Сегодня 24.04.2024
Казахстанское время 07:35
Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану

Нәбижан БӘЙТЕКОВ: Желтоқсанда туғанмын
27.11.2011, 15:51
Иә, мен сол айда туғанмын. Ай атымен аталған көтерiлiс туралы айтылса, ерiксiз елең ете қаламын. Тұла бойым түршiгедi. Бәлкiм, мен ғана емес, сол бiр ызғарлы күндер қасiретiн көзiмен көрген және өзiн қазақ санайтын әркiм-ақ сөйтетiн шығар…
…Иә, ол кезде Алматы сәулет-құрылыс институтында ұстаздық қызметте жүрген едiм. Бiр күнi тұмауратып қалдым да, жұмыстағылардың ақыл-кеңесiмен, өмiрiмде алғаш рет емханаға бардым. Шишкина деген дәрiгер, аты-жөнi есiмде жоқ, үйде жатып емделу қажеттiгiн айтып, қағазы мен қажеттi дәрмектерiн жазып, Фурманов пен Гоголь көшелерiнiң қиылысындағы орталық дәрiханаға жiбердi. Емханадан шыға берiсте тiркеу бөлiмiндегi екi орыс келiншегiнен жаныма жайсыз тиетiн әңгiме естiп қалдым. «Ресейден Колбин келдi… Билiктен Қонаев кеттi»…Содан дәрiханадан шығып, Горный Гигантқа баратын №2 автобусқа отырып, алаң тұсынан өткенде, жиналып тұрған адамдарды көзiм шалды. Қазiргi мемлекеттiк мұражай тұсындағы аялдамадан түсiп, алаңға қарай беттедiм. Жан-жақтан жиналып, абыржыған кейiптегi көкейiнде сұрағы мол топқа мен де қосылдым. Бұл күндiзгi сағат 12-лер кезi едi. Адамдар үстi-үстiне келе бастады, қарамыз көбейдi. Ашынған елдiң бәрiнiң аузында бiр-ақ сауал: «Неге бүйтедi? Қазақ халқынан елiмiзге иелiк ететiн бiр бөрiктiнiң табылмағаны ма?..» Осы сауалдардың арасында, тiптi тарих парақтары да қозғалып, отыз жетiнiң ойраны да айтылды. «Қолынан бiрдеңе келер, себi тиер» деген үмiтпен, өкiмет басындағы немесе танымал тұлғалардың да iшiндегi көптеген есiмдер аталып, солардың мiнбеде бой көрсетулерiн сұраған жастардың алапат екпiнi мұндай қатты болар ма?! Билiк басындағы танымал адамдардың талайы келдi… Тiптi, өнер қайраткерлерi арасынан Роза Бағланова апамыз да жүрдi, жылап сөйледi. Ел бiр бұлқынса, қиын екен…
Халықтың көбеюiне орай, үстi-үстiне көбейген әскер мен полиция қызметкерлерi үкiмет үйi жағын толығымен жаба бастады. Алғашқыдай емес, мiнбеге шығып сөйлеу де қиындап, араға келген елшiлерi «тараңдар, қайтыңдардан» басқа мандытып ештеңе айта алмады.
Алаң мен Үкiмет үйiнiң арасы бiршама қашық жер. Алаңдағы айғай-шуға билiктегiлер қатты елеңдеп, тек терезеден қарап, бақылаумен шектелдi. Содан-ақ олардың қандай күйде, қандай үрейлi ойда болғаны түсiнiктi едi. Сол себептi, арамыздан бөлiнiп, билiкпен келiскiсi, кеңескiсi келгендерге де мүмкiндiк жасалмады. Есесiне, түс ауа ерекшеленiп, қаттырақ ашына сөйлегендердi, ретi келсе, ұстап алып әкетпек әрекеттерiн ашық iске асыра бастады. Қақтығыстың басы да осыдан басталмады ма?!
Кеш батпай-ақ каска киiп, қалқанмен қорғанып, таяқ ұстаған әскерлер Үкiмет үйiне қарай өте алмайтын берiк бекiнiс жасап алды. Мұндай көтерiлiс, қозғалысты тек шет мемлекеттерден көрiп, естiп-бiлгенiмiз болмаса, дәл осындай болады деп кiм ойлаған? Бәрi аяқ астынан шыққан өрт сияқты тұтанды да кеттi ғой…
Кiм кiнәлi? Бұл – әлi күнге дейiн жауабы жоқ сұрақ. Менiң анық бiлетiнiм – бұған қазақ халқының кiнәлi еместігі! Мен де кiнәлi емеспiн! Себебi мен өз елiм, өз жерiмдемiн. Ендеше, оның абырой-намысын неге қорғап қалмасқа? Ендеше, жер атын, ел атын иеленген халықты басынуға кiм ерiк бердi? Ар қайда, намыс қайда? Егер осындайда үнсiз қалсақ, онда ата-баба аруағы алдында мәңгiлiк қарабет болмаймыз ба? Келер ұрпақ бiз туралы не дейдi?..
Қақтығыс кешқұрым үдей түстi. Алаң көркiне тiгiлген әдемi ағаштар жастардың қолындағы қаруға айналды. Ол аз ба, алаңдағы үйлердiң астыңғы қабаттарын әрлеген мәрмәр тастар қирады…
Мен тұратын пәтер иесiнiң бiр баласы бiздiң институтта оқыған. Сол жiгiт әпкесi және iнiсi үшеуi бiрге жүрдi. Мен олармен қақтығыс кезiнде бiрнеше дүркiн кезiгiп қалдым. Көп iшiнен бойы сораңдап жүрген студентiм Нұржекенi де жазбай таныдым. Ол бiраз жыл еңбек етiп, әбден есейiп барып оқуға түскендердiң қатарынан болатын. «Мәссаған, Нәке, мынау сiз бе? Шынымен, сiзсiз бе?» – деп таңданыс бiлдiрiп жатыр.
Алаңға келген қалың көптiң iшiнен Әзербайжан Мәмбетов пен Тұңғышбай Жаманқұлов екеуiнiң бүгiнгi Желтоқсан көшесi жақтан кiрiп, ортаға қарай беттегенi есiмде қалыпты.
Әскерилер алаңдағы елге лап қойып, шетiнен ұстап жатты. Сондай бiр қақпақылда мен де қолға түстiм. Бiрақ артынша шабуылға шыққан топ қақтығыс арасындағы менi құтқарып алып қалды. Бiраз тепкiге түскен менiң бет-аузымды қан жауып тұр едi. Әсте, студент қыздар болуы керек, төрт-бесеуi келiп қазiргi Тәуелсiздiк ескерткiшi артындағы тас бөгетке жатқызып, бетiмдегi қанды орамалдарымен сүрткiледi. Қолдарынан келген көмектерiн жасап, содан соң үйлердiң арасымен кетiп қалуымды өтiндi. Қазақ радиосы алдына бара бергенiмде, қазақ милиционерi: «Ары барма, ұсталасың», – деп менi кiдiртiп қалды. Үстiм – су, ол мұз боп қата бастаған. Бет-аузымның қаны шығып тұрса керек. «Мына түрiңмен көрсе, алып кетедi» деп, радио үйiнiң жертөлесіне түсiрдi. Рұқсатсыз шықпауымды өтiндi. Бiраз жылынған соң кетейiн деп едiм, «сәл шыда, КГБ-дан адамдар келдi, көзге түсiп қаласың» деп тағы да күттіріп қойды. Артынан ол жiгiт менi «ендi үйге қайт» деп, Байланыс техникумының жаңа құрылысы жүрiп жатқан жерге дейiн шығарып салды. Ұзын шұңқырдың басқа жағынан шығып, ҚазПТИ жатақханаларының ортасымен Никитин көшесiнде тұратын ағайымның үйiне келдiм. Олар бетiме үрпиiсе қарады. Шешiнбеген қалпымда «алаңда қиын боп жатыр, көздерiңмен көрiңдер» деп үйдегiлердiң бәрiн ертiп, тiптi жеңгемiздi де қоса iлестiрiп, Сәтбаев пен Мир көшесiне дейiн алып келдiм. Алаңдағы алаулап жанған машиналарды көрдi. Жарқылдаған прожектор жарығы көз қарықтырды… Айқай-шу, шыңғырған дауыстар… Қысқасы, жан түршiктiрер көрiнiстер бойларына үрей ұялатқан шығар, үйлерiне қайтып кеттi. Мен де пәтерiме қарай жылжыдым.
Ертеңгiсiн алаңға қайта келдiм. Әл-Фараби жағынан кiргiзбедi, айналып қалалық МАИ басқармасы жағынан түсiп, Тимирязев көшесiмен қозғалып, алаңға қарай жылжыдым. Мен дiттеген жерiме жеткенде, он шақты милиционер көшенiң арғы бетiмен бiреудi қуалап кеттi. Телеорталықтың сырт жағынан өтпек болып барлау жасап тұрсам, әлгi сақшылар маған қарай жүгiрiп келе жатыр. Iшiндегi жез мұртты бiреуi менi танығанын, кеше алаң ортасынан әлденеше рет көргенiн айтты. Сол арада ерлi-зайыпты екi жас келе қалып, оларға дүрсе қоя бердi. Содан екеуiн төмен сүйрелеп, алаңға қарай ала жөнелдi.
Менi қоршап тұрғандар тымақтарының құлақ бауын түсiрiп, қандарын iшiне тартып алған. Институттың мұғалiмi екенiме сенбей, жұмыс куәлiгiме пысқырып та қарамай, кезекшiлiкке бара жатқанымды құлақтарына қыстырмай, қызылкөзденген бiреуi: «Өтiрiктi соқпа, кешеден берi мен сенi әбден танып алдым», – деп қолындағы сойылмен басымнан бiр-ақ ұрды. Жылымық қан мойнымды қуалап, жейдеме тама бастады. Қалғандары да қарап қалмай, жабыла тепкiнiң астына алды. Содан қалай шыдайын, тәлтiректеп барып құлап түстiм. Бетiмдi қорғаштап, басымдағы тымағымды қос қолдап қысып, етбеттеп жаттым. Әбден тепкiледi. Қанша дегенмен адам баласы емес пе, «тоқтаңдар, өлдi ғой» деп, ара түспек болған екi қазақ милиционерi де боқтау естiдi. Содан сүйреп апарып тастаған шұңқырда қанша уақыт жатқанымды бiлмеймiн, орнымнан тұрып, тағы да алаңды бетке алып бара жатқанымда, әлгi топқа қайта тұтылдым. «Мынаның жаны сiрi екен» деп, соққының астына алған күйi Үкiмет үйiнiң Мир көшесi жақ қапталында қаптап тұрған әскер топтарына әкеп, «добивайте и выкиньте куда-нибудь» деп, жөндерiне кеттi. Екi солдат екi аяғымнан тартқылап, құдды өлексе сүйреткендей дырылдатып, сырты шынылы телевизия үйiнiң алдына әкелдi. Шалқамнан жатырмын. Төңiрегiме қарасам, өзiм жұмыс істейтін ААСИ-дiң мұғалiмдерi сол жердi қоршап тұр екен. Бiздiң институттың мұғалiмдерi күзеткен маң болды бұл. «Солардың арасынан бiреуi болмаса, бiреуi құтқарар» деген ой қылаң еттi. Жақын жерден және көбiрек көргенiм Атрушкеевич едi. Қолында – сойыл, мал қайырғандай, жасы мен жағдайына қарамай, бәрiн үйiрiп тұр. Қазақта алынбаған өшi бардай, түрi жаман. Жанасып кеткендерiн таяғымен аямай салып қалатындай жасқап қояды. Менi де бұзақылардың бiрi деген шығар, тiптi көз қиығын да салмады. Жанымнан әлденеше дүркiн әрлі-берлi өттi. Сол кезде менi анық танып, жаны ашып, көмектесуге ұмтылғандардың бiрi Глаудинов Бекрим Абакович едi. Алайда ол да Атрушкеевичке қарайлады. Нұрлан Қанағатов та жаныма жолай алмады. Өздерiн бiреулер қас қақпай жiтi қадағалап отырса, қасыма қалай келiп хал сұрасын?!
Солдаттар менi сүйрелеп апарып, сол жерде тұрған ППМ автобусының артқы орындығына лақтырып тастады. Алған ауыр соққылардан соң аяғымнан тұратын хал жоқ едi. Сол жерге менi апарғанда Ұлы Отан соғысының ардагерi, философия кафедрасы бөлiмiнiң меңгерушiсi Жаманқұлов Сабырғали ағай iлесе кiрдi. Шалқамнан жатыр ем, қалтасынан бет орамалын алып, бетiмдегi қан дақтарын сүртiп тұрып: «Айналайын, сенi босатуға бiзде дәрмен жоқ. Әркiмдермен сөйлестiк, ешқайсысы ыңғай бiлдiрмедi. Бәрiмiз КГБ-ның назарындамыз. Қайтейiн, жағдай осылай болып тұр. Күйзелме, күйiнбе, өзiңдi бекем ұста. Түбi жақсы болады», – дедi. Талай қасiреттi бастан кешкен адам емес пе, шығып бара жатып артына бiр бұрылып қарады да, жұдырығын түйiп қоштасты.
Автобуста құр жатпай айналама қарап едiм, көзiм тағы да Атрушкеевичке түстi. Қолында – сойылы, шiренiп тұр. Қалған мұғалiмдер амалдың жоқтығынан ғана шыққан секiлдi кейiпте…
Автобус қозғалды. Iшi лық толы адам. Мен артқы орындықта ұзынымнан сұлап жатырмын. Бәлкiм, менен де ауыр күйдегiлерi бар шығар. Бiрақ оларға қарайтын жағдайда емес едiм. Бiздi Фрунзе ауданының милиция бөлiмiне әкелдi. Ондағылар «орын жоқ, Московскийге апарыңдар» деп, бiздi сонда жiбердi. Содан Баянауыл көшесi бойындағы барак типтес үйдiң алдына түсiрдi. Сол жерден кiрер есiкке дейiн дәлiз арқылы өттiк. Бейнебiр мал қамағандай қақпайлап, ұрып-соғып, тепкiлеп, әйтеуiр iшке кiргiздi-ау. Сырт киiмдерiмiздi шешiндiрiп, қалтамызда ештеңе қалмауын талап еттi. Аядай бөлмеге жиырмадан астам адам қамалдық. Тарлығы сондай, түрегеп тұрдық. Таяқ жегеннен құтылған соң ба, соның өзi бiзге жұмақтың төрiндей көрiндi. Күзеттегi екi қазақ милиционерiнің жандары ашығанмен, қолдарынан келер дәрменi жоқ. Аздан кейiн шетiмiзден тергеуге шақыра бастады. Айдаумен бiр-бiрлеп әжетханаға барып қайттық. Соның өзiнде кезекшiлiкте жүрген өзге ұлт өкiлдерi жұдырықтап алады. Қайтерсiң, амал жоқ, бәрiне көнуге мәжбүрмiз. Не керек, кезектесiп тергеуден өтiп шықтық. Кейбiрiмiздi басқа жаққа ауыстырып жатты. Арақ пен нашақорлыққа сараптама жасау үшiн тексердi, оңымыздан, солымыздан тұрғызып, суретке түсiрдi.
Бұл желтоқсанның 18-iне ауған түн едi. Менiң тергеушiм – Шаламов деген орыс азаматы. Өзгелерге қарағанда өңi жылы және келбетiнен оқыған, тәрбиелi отбасынан шыққан мәдениеттi адам екенi көрiнiп тұрды. Содан да көңiлiм кiшкене орнығайын дедi. Жасым сол уақытта отыз екiде болатын. Жанымдағылардың көбi – студент жастар. Олардай емес, екi ұлдың әкесiмiн, бәрiнен де маған сол жағы қатты батты. Кiшкентайларым үшiн аман-есен шығу маған ауадай қажет едi…
Қамауға түскеннен бастап алаңға қалай келгенiм, қалай ұсталғаным жайында не айтып, не қоярымды әбден пысықтап алғанмын. Болғанды болғандай етiп айтсам, онда құрығаным. Сондықтан мұғалiм екенiмдi, алаңға кезекшiлiкке келе алмай сыртта ұсталғанымды айтып, милиционерлер ұшырасқан жерде ұстап әкеткенiн мүдiрмей баяндап бердiм. Обалы нешiк, тергеушi жiгiт орыс дейтiндей емес, қазбалаудың орнына «қалай етiп жазсақ дұрыс шығады» деген ниетiн жасырмады. Бұдан кейiнгi тергеулерде сөзiмнен жаңылыспау үшiн айтқандарымды ойда сақтап, барлық уақытта дәл солай, өзгерiссiз айтуымды ескерттi.
Бiздi қамаған бөлмелер өте тар едi. Қабырғасы қалың кiрпiштен соғылған, төбесi – биiк. Жақын жылдары ғана босап, аудандық Iшкi iстер бөлiмiне берiлген барактар. Сол жерге таяу маңда бiр кездерi пәтерде тұрғандықтан, ол ара маған өте таныс болатын. Адамның көптiгiнен кезекпен отырып, тергеуге шақырғанда кәдiмгiдей ауа жұтып қайтатын едiк. Шендерi төмен екi қазақ жiгiт бiздi күзетiп, шама-шарықтары келгенше жанашырлық көрсетiп бақты.
Әуелгi күнi қатарынан екi рет тергеушi Шаламовтың алдында болдым. Уақыт кешкі ондардан асқан кез болар, аудан прокуроры, ұмытпасам, Белозерский шығар, және оның орынбасары Iлияс Бақтыбаев екеуi келдi. Бiзге арналған тергеу папкаларын iрiктеп, екiге бөлгендей болды. Менiң құжаттарымды қараған Iлияс аға басын шайқады. Әсте, жасымның үлкендiгi, оған қоса, мұғалiмдiк қызметiм алаңдатқан болуы керек. Ара-арасында жүзiме тесiле қарап қояды. Кейiн де, жалпы, тергеушiлер, соның iшiнде қандастарымыз да бар, солар туралы әртүрлi сөздер естiдiк қой. Әйтеуiр өзiмнiң ойымша, тергеу амалдарына қатысқан Iшкi iстер қызметкерлерiнiң арасында қанына тартқандар аз емес болатын. Бiрақ олар да амалсыз, шарасыз күй кештi емес пе…
Әлi күнге дейiн мына бiр сәт ойыма оралса, сұрланып сала беремiн.
…Түннiң бiр уағында өңi суық бiр кiсi әдейiлеп келгендей көрiндi. Келе сала менiң аты-жөнiмдi атап, тез арада сыртқа шығуымды талап еттi. Автомат асынған төрт-бес солдатпен Мәскеу аудандық iшкi iстер бөлiмi бастығының алдына алып барды. Бастық, қателеспесем, подполковник Белоусов болуы керек. Апарған – жасы елулер шамасындағы, басында құндыз тымақ, үстiне пальто киген орта бойлы қазақ азаматы. Кең бөлмеде аяғын жазу үстелiне айқастыра қойып, жұмсақ креслосында шалқая ұйықтап жатқан бастық көзiн әрең ашып, бәрiмiзге жақтырмай бiр қарады. Оған мән бермедi ме, әлгi әкелген ағамыз: «Мынау – институттың мұғалiмi, ұйымдастырушы. Жоғарыдан бәрi анықталды, сiзден рұқсат болса, солдаттар дайын тұр, қазiр аулаға шығарып аттыра салайын, ешкiм сұрамайды», – деп мөлие қарап тұр. Сол сәт сұп-суық тер денемдi жауып кеттi… «Ойпырай, не болар екен, бiткен жерiм шынымен-ақ осы ма» деп тұрған кезде, орыс бастық ашулана жалт қарады. «Ату қайда қашар дейсiң, қазiр апар да қамап таста!» – деп барқ ете түстi.
Мiне, осындай да оқиға болған. Бiреулерге соны айтсам сенер-сенбестерiн бiлмей, бастарын шайқайды…

* * *
Бiз қамалған екiншi күннiң түнiнде бiразымызды босатты. Босағаннан кейiн қарамызды көбейтiп топтаспай, екi-үштен бөлек-бөлек болып кетуiмiздi ескерттi. Ендi қайта ұсталсақ, аямайтынын және кем дегенде сегiз жыл бас бостандығымыздан айырылатынымызды қайталап айтты.
Сыртқа шықтым. Мына күйiммен Горный Гигантқа жету қайда-а?! Қисаңдай жүрiп Пушкин мен Мәметова көшелерiнiң бұрышына таяу маңда тұратын курстас досымның үйiне тарттым. Мұрат әйелi Алтын екеуi (белгiлi радиожурналист, әншi А.Иманбаева) қолынан келген ем-домдарын аямады. Екi күн өткенде жағдайымды естiп, Кәдiрбек досым келдi. Бiр жағы менi аяғаны шығар: «Онда барып нең бар едi?» – дейдi. Мен де қарап тұрмай: «Төсек астына кiрiп жатып алар едiм, оған жүрек шiркiн шыдатты ма?..» – деймiн. Соған бiраз күлiп алдық.
Ол кезде қалада көлiк көп емес, халықтың көпшiлiгi жаяу-жалпылы. Кәдекең өзi бiр машинаны ұстап, емханаға әкелiп едi, Шишкина апамыз қабылдай алмайтынын айтып, шалқамыздан түсiрдi. «Бiзге жарақаттанғандарды қабылдамаңдар, ондайлар алдарыңа келе қалса, дереу тиiстi жерге хабарлаңдар деген», – деп бюллетень қағазыма да қарамай, шығарып салды.
Келесi күнi жұмыс орныма барып, бесiншi қабаттағы кафедраға жеткенше, әншейiнде жолыға бермейтiн талай таныстармен ұшырастым. Әдейiлеп менi тосып жүргендей, басқалары да бастарын изеп, екiншiлерi – түксие қарап, көздерiмен ұзатып тұрды. Ал кафедрадағылардың бәрi болған жайдан хабардар екен. Ешқайсысы бетiме тiктеп қарамайды, тоң-терiс, «жанаса кетсек, жалалы болармыз, бәледен аулақ» дейтiн сыңайлы… Солардың арасынан ең ауыр тигенi – қандас бауырларымның қылығы. Олар маған «өзiңе де обал жоқ, сауап бопты» дегендей әсер еттi. Бiрақ қалай болғанда да мойымауға әбден бекiнiп алған едiм. Сол түрiммен күнделiктi дәрiстерiмдi өткiздiм. Байқаймын, институт ахуалы қатты өзгерген. Атрушкеевич «атқа мiнiптi». Өзiнiң жандайшап жасақтарымен бүкiл тiзгiндi қолына алған. Бiздiң сәулет факультетiнен iстi болған менен басқа тағы да бiр кiсi бар екен. Ол – Ләйлә Рахымжанова. Екеумiздiң мұңымыз бiр, бiр-бiрiмiзге жақынбыз. Кездесе қалсақ хал сұрасып, содан қашан кетер-кеткенше жақсы араласып жүрдiк.
Дәл бүгiн әлдекiм өмiрiмдегi ең ауыр, азапты күндерiм жөнiнде сұраса, ойланбастан сол бiр сұрқай уақытты ауызға алар едiм. Ректорымыз Серiкбек Мұқашұлы Байболов кетпей жатып-ақ ректордың билiк-бишiгiн ұршықша иiрген Павел Александровичке қарсы тұрар күш жоқ едi. Бiз сияқтылар шарасыздықпен күй кешкен күндерде Атрушкеевичтiң шашбауын көтерушi қандас ағайындар да аз болмады. Ең өкiнiштiсi, сондайлар арқылы, тырнақ астынан кiр iздеу әрекеттерi жаппай етек алып, тексерiстер үдеген үстiне үдей түстi. Том-том фотоальбомдар елге құштарлықпен көрсетiлiп, қатысы бар азаматтар жөнiнде мәлiметтер молынан жиналып, қамау, қыспақтау шаралары көбейдi. Тiптi ұстаздардың кемшiлiгiн анықтау мақсатында студенттер арасында жасырын тест өткiзiлдi. Әрине, соның бәрiнiң арғы жағында ұлтшылдық сипатын iздеген қитұрқы саясаттары бұғып жатыр едi. Өйткенi алаңға шыққан қыз-жiгiттердiң арасында бiздiң оқу орнының студенттерi ерекше белсендiлiк танытты. Қайрат Рысқұлбеков солардың бiрi болатын.

* * *
Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiнгi сапырылыс пен сарсаңды айтып шығу мүмкiн емес. Ұйқы да, күлкi де қалды. Мазасыздық әрбiр қазақ шаңырағын, халқына жаны ашитын, бойында намысы бар кiм-кiмдi де айналып өтпедi. Тексерiс пен тергеу менi де әбден қажытты. Аудандық iшкi iстер бөлiмi, прокуратура өкiлдерi дейсiз бе, одан қала бердi Мемлекеттiк қауiпсiздiк қызметiнiң кiсiлерi жан-жақтан бақылады. Бiздегi өкiлдерi арқылы әрбiр қадамымызды, аузымыздан шыққан әр сөзiмiздi қағыс жiбермедi. Ең ауыры, тергеуге шақырып алып, не өздерi болмай, бола қалса, ұзақты күн сарылтып отырғызып қоятыны батады екен. Ананы да сұрайды, мынаны да сұрайды. «Қайтсек қармаққа түсiремiз» дейдi ғой. Жауыр қылған сауалдарына жауап қайтара-қайтара бар ойымды, әрбiр сөйлемiмдi жаңылыспай жатқа айтатын жағдайға жеттiм. Дегенмен орайы келгенде айта кету керек, институттың партия ұйымының хатшысы Ольга Леонидовна Мирошник өзiмiздiң кафедрада қызмет iстейтiн, сол кiсiнiң және кафедрамыздың бастығы Кокорин Владимир Дмитриевичтiң маған берген жақсы мiнездемесiнiң көп септiгi тидi. Әйтпесе, кiм бiлсiн, iстi болғандардың қатарында мен де жүрер ме едiм…
Дегенмен, аудандық партия комитетiндегi мықтылар да, институттың ректоры Атрушкеевич те менен құтылуға асықты. Кете қалайын десем, кооперативтiк үйдiң кезегiнде тұрған болатынмын. «Әне аламыз, мiне аламыз» деп күн санаумен жүрiп, сол оқу жылының аяғында пәтерге де қолымыз жеттi-ау! Содан кейiн-ақ өтiнiш берiп жұмыстан шықтым.
Атрушкеевичтiң аярлығы шығар, кетер кезiмде: «Мына дүрбелең басылсын, сен сияқты мұғалiм бiзге де керек, екi-үш жылдан кейiн қайта оралатын боларсың?» – дедi. «Жарайды, көрермiз», – дедiм. Бiрақ өмiр ағысы менiң тағдырымды басқа арнаға қарай бұрды. Әуелгiде қалалық тұрғын үй басқармасында суретшi болдым, одан кейiн жаңадан ашылған «Мирас» қолданбалы өнер кооперативiне ауыстым, 1989 жылы Дизайнерлер одағына бардым. Сөйте-сөйте кәсiпкерлiк жолға түстiм. Қарап отырсам, осының бәрiне Желтоқсан түрткi болған екен.
Адам тағдырынан асып кете алмайды. Мен де соның бiрiмiн. Басымнан өткерген сындарлы сәттер менiң жанымды ақын қылды. Өзiмше өлең жазатын әдет таптым. Сондай кезде жазылған дүниемнiң бiрi «Желтоқсанда туғанмын» деп аталады.
Желтоқсанның бiр күнi,
Менiң күнiм екен ғой, –
деп басталатын оның бiр жерлерi былай өрiледi:
Алғашқы болып Кеңесте,
Азаттық жолы басталды.
Он жетiншi желтоқсан
Мәңгiлiк есте сақталды.

Жиналды жастар алаңға,
Қилы да қиын заманда.
Өтсе де уақыт өлшеулi,
Кеудемде кетпес дақ қалды…

Желтоқсанда туғанмын,
Шындықтың жолын қуғанмын.
Шынымен шындық болса егер,
Шыңға да бiр күн шығармын.

Желтоқсан желi жаңғырық,
Бос кетпес текке қаңғырып.
Оянды жұрт, оянды ел,
Ер қазақ жанын жеген ой қажап…

Әдеби өңдеген
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ
Категория: Әлеуметтану, Саясаттану | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 1959 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии