіз ел ретінде өз тарихымызды жазып жатырмыз. Тәуелсіз болып қалыптасуымыз үшін біз бодандық кездегі көп нәрседен бас тартуымыз керек. Біз ғарыш елдерінің қатарындамыз, жеке ғарыш айлағымыз, тұңғыш ғарышкеріміз бар. Сондықтан да неге біз тарихымызға алғашқы ғарышкеріміздің ғарышқа самғаған күнін мереке деп енгізбейміз? Сол баяғы Гагариннің ұшқан күнімен қашанғы жүре бермекпіз? Бұл – әлі күнге дейін бодандық бұғауынан босай алмай жүргендігіміздің көрінісі. Санада сілкініс болуы керек емес пе? Өз тарихымызға қатысты дүниелерді ешкімнен қорықпай, ешкімге жалтақтамай енгізуіміз керек. Бұл арада Талғат Мұсабаевтың неліктен қарсы болып отырғанын білмеймін. Бірақ қарсы болатындай реті жоқ. Мұны қолдау керек те, мереке күні етіп енгізіп, мақтанышпен айтып жүру қажет.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ…

Біз ұлттық құндылықтарымызды бағалап, халықтың игілігіне жарата білуіміз керек. Оның ауқымы өте кең. Ұлы даланың төсіне ұлы мемлекет құрамыз десек, Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығына, солар қалдырған мұраға көп арқа сүйеуіміз керек. Соны басшылыққа ала отырып өмір сүріп, бүгінгі ұрпақты сондай еркіндік рухында тәрбиелеу қажет.
Категория: Әлеуметтану, Саясаттану | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 5175 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии