Сегодня 29.03.2024
Казахстанское время 09:42
Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану

Мемлекет саяси жүйенің негізгі буыны
27.11.2011, 15:38
Мемлекеттің негізгі белгілері. Мемлекет белгілі бір территория шеңберіне халықты ырықсыз көндіру монополиясына ие, бүкіл қоғам атынан ішкі және сыртқы саясатты жүргізіп отыру құқығына ие, барлық жұртқа міндетті заңдар мн ережелер шығарудың ерекше құқығына, салық салып отыру құқығына ие болатын құрылым.

Мемлекеттің белгілері мынандай:

1) Мемлекеттік өкіметті іске асырушы органдар мен мекемелердің ерекше жүйсінің болуы.

2) Мемлекетте белгіленген белгілі бір нормалар жүйесін нығайтатын құқықтың болуы.

3) Сол мемлекет заңдарының күші жүретін тұтас территорияның болуы.

Мемлекеттің өмір сүруі өндірістік қатынастардың сипатына және тұтастай өндіріс тәсіліне байланысты. Мемлекет базистің қондырмасы. Осы сияқты диалектикалық байланысын, өзара тәуелсіздігін айқындамайынша, мемлекеттің шыққан тегін (генезисін), оның бір тарихи тұрғыдан екінші бір тарихи тұрғыға өту заңдылығын түсіну мүмкін емес. Тарихтың барысында мемлекет бірте-бірте базистен біршама дербестік алды. Оның қоғам өмірінің негізгі салаларына ықпалы өте қомақты және ол қоғамдық қатынастардың дамуына әсер ете алады немесе бөгет болуы да мүмкін. Қоғамның ұйымдастырылуы күрделенген сайын мемлекеттің оған ықпал жасау рөлі арта түседі.

Міне, мемлекеттің пайда болуы, соған байланысты атының, теримннің шығуы, оның мәні мен белгілері туралы қысқаша түсінік осындай. Енді мемлекет туралы ілімнің қалыптасуына біраз зейін аударайық.

Мемлекеттің түрлері және атқаратын қызметі. Алғашқы рет мемлекет түрлерін жіктеуді Аристотель жасады. Ол Геродот пен Платонның ілімдерін басшылыққа ала отырып, мемлекетті монархияға (бір адамның үстемдігі), аристократияға (элитаның үстемдігі), политияға (тіке демократия мағынасында халықтық үстемдік) бөлді. Оның ойынша, мемлекеттің бұл үш түрі де халыққа мансапқорлықсыз, пайдакүнемдіксіз қызмет ететін болса, олар заңды болып табылады.

Қайта өрлеу заманынан бастап мемлекетті үш түрге бөлу қалып, ол енді монархия және республика деп екі түрге бөлінетін болды. Ал бұл күнде демократияны оған қарама-қарсы автократиядан айырып алуға тура келеді. Бұл жерде демократияның конституциялық мемлекет түрінде кездесетінін ескерсек, парламенттік үкімет пен президенттік басқару жүйесін ажырату да қажет. Қазіргі дүниеде тағы бір ескеретін жай конституциялық мемлекеттер түріне жатпайтын, бір мемлекеттік жүйеге біріктіруге болмайтын толып жатқан плюралистік тұрғыдағы мемлекеттер бар. Мәселен, бұрынғы КСРО-ның пролетариат диктатурасы мемлекеті дегеніміз шын мәнінде коммунистік партия басшылығының олигархиясы болды. Ал үшінші әлемнің көптеген мемлекеттері өздеріне не батыстық, не шығыстық мемлекеттік үлгіні алса да оларда бұрынғы ескі басқарушылық түрі араласып отырды.

Мемлекеттердің түрлеріне келсек, қазір абсолюттік және конституциялық монархия, әскери диктатура, автократия, хунталар, әлеуметтік тап, тайпа басшылығы, отбасылық қауым дегендерді білеміз. Діннен ажыратылған (светтік) мемлекеттер типіне қарсы діни мемлекеттер типі бар. Міне, осының бәрі әлі күнге дейін қазіргі мемлекеттерді дұрыстап жүйеге бөлудің жоқ екендігін көрсетеді. Конституциялық мемлекеттің бірнеше антитиптері бар. Оның бірі бір адамның, не бірнеше адамның үстемдік етуі түрінде көрінеді. Конституциялық мемлекеттің бірнеше антитиптері бар. Оның бірі бір адамның, не бірнеше адамның үстемдік етуі түрінде көрінеді. Автократиялық мемлекеттің өзіндік бір типі – ол авторитарлық пен тоталитарлық түрлер қосылған тоталитарлық мемлекет. Мұның үлгілерін Ленин, Сталин, Гитлер нақты жасап берді. Ол адамды өзінің идеологиясын сөзсіз орындауға пайдаланумен, қоғамдық және жеке адам өмірін саясаттандырумен сипатталады. Сонымен мемлекеттік құрылыстың саналуандығына байланысты да олардың түрлері де әртүрлі болып келеді.

Мемлекеттің типі оның мәнінен, шететін міндеттерінен туындайды. Яғни, мемлекет белгілі бір таптың, не қоғамдық күштің үстемдік ету құралы (механизмінің) әлеуметтік бағыты болып та табылады. Мемлекеттің түрі үстем өндірістік қатынастардың түрімен айқындалады. Сонымен қатар мемлекеттің өтпелі түрі де болады. Осындай күйді қазір Қазақстан басынан кешуде. Қазақстанда құқықтық мемлекет құру міндетін шешу – мемлекетіміздің ұлттық – демократиялық типін жасауға бағыт алуда. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған еліміздің Ата заңы – Конституцияда «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зиялы және біртұтас мемлекет», – деп жария етіліп, тәуелсіз мемлекет заңды түрде жарияланды.

Мемлекеттер басқарушылық формасы мен саяси өкіметтің негізгі институттарының құрылысына қарай да әртүрлі болады. Ал басқарушылық формасы дегеніміз өзінің заңдандырылған тәртібімен сипатталатын өкіметті ұйымдастыру болып саналады.

Басқарушылықтың монархиялық формасы – мемлекеттік өкімет билігін жүргізетін бір адам – монарх. Ал мемлекеттің республикалық формасында – заң бойынша өкімет билігін халықтың көпшілігі жүзеге асырады. Өйткені, онда өкімет билігінің көзі халықтан шығады. Басқарушылықтың басқа да түрлері бар. Олар: демократиялық, әміршілдік, т.б.

Мемлекет құрылысы бойынша унитарлық біртұтас мемлекет және федеративтік заң бойынша біршама ерікті мемлекеттер одағы – республикалар, штаттар, контондар, т.б., конфедеративтік мемлекеттік-құқықтық бірлестіктер болып бөлінеді. Әртүрлі мемлекеттердің маңызы оның ішкі саяси құрылысына қарай бағаланады. Саяси құрылысы дегеніміз – бұл мемлекеттік өкімет билігін жүргізу әдістерінің біртұтас жүйесі, жеке адамдардың демократиялық құқы мен бостандығын іске асыру дәрежесі, өкіметтің өз қызыметінің құқылық негіздеріне қатысты, ресми констиуциялық және құқылық нормалардың нақты саяси өмірге сәйкестігі. Осы кездегі адамзат қоғамында демократиялық, авторитарлық, диктаторлық, фашистік т.б. саяси құрылыстар бар. Саяси даму құрылысынан қарағанда агрессивтік, бейбітшіл, бейтарап, консервативтік, либералдық және т.б. мемлекеттерді ажыратуға болады.

Мемлекеттердің негізгі функциялары ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Ішкі функциялары мыналар: өмір сүріп отырған өндіріс тәсілін, экономикалық және әлеуметтік жүйені қорғау, экономиканы басқару, шаруашылық қызметін көрсету, тәртіп пен қоғамдық тыныштықты сақтау, әлеуметтік қатынастарды реттеу, мәдени –тәртіп және идеологиялық қызмет. Ал сыртқы функцияларына – халықаралық қатынас жасағанда өзінің (осы мемлекеттің) мүддесін қорғау, елдің қорғанысын қамтамасыз ету, басқа мемлекеттермен дұрыс қарым-қатынастарды дамыту, жаңа саяси ойлау шеңберінде, бейбіт қатар өмір сүру принциптері негізінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жатады.

Құқықты мемлекет. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниенің көптеген елдерінде жаңа, ерекше белгілері бар құқықты мемлекеттер қалыптаса бастады. Мемлекет атауында «құқық» деген сөздің бірінші болып тұруының үлкен мәні бар. Ол қоғамның саяси-әлеуметтік өмірінде, оның барлық аясында құқық жоғары орында тұру керек деген сөз. Ол әрбір елдің Конституциясында – негізгі заңында бекітіліп, ал басқа заңдары мен жарлықтарында нұсқа болуы тиіс. Мәселен, Қазақстанның Конституциясында Республика өзін демократиялық, құқықты мемлекет деп жариялады. Конституцияның жиырма бабында адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтарын қорғау жан-жақты қамтылған. Адамдардың құқығының өрескел бұзылуы бұрынғы КСРО мемлекетінде кең өріс алды. КГБ, оның жергілікті органдары адамдардың ізін бағып, олардың телефонмен сөйлесулеріне дейін құпия тыңдап, адамдардың жеке өмірлерін де бақылап отырды. Мұны сезген жұрт қорқынышты өмір сүрді.

Құқықты мемлекет адамдардың бостандығы мен теңдігін кісінің туа біткен қасиеті деп жариялайды.

Жалпы мемлекет – мемлекеттік құрылыстың мыңжылдық жемісі. Біз оның алғашқы идеялары мен жобаларын көне Грекияның, Қытайдың, ортағасырлық ұлы ойшылдардың мұраларынан кездестіреміз. Платон, Аритотель,Цицерон, Мао-цзы тұжырымдарына зер салсақ, заңның беделі болмаған жерде мемлекет те жойылады. Заң үстемдігі – қоғамдағы әділеттілік пен тұрқтылықтың тірегі. Ал И.Кант мемлекет дегеніміз заңдарға бағынған жеке адамдардың бірлестігі, жиынтығы дейді.

Құқықты мемлекеттің нышандарын қазақ хандықтарының елді басқару тәлідерінен де байқаймыз. Айталық, «Кодекс куманикус», «Тас жазу», «Жеті жарғы», «Қасым мен Есім хандардың жарлықтары», Абылайдың ақ жолы, тағы басқалары.

ХХ ғасырдың соңғы жылдарында әлемнің көптеген елдерінде ерекше белгілері бар құқықтық мемлекеттер қалыптасты. Оның негізінде АҚШ-тың Конституциясы, Ұлы Француз революциясының жеке адам мен азаматтар құқықтары декларациясы, БҰҰ-ның 1948 жылғы 12 желтоқсанда қабылдаған жеке адам құқықтары декларациясы, адамзат қоғамында ежелден қалыптасып келе жатқан адамзаттық, тарихи, саяси-әлеуметтік дәстүрлер мен салт-саналар алынды.

Құқықты мемлекеттің негізгі белгілері мыналар: құқықтың үстемдігі, біртұтастығы мен бөлінбейтіндігі, құқықтың мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын сот, прокуратура, конституциялық бақылау органдарының біртұтас жүйесінің болуы, биліктің үш тармағының дербестігі (заңдық, атқарушы, сот билігі), мемлекет пен жеке адамның өзара жауапкершілігі, атқару билігі мен жарлық шығару, оның орындалуын ұйымдастыру мен бақылауда президенттік басшылықтың күшеюі, Президент – мемлекеттің басшысы, әрі сол елдің Ата Заңының бұлжымай жүзеге асуымен орындалуының кепілі.

Осы тұста ХХ ғасырдың ең әйгілі мемлекет қайраткері, тамаша ғалым, зерттеуші, публицист, әдебиетші, ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың рөлі туралы айтпасқа болмайды.

Мемлекет қалпы, жергілікті бостандық негізі, құқық, дін ісі, билік пен сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғалым-білім үйрету, жер мәселесі деген он түрлі қоғамдық мәселе туралы нақты шартты мақсат – болашақты, нақты тұжырым-тұғырнаманы демократиялық, еуропалық үлгіде көрсетіп берген, әсіресе, қазақ жерінің автономиясын жариялаған, елді президенттің билеуін мойындаған, жердің сатылмайтынын әйгілеген «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын жасаушылардың кеуде тұсында Әлихан Бөкейханов тұр.

Бұл құжат қазақ елінің ішкі-сыртқы дұшпандардың қорлық-зорлығын көре жүріп, ғасырлар бойы мойымай, бостандық, әділет, туысқандық үшін күрес жолында небір асылдарын құрбан етіп, ата даналығы, ер қайраты, оқыған білімін ұштастырып, ұлт топырағындағы ізгілікті дәстүр, салт-санамен озық елдер тәжірибесін ұластыра отырып жасаған мемлекет құрылысы, адам құқығы, тіршілік қалыбы жөніндегі мақсат-арманының жобасы еді.

Сонымен құқықты мемлекет елді жалпыға белгілі заң арқылы басқарады. Ал заңдар әділ болса ғана әділетті шаралар іске асырылып отырады. Осы мақсатпен өкімет билігін бөліп жүргізу принципі іске асырылады. Енді сол принцип бойынша құқықты мемлекеттерден заңдандырылған өкімет билігінің үш тармағына тоқтайық. Бұл – өкіметті мемлекеттің заң шығару, атқару және сот билігін жүргізу органдарына бөлу.

Ал енді өкіметтің осы үш тармағында алға шығуға тырысушылықты, үстемдік үшін таласқа түсуді болдырмау үшін солардың біріне құқықтық мемлекетте жоғары мәртебе берілуі қажет. Ондай мәртебе заң шығарушы өкіметке берілген. Өйткені, сол ғана ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына заңдылық негіз, күш береді, қоғамда заңның үстем болуын қамтамасыз етіп отырады. Барлық құқықтық мемлекеттерде заңдық өкіметте парламенттер формалары әртүрлі болып келеді де, өйткені парламент өкілетті, сайланбалы орган. АҚШ сияқты елдерде парламент екі палатадан, ал демократия жолына жаңа түсе бастаған кейбір мемлекеттерде Жоғарғы Кеңес түріндегі парламенттер бір палатадан тұрады.

Барлық құқықтық мемлекеттерде заңдардың конституциялығын бақылап отырған Конституциялық соттар құрылған. Мәселен, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының азамат Т.Г.Квятковскаяның талабы бойынша 1995 жылдың 6 наурызындағы қабылдаған қаулысына сәйкес кезінде сайланған Жоғарғы Кеңесті заңсыз деп таныуы соның дәлелі.

Осындай өте сирек кездесетін қателіктер мен ағаттықтарға қарамастан, құқықты мемлекетте адамның қоғамдық дамуға қайшы келетін процестерді ауыздықтап, бостандыққа, әділдікке, демократияға тоқтаусыз ұмтыла беретінін көрсетіп берді.
Категория: Әлеуметтану, Саясаттану | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 3732 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии