Сегодня 28.03.2024
Казахстанское время 15:20
Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану

Елбасы және жастар
27.11.2011, 17:29
Елімізде тоталитарлық жүйенің қыспағын көрмеген, коммунистік идеологияның шарпуына шалынбаған жаңа жас ұрпақ өсіп келеді. Бұлар – тәуелсіздіктің белбалалары.
Елбасы осы ұрпаққа айрықша үміт артады. Елдің ертеңі осылар деп қарайды. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуін осы ұрпақпен тікелей байланыстырады.
Осы пікірін Астанада Тәуелсіздік сарайында сайлаудан кейін өзінің Республика Президенті қызметіне кірісу салтанатында тағы да білдірді. Елбасы: сайлауда болашағымыз – жастардың белсенді түрде маған дауыс бергені мені ерекше тебірентеді, деді үлкен мақтаныш сезіммен.

Отаншыл, мемлекетшіл жастардың өсіп келе жатқаны өзін қуанышқа бөлейтінін айрықша сезіммен бөліп айтты. Өйткені жастар сайлауалды ұйымдастыру жұмыстарында да, дауыс беру күндерінде де үлкен белсенділік танытты. Үгіт-насихат жұмыстарына қызу атсалысты. Бұрын жастар дауыс беруге асықпайтын. Күннің екінші жартысында сайлау учаскелеріне келетін. Бұл жолы қарттармен жағаласып, таң сәріден сайлау учаскелеріне ағылды. Өздерінің азаматтық парызын өтеуге асықты. Әсіресе, бірінші рет дауыс беретін тәуелсіздік құрдастары Президенттік сайлауға ерекше ықылас білдірді. Ел басқару ісінен тыс қалмау сезімі жас ұрпақтың бойынан анық байқалды.

Бұл жастардың ұлттық санасының марқайғанынын, саяси мәдениетінін артқандығының нақты көрінісі болды.

Жастар – елдің болашағы. Ертеңгі күннің жарқындығы, сәулелі болуы соларға байланысты. Аға ұрпақ өмірден озады. Олардың орнын бүгінгі Тәуелсіздік белбалалары басатын болады.

Ұрпақтар сабақтастығы – тарихи процесс, обьективті құбылыс. Әрбір жаңа ұрпақ өмірге өзімен бірге жаңа леп, жаңа ахуалды қоса әкеледі. Бұл ұрпақ прагматизмді, тиімділікті, жаңалыққа, инновацияға иек арта келеді. Кешегі күні үлкен бейнетке түсетін, қол күшімен атқарылатын процестерді енді техника күшімен атқарады. Қалам-қағазға жүгініп, қолмен есептеп жататын шаруалар техника үлесіне көшті. Компьютер арқылы қажетті мәліметтерді таба алады, алысқа хабарды интернет, ұялы телефон арқылы жібере алады. Бүгінгі ұрпаққа бұл қиындық келтірмейді, техника құлағында еркін ойнайды. Жастар қоғамдағы қозғаушы күшке айналды. Мұның себебі де бар, Елбасы жастар саясатына соңғы жылдары үлкен маңыз берді. Олармен нақты жұмыс істеудің үлгісін көрсетті. Бұл жергілікті билік өкілдеріне де үлкен сабақ болды. Олар да жастар саясатына үлкен бетбұрыс жасады.

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген өлең жазған еді. Қазақ жерінде заман ауысып, үлкен өзгерістер болып жатқан кезде, ескіні қиратып, жаңа тұрмыс құруға ел кірісіп жатқанда ұлтжанды ақын алдағы бар болашақты жастармен байланыстырып, соларға үміт артқан еді. Жас қырандар – балапан қанат жайып ұмтылған, көздегені көк аспан, мен жастарға сенемін, мен сенемін жастарға, алаш атын аспанға, шығарар олар бір таңда, мен жастарға сенемін, деп жырлаған еді…

Ақынның жастарға қайрылуы, ұлт тағдырын солардың ісімен байланыстыруы бекер емес-ті. Өйткені жастар жігерге толы, жаңалыққа құмар, жасампаз еңбекке ынталы, жаңалықты қабылдауға зерек, қайрат-жігері мол. Сондықтан да ақын жастарға үміт артты, соларға сенді. Мұны «Мен жастарға сенемін» жеп жырға қосып, бар дауыспен халыққа үн қатты.

Ал жиырма бірінші ғасырдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ сьезінде осы сөзді қайталап, жастарға арнайы қайырлып үн қатты.

Әрине, Елбасының жастарға сөз арнауы бұл бірінші рет емес. Соңғы жылдарда ол жастарға бірнеше рет өз сөзін арнады. Жылдағы дәстүрлі Жолдауларында, келелі жиындардағы сөздерінде жастар саясатына айрықша назар аударғаны белгілі. Бұларды қоспағанда Қазақтың Әл-Фараби атындағы, Л.Гумилев атындағы университеттердің студенттері мен профессор-оқытушыларының алдында оқыған дәрістері жастардың тікелей ғылым, біліммен қарулануына арналды. Сондай-ақ өткен жылы желтоқсанда «Назарбаев университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының студенттері мен профессор-оқытушылары құрамы алдында оқыған дәрісі жастардың елімізді интеллектуалды ұлтқа айналдырудағы рөліне тікелей қатысты болды.

Елбасының бұл дәрістері академиялық аудиториялық лекция шеңберінен тыс ұлт көсемінің жастарға арналған ақыл-кеңесі, әкелік-аталық өсиеті іспеттес болды. Студенттер мен профессор-оқытушылар алдындағы айтқан ойларын «Нұр Отан» партиясының ХІІІ сьезінде сөйлеген сөзінде одан әрі дамытты, нақтылап берді. Еліміздегі жастар саясатынын бағытын, мазмұнын, ертеңгі өрісін тереңдете түсті.

Партия съезінде Н.Назарбаев жастар саясатына байланысты бірқатар жаңа ұсыныстар жасады. Біріншіден, «Нұр Отанның» Қазақстан жастары арасындағы жұмысын жандандыра түсуге кеңес берді. Елімізде «Жас Ұлан» атты біртұтас жастар қозғалысын ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ ол партия басшысына «Жас Қыран» атты балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құруды ойластыруды тапсырды. Бұл болашақ жаңа атпен дүниеге келетін ұйым еліміздегі бытыраңқы жастар ұйымдарының басын біріктіріп, қоғамдағы жастар саясатын жүзеге асырудың белсенді ұйтқысына айналмақ. Оның өзінің бағдарламасы, белгілі құрылымы, уставы, жұмыс істеу әдістері болуға тиіс. Сөйтіп ол жастардың қоғамдағы белсенділігін қамтамасыз етуге қызмет етпек.

Сайлау алдында өткен бұл съезд Н.Назарбаевты Президентікке кандидат етіп ұсынды. Бұл ұсынысқа келісімін берген Елбасы сайлау додасында жеңіске жетуін жастардың сенімімен де тікелей байланыстырды. Өзі бірге өскен алдыңғы ұрпақпен қатар Н.Назарбаев сайлаудың жемісті өтуін алдағы маңызды саяси науқанға ел жастарының саналы түрде қатысып, өз таңдауларын білдіруімен сабақтастырды, жастарға зор үміт артты. «Алдағы сайлау біздің болашағымызды таңдау болып табылады, – деді Елбасы. – Мен оған сендер – жас қазақстандықтар, бірегей біртұтас командамен менімен бірлесіп жаңа шыңдарды бағындырады деген сеніммен барып отырмын. Мен сендерге сенемін».

Елбасының бұл жастарға арнауының үлкен саяси әрі тарихи маңызы бар. Өйткені ол партия съезінде тағы бір келелі ұсынысты ортаға салды. Ол – еліміздің әрбір өңірі, экономиканың әрбір саласы алдағы жиырма жылға арналған негізгі болашағын жобалап, нақты мақсаттарды айқындап, жаңа инновациялық жобаларды өмірге келтіруге тиіс деді. Бұл бүгін белгілі болып отырған жаңарулардан өзгеше әлі де өмірге келмеген соны түйсіну, болашаққа жаңаша үңілудің нәтижесінде туындайтын тың болжамдардың, идеялардың жемісі болуға тиіс. Олар бүгін болмаса да, ертең он бес-жиырма жылдан кейін жүзеге асыруға болатын жобалар болуға тиіс. Олар экономика, техника, ғылым, білім, әлеуметтік салалардың бәрін де қамтуы қажет. Осы бағыттардың кез-келгенінен жаңа ой, тың ұсыныстар тууы ықтимал. Әрбір өңірдің, аймақтың, облыстың жиырма жылдан кейінгі қартинасын, әрбір саланың даму динамикасын бағдарлау әрбір әкімнің, әрбір министрдің бірінші кезектегі міндеті болуға тиіс. Олар күнделікті науқандық істердің ғана жетегінде кетпей, өңірдің, саланың перспективасымен шұғылдануы абзал. Бұл міндеттерді жүзеге асыру бүгінгі ұрпақтың үлесіне тиетіні сөзсіз. Сондықтан да Елбасы жастардың сапалы білім алып, ғылымның ой-шұңқырын тереңірек игеруіне үлкен мән беруде. Мәселен, 2016 жылға қарай білім саласына жұмсалатын қаржы ІЖӨ-нің 5 пайызына дейін жетпек.

Бұл қаржы еліміздің болашағы жас өспірімдерді Қазақстанның толыққанды тұлғасы ретінде тәрбиелеуге жұмсалмақ.

Мұнымен бірге Н.Назарбаев жастарға қаратып, «Сендерді, ең алдымен, қалыптасқан тұлғалар, тамаша кәсіпқойлар және шынайы патриоттар тұрғысында көремін, – деді. Одан әрі Елбасы «тұлға» деген сөздің мәнін ашып берді. Тұлға болу дегеніміз – жауапты болу деген сөз, деді, яғни өмірде ата-анаң, Отанның алдында жауапкершілікті сезініп, өз ісіңе мұқият болу деген сөз. Ол үшін ағынмен жүзе бермей, белсенді болу қажет. Өзіңнің көздеген мақсатың, алға қойған межең болуға тиіс. Сол межені алуға күш-жігеріңді жұмылдырып, қайрат көрсетуің керек.

Кәсіпқой болу деген сөз – өзің шынымен де айналысқың келген өмірлік істі таңдай білу. Және оның өзін жақсы тұрғыда жүзеге асыру керек. Кәсіп дегеніміз – табысты өмірдің негізі.

Патриот болу – өз Отаныңды шың жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өзіңнің тарихынды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей нағыз патриот бола алмайсын.

Қазақстан халқы ассамблеясының ХVI сессиясында Елбасы: Біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілді Қазақстанның барлық азаматтарының меңгеруіне қол жеткізу, деп атап көрсетті. Бұл мақстаты жүзеге асыруда жастарға қойылатын талап күшті. Енді он жылдан кейін әрбір қазақстандық мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығуға тиіс. Қазір бұл үшін барлық жағдайлар жасалуда. 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді білетін болады. Ал қазақ жастары бұл мерзімге түгелдей ана тілін білуі абзал. Өз ана тілін, төл мәдениетін, өз тарихын білмейтін ұл мен қыз ешқашан патриот бола алмайды. Бірақ бұдан тіл білгеннің бәрі паториот болып шыға келеді деген ұғым тумауға тиіс. Нағыз патриот болу жастардан көп қасиетті талап етеді. Өз елін, өз жерін, өз Отанын, өз халқын сүйе білетін үлкен жүрегі болуға тиіс. Мұнсыз азамат шын патриот бола алмайды.

Әр азаматқа өнімді еңбек ету үшін, терең білім алу үшін мықты денсаулық керек. Өз денсаулығын сақтау үшін әркім өзі қамқорлық жасау қажет. «Назарбаев университеті» студенттер алдында оқыған дәрісінде Елбасы жастарды біліммен бірге спортпен шұғылдануға, өз денсаулығын шынықтыруға шақырды. Өйткені дені сау, сыртқы тұлғасы келісті болып өсу үшін спорттың маңызы күшті. Денсаулықсыз ешбір азамат көздеген мақсатына жете алмайды. Бұл үшін елімізде денешынықтыру мен спортты дамытуға үлкен маңыз беріліп отыр. Азиада ойындарын өткізуге арналып көптеген спорт құрылыстары салынды. Енді осы спорт алаңдары мен ғимараттардың бос тұрып қалмауы керек. Оларды жастар тиімді пайдаланулары қажет.

Міне, Елбасы жастарға осындай ақыл-өсиет айтты. Бұл жастарға арнап айтылған ұлт көсемінің нақыл сөзі, берген ұлағатты тапсырмасы. Жастар осыған лайық болып өсулері керек.

Мемлекет жас ұрпақтың осы заманғы біліммен сусындауына барынша жағдай жасап отыр. Таяудағы бес жыл көлемінде 20 интеллектуалды мектепті қосқанда 400 жаңа мектеп салынбақшы. Елімізде техникалық және кәсіби білім берудің тиімді жүйесі қалыптастырылуда. Үдемелі инновацияны дамыту және индустрияландыру бағдарламасы бойынша көптеген жаңа өндіріс орындары салынбақ. Сонда жұмыс істеуге жоғары білімді инженер-техниктермен қоса орта білімді кәсіби жұмысшы мамандар даярлау қажеттілігі туып отыр. Кәсіби жұмысшылар техникалық орта білім орталықтарында, колледждерде даярланбақ. Жастардың бәріне университет, академия бітіру міндет емес. Техника тетігін жақсы меңгерген, жаңа технологиямен жұмыс істей алатын маман жұмысшылар біздің экономика үшін ауадай қажет. Қазір елімізде жұмыссыздық көрсеткіші 8 пайыздан асады деп есептеледі. Көптеген жастар жұмыссыз жүр. Ал кейбір өндіріс ошақтары білгір жұмысшы мамандықтарына зәру. Сондықтан да жалпы оқушылар санымен жалданбай, қажетті кәсіптер бойынша кадрлар даярлауды қолға алу керек. Ал бізде шынын айту керек, жұмыс берушілермен, кәсіпкерлермен нақты жұмыс жүргізілмейді. Оларға қандай мамандық бойынша, қанша маман, оның қаншасы жоғары білімді, қаншасы арнайы орта білімді болуы керек, бұл жағымен жергілікті қалалық, аудандық, облыстық билік жүйелі түрде айналыспайды. Соның салдарынан жастар заңгер мен есеп-санақ мамандықтарын алуға ықыласты. Бұл мамандықты алған қаншама жастар жұмыс таба алмай жүргенін бұлар біле бермейді. Жоғары және арнайы орта білім ошақтары жастармен нақты жұмыс істеулері керек. Әйтеуір оқушы саны үшін күреспей, қоғамға бүгін таңда зәру мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға күш салулары керек. Ол үшін оқу орындарының басшылары қоғамда қалыптасқан коньюнктураны жете зерттеп, халық шаруашылығының қай саласына қандай мамандар, жұмысшы-қызметкерлер жетпей жатқанын зерттеп, мамандық беру жөніндегі өз профильдерін қайта қараулары керек.

Білім саласының қызметкерлерінің бүгінгі таңда жауапкершілігі мен маңызы күшейіп отыр. Өйткені, сапалы білім беру елімізді индустрияландырудың және инновациялық даму жолына түсірудің басты алғышарты болып табылады. Білімсіз қоғамда прогресс, жаңа өрлеу мүмкін емес. Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы.

Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда. Жастар өз күш-жігерлерін, білімдерін тәуелсіз елінің гүлденуіне жұмсамақ.

Жолын болсын, жас ұрпақ. Ел тағдыры өз қолында. Мұны әркез жадыңда ұста. Жастараға біз сенеміз!
Категория: Әлеуметтану, Саясаттану | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 5286 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии