Сегодня 20.04.2024
Казахстанское время 00:50
Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану

Ғашықтардың күндері (әңгіме)
27.11.2011, 17:30
Өз-өзіне еркелеп, керіліп оянған Чехра төсегінен наздана тұрды. Қою қара қайратты шашын нәзік саусақтарымен желкесінен көтере бір тастады да, айнаға жақындады. Өз дидарына өзі сүйсіне қарап тұрған ол беліне түсетін қолаң шашын бір жайып, бір түйіп, сылқ-сылқ етіп қайта-қайта беліне түсіреді. Қап-қара қанат қастарын қаға, піліктей қабағын жасырып тұрған бота көздерін де қаттырақ ашып, айнаға жақындай қарады. Бейне бір сұлулық тұңғиыққа тығылғандай қап-қара қарашығының да айналасын зерттей үңілді. Кезек дөңгелек келген аппақ ұлпа бетін аралап өтіп, инеліктің екі қанатындай үлбіреп тұрған ерініне келді. Шиедей қызарып тұрған ернін жұмсақ саусақтарымен сипалап тұрып, орташа әрі сәл сүйірлеу келген мұрнын да «қандай әдемі, ә» дейді өз-өзіне. Өз-өзіне тамсанып айна алдында ұзақ тұрған Чехраның көңіліндегі көсілген қуанышы төсегіне қайта сүйреп әкелді. Болмысына бағынбай тұрған ерке назы жүйрік қиял мен тәтті арман жетегіне ілеспек. Кенет Тахирдің кеше өзіне берген сағаты есіне түсіп, жүрегі тарсылай тумбоға жүгіріп, сағатты қолына тағып, «Тахир, мен сені сүйемін, шын сүйемін, сағатыңды да сүйемін» деді сыбырлай сағатын сүйіп. Сағатты қайта-қайта сүйіп, төсегінде аунай бастады. Нұр жамылған дүние де ыңыранып қояды. Кенет оң жақ бетінің ерніне таман жағын ыстық леп ескендей болды. Жүрегі қайта тарсылдап, екі беті ду ете қалды. Екі қолымен екі бетін ұстағанда екі алақанынан шыққан отқа онсыз да қызара нұр ойнаған беті лапылдап қоя берді. Қызыл еттің тарсылы одан сайын күшейе түскенде қан қысымы көтеріліп, бой жылуы алпыс градусқа көтеріліп кеткендей болды. Бүкіл денесі отқа оранған Чехра Тахир екеуінің кешегі кездесуін еске түсіргісі келгенінен лезде бас тартуға мәжбүр болды. Әйтпегенде лапылдап жанып кетердей қорықты. Тек Тахир берген сағатты жүрегіне басып: «Жаным! Мен сені сүйемін!» деп қайталай берді. Кенет дәлізден біреу келе жатқандай болды. Дүниеде теңдесі жоқ, бұл өмірде теңеуі табылмас соншалықты нәзік сезімнен бір сәтте-ақ арылудың азабын сезінген Чехраның маңдайынан бұрқ етіп қара тер шығып кетті.

Алпыс градусқа көтерілген дене қызуы бейне бір секунд арасында алпыс градусқа төмендеп кеткендей денесі мұздап сала берді. Ондағысы сезіп қояды деп сезіктенгеннен еді. Жүрегі тарсылдап соғып кетті. Анасы екен. Есікті ашып:

– Е, Чехра, ояндың ба? Жұмысыңнан қалып қойма, сағат сегізге жиырма минут қалды, – деді де шығып кетті.

– Иә, иә, кәзір, кәзір, – деді қалбалақтап. Ыстық отқа мұздай су құйып жібергендей болды. Жүрегі қайта тарсылдап аузына тығылды. Ыстық сезімнің шыңына да, суық сезіктің тұңғиығына да бірдей тарсылдайтын жүрекке дауа жоқ екен. Апаттың қай түріне де қасқайып тұра білетін жүрек сондықтан да жүрек екен ғой. Сондықтан да мықты екен ғой. От пен мұздың арасын минут арасында сезінуден ауыр күй болмас бұл өмірде. Орнынан дереу тұрды да, ақ жемпірі мен қоңыр сызықты юбкасын киді. Тахир берген сағатын қолына тағып, үйдегілер көріп қоймасын дегендей ақ кофтасының жеңін түсіріңкіреп қойды. Асығыс шәйін ішті де жұмысына бет алды.

Екі күннен кейін 1-мамыр. Иә, мектепте оқып жүрген кезінде бұл мерекеге екі ай бұрын дайындық жасаушы еді. Бүкіл мектеп оқушылары бірдей киім киіп шеруге шығатын. Ал, қазір ше? Мерекеге екі күн қалса да жұрт тып-тыныш.

Сәуір айының өзіндік сәні жүрегін елжіретіп барады. Жасыл желегіне еркелей желбіреген жапырақтар күн шапағына малынып-ақ алған. Ағаш басындағы торғайлар қыстың қыспағын көрмеген-ау, сірә, әрқайсысы торсықтай. Асыр салып ойнайтын балдардай бірін-бірі қуып, шықылықтап қояды. Қаз-қатар қабырғасы бір-бірімен жалғасқан үйлер тап-таза көшенің сәнін одан да аша түскендей. Көлік жүретін көшесімен қоса сыпырып тастайтын бұлар түкірсең түкірігіңді іліп алудан тайынбайды-ау, сірә. Әр үйдің дарбаза сыртындағы осындай тазалығына жолға дейін егіп тастаған райханның иісі мұрныңа еріксіз келіп, көңіліңді арбайды. Әне, анадай жердегі мәжнүн талды қарашы. Соншалықты майда жапырақтар шыбығына жабысып, иіліп сәлем беріп тұрғандай ма, көрікті-ақ. Өрік ағашы тәуше байлаған ба, қалай? Алла бұйырса, әне-міне пісіп қалады. Әне, екі қабатты ғимарат – балалар бақшасы. Оң жақ қапталында түп-түзу терек ағашы сапта тұрған сардарларша бой түзеген. Үйдің арт жағында көлемін кеңдеу алған әр түрлі жеміс ағаштары. Сол бет қапталындағы жазғы бассейннің шетіне жер шыршасы егілген. Түп-түзу жолды тық-тық басып сыртқы есікті, одан дайындық тобының есігін ашты. Балалар әлі келе қоймапты. Тәрбиеші Чехра балаларды бірінен кейін бірін күтіп алып отырды.

***

Бүгін сенбі. Түн бойына көзі бір ілінбеген Чехра лүпілдеген жүрегі кеудесінен шығып кетердей, қайта-қайта аузына тығылғандай. Сыртында қос аққудың суреті бар альбомын бүгінгі түн жүз рет ашқан шығар. Бесінші бетінде құрбы қызы Нілумен бірге түскен суретінің артында Тахир екеуі түскен сурет тығулы. Суретті алған сайын Тахирден көзін алмай қарайды да, ойша мойнына асылып, екі аяғын көтерген бойда еркелей қалады. Ара-арасында суретті бетіне тақап, көзінен, мұрнынан, қасынан, маңдайынан, бетінен сүйіп қояды. Неге екені, ернінен сүйе алмайды. Оң жаққа қайыра тараған қайратты шашын сипап-сипап, одан төмен қарай жазық маңдайы арқылы қыр мұрнының ұшын жағалай ерніне түсе саусағы сипаланады да қалады. Жымиып тұрған жүзіндегі бүкіл сұлулықты жымқырып алған сұлу ернін әрлі-берлі сипай береді, сипай береді. Үстіндегі көкшіл футболкасын саусағымен қайта сызып келеді де, қақпақтай кеудесіне алақанын баса қояды. Көк джинсыйын бейне бір шаң болғандай қағып-қағып, крассовкасының бауын бір шешіп, бір байлайды. Қайта-қайта Нілудің артына тығылып, қайта-қайта Чехраның қолына түсетін суреттің де сиқы кетердей болды, әйтеуір. Ал өзі Тахирмен кездесетінін ойлаған сайын қуанышы қойнына сыймай, өзін қоярға жер таппай, қиялға беріліп, суретті сипап, сағатты тағып әуре. Бір тұрып, бір отырып, айнаға бір қарап, суретке он қарап, таңын да атырды-ау, әйтеуір.

Кештің батуы осыншалықты қиын болады екен-ау, ә, тәйірі! Неткен ұзақ уақыт, тіпті басын ауыртып жатыр. Түннің кірпік қақтырмай, мазақ қылғаны аздай күндізгі уақыттың келемеждегенін қарашы. Үйдегілерден жасырына сағатына қараған сайын сағат өтті десе, минут та өтпей әбден әуреге салды. Чехра үшін бүгінгі уақыт бір жерде тұрып қалды. Қалай тамақ істеп, ыдыс табақтарын қалай жуғанын, үйді тазалап, гүлдерге қалай су құйғанын екі қолы ғана аңғармаса жаны мен тәні тіптен қаперсіз. Бар ойы мен бүкіл сезімі Тахирді күнасты желбесікке салып тербетіп жатқандай еді. Әрең дегенде батысқа ауған күнге қараумен болған Чехра өз бөлмесіне кірді. Тағы да айнаның алдында тұр. Өз сұлулығына тамсанып, сылана бастады. Тахир мен сені сүйемін! – деді. Сағатына қарады. Міне, бір ғасырға тең уақыт та жетті. Тахирмен кездесуге бес минут қалды. Бар сән киімін киген Чехра сылаң қағып үйден шықты.

Тахир де белгіленген жеріне бір сағат бұрын келіп, тағаты таусылардай Чехраны күтіп тұр. Сұлу бейнесі көз алдына келді дегенше асау жүрек кеуде тебеді. Сыңғырлаған күлкісі, жібектей қою қара шашы, мойылдай көзі, нәзік дауысы көз алдына келіп, көлбең қағып қоймады. Бірде аппақ білектер мойнына асылса, бірде басын кеудесіне қойып, нәзік қана күрсініп қояды. «Чехрам менің» деп бүкіл болмыс-бітімінің сезімін бір нүктеге түйіп тұрғанда Чехра көрінді анадайдан. Екі жүрек аңырап қоя берді, арқырап сала берді.

– Чехра!

– Тахир!

– Чехрам менің, сені қалай сағынғанымды білсең ғой!

– Мен ше, мен де сені қалай сағынғанымды сезсең ғой.

Ауыздарына басқа сөз түспеді. Түсіп қайтеді. Басқа теңеу табылмас сөздердің бәрі бұлардың қан айналымымен бойларын билеп алған болса. Бір бірін көрмегеніне бір жеті өтіпті. Қалай шыдаған екен, екеуі де таң. Сағыныш күші бір-бірінің қолынан ғана ұстағанына мәз болуға да, жүрексіне қыз тамағынан иіскеп қана қоятынына да көнбеді. Тағатсыздықтан әбден титықтаған, шегіне жеткен сағыныш ыстық еріндерді дәл бүгін табыстырды. Ыстық еріндердің жалыны екеуіне қанат бітіріп, биік-биік шыңдарға, аспан әлеміне ұшырып әкетті. Тірі жан білмейтін, екеуіне ғана арналған сол өзге әлемде ұзақ қалықтады.

– Жаным менің, – деді Тахир.

– Махаббатым менің, – деді Чехра.

Ыстық еріндерге елітіп қалған екеуі үйлеріне қайтудың қасірет екенін дәл бүгін сезінді. Бір- бірінсіз бір минуттың өзі оңай емес екенін ұқты.

– Ертең құда түсуге кісі жіберемін, – деді жігіт.

Қыз жымиып басын изеді.

***

Чехраның нәр тартпағанына төртінші күн. Тахир дейтін дерт жанын жегідей жеп барады. Амалсыз дерт. Үнсіз дерт. Дыбыссыз дерт. Арлы дерт. Қыз бала болып туылмағанда мүмкін бұл дерттің атауы басқаша болар ма еді, кім білер. Махаббаттың алапат алауы ішін өртеп, жалыны аузынан шығып, жүзін шарпиды. Екі беті шоқтай болып, ыстығы көтерілгеніне де екі күн болды. Ас тұрған жерде ауру тұрмайды дейді.

– Қызым-ау, тамақ ішсеңші,– деген анасының сөзі далаға кетті. Дәрігердің ыстығын түсіреміз деп салғандардың бәрі сандырақ болды. Көзі бақырайып, төбедегі бір нүктеге қарайды да жатады. Иә, бүгінгі ішкен суына әке-шешесі қуанып, беті бері қарай ма дегені әшейін еді. Онысы ішіндегі өртке су құйғысы келгенін әрине жан білмейді. Ләм-мим деуге дәті жетпей бір жеті жатқан. Чехра осы уақытқа дейінгі бір түспей қойған ыстығынан сандырақтап, сөйлей бастады. Тахир қалай кетіп еді, не айтып еді, ешнәрсе есінде қалмапты. Қанша күннен бері бір түспей қойған ыстықтан ба, жанына жабысқан жегі құрттың азабы ма, өткенін де, кешегісін де ұмытатын болды. Міне, бүгін төсек тартып жатқанына да оныншы күн. Қолындағы сағатына қарады, сағаттың қанша болғанын әрине, біле алмады, бірақ сағаты соншалықты әдемі екен, көзін алмай біраз қадала қарады. Тұрайын деп еді, дәрмен қалмапты. Жәй басын көтеріп отырмақшы еді, көзінің алды қарауытып, басы айналды. Әлем-жәлем дүние де шыр айналып кетті. Тоқтаусыз айналған дүниеге шыдай алмаған әз жаны шырылдап, қоя берді.

– Аа…а…а…а…а…ай! – деп айқайлағанын білді, әрі қарай не болғаны кірелі-шығалы сананың ар жағында белгісіз күйде қалды.

Көзін ашып еді, жан-жағында қаумалаған ақ халаттылар…

***

–Ойбай, өлді ау!

– Ойбай, енді қайттік, өлді-ау, өлді-ау, – деп төртінші қабаттан төмен қарай құстай ұшып түскен Зухра өз көзіне өзі таң, Чехра басын салбыратып, жерге қадала қарап отыр. Аяғы сынбады ма екен деген қаупі де сандырақ боп шықты. Төрт мүшесі дін аман екен.

Сол аралықта жиналып үлгерген көршілер де таң. Бәрінің қолдары жағасында.

– Ой, тоба, мұнысы несі екен, – деді кейбіреулері күбірлеп.

– Боже мой, – деп маңдайы мен екі иығын кезек-кезек саусақтарымен нұқыған орыс көршілері де «қалай болды мұнысы» дегендей қорыққан үрейлері басылмай бәрі қарап тұр.

– Бұның не сенің, не болды саған, – дегеннен артық сөз таба алмаған Зухра төртінші қабатқа қайынсіңлісін жетектеп, көтеріліп барады. Ләм деп аузын ашпаған Чехра үндемес ауруына шалдыққанына да үшінші айдың жүзі. Сұрағыңа жауап алу былай тұрсын тісінен сөз шықпайтын болды. Тоңғанын да, ыстықтағанын да, аш екенін де, тоқ екенін де біле алмайсың. Тіпті өзі де білмейді, сезінбейді. Психиатр, психологтарға да қаратып, молда, тәуіптерің де оқыды. Дәрілік шөптермен де емдеді. Ақырында дәрігердің шешімімен есі ауысқан деген диагнозбен жүйке ауруы ауруханасында екі айдан астам уақыт жатып шыққаны да күні кеше еді.

«Көзіңді алмай қара» деп қайын әпкесі Фатима ескертіп-ақ еді. Өзі де ескертусіз-ақ қарап отырған болатын. Газдегі шәугімін алып, шәй демдегені сол еді, балконға қалай шығып кеткенін аңғармай қалғаны. Жанынан безіп, бұл жалғаннан мақрұм қалмақ еді, онысы болмай қалды. Таң қалғанда, еш бір мүшесі жарақат алмаған. Өңі қорқыныш деген сезімнен ада. Қайта өзінің қорыққаны сонша денесі әлі дірілдеп тұр. Сездіргісі келмегенімен өңі боп-боз. Ендігі қарауылдықты күшейтіп көзін алмады. Бірақ жанына келсе зәре құты қалмай қорқады. Қанша дегенмен есі ауысқан адамға не деп болады. Өзін көтеріп балконнан тастап жібермесіне кім кепіл? Әне, тағы да жақындап келеді. Қорыққанын қанша білдірмейін дегенмен зәресі қалмайды. Ал ол тағы да сол қолына таққан сағатын көрсетті. Тағы да көзін көзіне түйістіріп ұзақ қарасты. Күндіз көзін бір алмай өзі, түнде ұйықтамай күйеуі екеуі қарауыл боп екі күнді әрең өткізді. Жазылуы қиындап барады дегенді айтып, ақыл сұрай кеткен қайын әпкесі де ауылдан келді… Әке-шешесі де емі табылмас дертке күйініп жылап отыр екен. Қолдан келер шара қайда. Бәрі ақылдаса келе қызды есі ауысқандар ауруханасына қайта апаратын болды… …Жанары суалған, өңі аппақ, мойылдай көзінің нұры қашып, қу сүйегі қалған Чехраны ауруханаға тағы да күштеп апара жатты.

Зухра бүгін кештеу тұрды. Кеш тұрмай қайтсін. Екі күнгі қорлық еңсесін езіп-ақ жіберді. Өзі жақсы көретін қайынсіңлісі Чехраның қалі жанына аяздай батып, шарасыз күйден қатты әлсіреді. Шым-шытырақ сериал түстер түн ұйқысының астаң-кестеңін шығарды. Әлде қатты шаршағанда солай болар ма екен, қайдам, түн-қараңғы ұйқының берекесі әбден кетті. Ұйықтадым дегені болмаса, басы мең-зең, даң-дұң, ал денесін біреу сабалап тастағандай ауырсынып тұрды. Болмысын белгісіз уайым басып алғандай өмірге селқос қарады. Әйтпесе әр күні ерте тұрып, айнаның алдында жарты сағаттан астам сыланып, таңғы асын да уақытында ішіп, түнде-ақ үтіктеп қоятын сәнді киімдерін киіп, бет-әлпетіне әбден қарап, жұмысқа баратын. Дағдыланған әдетінен бүгін титімтей де қалмапты. Түрі де әлем-жәлем, ойы да әлем-жәлем. Мына өмір ғой, айтуға келмейтін әлем-жәлем. Сыртқа таза ауаға шыққысы келген сияқты еді, аяғы аттап баспай қойды. Балконға шығу дәл қазір бұған ауыр дерт. Кешегі оқиғадан үрейі ұшқан жүрегі итерсең баспас. Жиналып-ақ қалған ыдыс-аяқтарды жумақшы еді, ол да мұң болды. Қолы ешнәрсеге бармайды. Тамақтану туралы сөз болу дәл қазір мүмкін емес еді. Тура бір өмір бойы нәр татпастай болып тұр. Не істерін білмеген Зухра тозығы жетейін деген қоңырала диванына сылқ етіп отыра кетті. Екі қолымен жүзін жауып, шынтағын санына батыра отырған оның бойын белгісіз бейшаралық басты. Еңіреп жылайын деп еді, жылай да алмады. Қазақтың «құсалық» деген сөзін осы сәтте толық ұқты. Қандай қиын еді. Дәрменсіздіктің де дәмін сезді. Жалған дүниенің жалғасы қашанғы отырғызсын. «Жұмыстан бүгін тағы қалдым-ау», – деді де, біреу иығынан итергендей боп телефонға барды. Бүгін де жұмысқа бара алмайтынын айтты. Олар да адам, түсіністікпен қарады. Тұтқаны қоя бергені сол, есіктің қоңырауы шыр ете қалды. «Кім болды екен»,– деп есікті ашып еді, алыста тұратын әпкесі екен. Қуанғаны сонша «Әпке!» деп айғайлап жіберді. Әпкесі «әбден сағыныпты ғой», – деп ойлағаны сол құшақтаған күйі еңіреп қоя берді.

– Ойпырмай, мұнысы несі, тыныштық па, – деді Роза сасқалақтап. – Тыныштық, тыныштық, өзіңізді көргенге қатты қуанғаным ғой, кіріңіз, кіріңіз, – деді ілтипат көрсетіп. Сынаптай сырғып, сәтте құбылатын адамның көңіл-күйін қойсаңшы. Үй-іші, туған-тумаластардың аман-саулығын сұрасты.

– Ой, сағат он екіден өтіпті ғой, – деп шиенің суреті салынған ақ шәугімін газге қойды. Шәй үстіндегі әңгіменің жалғасы кешегі оқиғаға ұласты. Мүмкін келген бетте айтпас та еді, әпкесі:

– Түрің солыңқы ғой, бір жерің ауырып жүрген жоқ па, – деп сұрамағанда.

– Аурудан да жаман болдым ғой,– деді іштей күрсініп.

– Ойбуүй, обал болған екен ау, ә, – деді тыңдап болған әпкесі терең күрсініп. Қапелімде еш нәрсеге түсінбей қалған Зухраның «неге» деген сұрағы ойланбай-ақ қойыла салды.

– Неге дегені несі? Жасы қаншада дедің? – деп қайта сұрады.

– Он сегізде

– М…м…м…м! Бұл тегін емес. Ол біреуге ғашық болған ғой.

– Иә, иә! Ауылдағы Тахир дегенді жақсы көретін еді.

– Ол қазір қайда?!

– Ресейдің бір қаласында дейді. Ол жаққа қандай шаруамен кетті. Чехраның әке шешесі рұхсат бермеген соң көрмейін де, күймейін де деген сияқты.

– Сонда шын сүйсе қолынан ұстап кете бармады ма?

– Ойбай, ол дегенің өлімнен күшті ғой!

– Жігіт солай кетті деңдер!

– Жігіт кеткесін қыз он күн төсек тартып жатыпты. Денесі қызып, ара арасында сандырақтап әрнені айтқан көрінеді.

– Қиын жағдай болған екен онда.

– Иә, иә! – деп Зухра бетін басып, ботадай боздап көп жылады.

– Қой енді!

– Енді не істесек екен, ә?

– М…м…м,– деп Роза біраз дастарханға тесіле қадалып қалды. М… м…м, –деді тағы ыңырана ойдың тұңғиығын шолып. – Ләйлі-Мәжнүнді оқып па едің?

– Оқымаппын!

– Мәжнүн деген сөзді білесің ғой?!

– Иә, есі ауысқан деген сөз

– Мәжнүн ғашықтық дертінен есі ауысқандықтан Мәжнүн болып солай аталып кеткен.

– А- а, солай ма?

– Солай

– Чехра да соның күйін кешкен екен-ау.

– Қойыңызшы?!

– Дәл солай, – дегені сол Зухраның көзінен жас тағы да парлай бастады. – Бейшара қыз-ай, қалай аңғармағанбыз. Не деген адам едік. Тым болмаса сіз түсінетін шығарсыз деп, маған қайта- қайта сағатын көрсеткен екен ғой.

– Сағаты несі?

– Жігіті берген екен

– Оны да білетін бе едіңдер?

– Иә?

Бір жағын космосқа ұшырып, бір жағын есек арбамен итіңдетіп қойған мына заманда не болмайды. Көшеге безіп, ардан аттап, әке-шешесін таптап, жезөкшелікпен айналысып жатқан мына ғасырда осындай инабаттылықтан алыстап көрмеген, етегін жел түртпеген хас сұлулардың, саф көргенділердің болуы әрине заңдылық. «Жеңіл ойлы» қыздар дейтін бар. Демек, жеңілдің антонимі ауыр, ойдың ауырлығы – ақылдың көптігі. Ақылдың көптігі – тартар жүктің көп болмасы деген осы. Ал, ғашық болу әрине екінің бірінің еншісіндегі нәрсе емес. «…Ғашық болу келсе кімнің қолынан, Әлем соған сенеді…» – дегендей (М.Шаханов). Әлем сенгені бар болсын, осы ғашықтықты өзбек қыздарының еншісіне бермей-ақ қойса болар ма екен. Өйткені өзбек қыздары «ғашықпын» сөзін әкесін айтпай-ақ қояйын, анасына айтудан бас тартады. «Ғашықпын» дегенше, ор қазып ішіне түсе салған оларға оңай тиеді. Менталитет солай. Оны Роза жақсы біледі. Қайбір жылдары жұмыс бабымен осы елде біраз уақыт тұрғанда өзі де бір ғашықты аман алып қалған болатын. Иә, екі кештің ортасында үйіне өзбек әйел жылап келген еді. Жалғыз қызының басы ауыратынын, төсек тартып қалғанына да біраз күн болғанын айтып, диагнозын көріп беруді өтінген. Көрсем көріп берейін дегені сол, қызын сүйретіп сол күні түнделетіп қайта келген. Қызының өзін қасына отырғызып, анасын басқа бөлмеге жіберді. Қызының бетіне біраз уақыт қарап отырды да:

– Сен жасырғаныңмен, мен бәрін біліп отырмын, сен біреуге ғашық болыпсың ғой – деді қызға мейірлене қарап. Қыз селк ете қалды тоқ ұрғандай. Онысы – қайдан біліп қойды дегендей сұраулы ойы, бір жағы қуанышы еді. Ұрлана ұялып қараған қызға:

– Айта бер, анаңды сол үшін басқа бөлмеге шығарып жібердім, – деген соң, қыз сөзін бастаған. Сөйтсе сүйген жігітіне бермей, жалғыз қыз болғасын, қыз үйіне күшік күйеу болып кіретін жігітке (туысқан болып келетін) ұзатпақшы екен. Сол кезде де:

– М…м…м…м, – деп ыңырана ойланып барып сөз бастаған. – Демек, сен өз жігітіңді сүйесің?

– Иә

– Бұл жігітке үйленгің келмейді

– Үйленгім келмейді

– Әке-шешең, былайша айтқанда, еріксіз бермекші

– Иә.

– Өз жігітіңе үйленесің бе?

– Қалай? – деді қыздың жанары жарқырай, көзі жайнап. – Мүмкін емес қой.

– Мүмкіндігін тапса болады

– Қойыңызшы!

– Анаңа сол ғашық жігітің туралы айтпадың ба?

– Ойбүуй, қалай айтам, ұят қой.

– Ендеше айтпағаның жөн болыпты, екеуміз келісіп алайық. Сен маған ешнәрсе айтпадың, мен ешнәрсе естімедім. Келістік қой?

– Иә!

– Онда анаңды шақыр да, өзің сонда отыра тұр.

– Қызыма не болыпты? – деп үрейлене сұрады анасы.

– Қызыңыз ғашық дейтін аурумен ауырыпты. Жағдайы ауыр. Жазылмайтын дерттің жарымжан етіп қоятын түрі бар.

Анасының өңі бұзылып кетті. Өңінің ар жағында туысқан жігітке деген сенім мен біртүрлі қимастық аңғарылды. Әлден соң:

– Ешқандай емдеудің мүмкіндігі жоқ па?– деді қиылып.

– Бұл жазылмайтын дерт. Бүгін басын ауыртса, ертең естен тандыруы да әбден мүмкін. Бірақ қызға менің айтқанымды айтпаңыз. Оған «басың ауырады екен» деп диагнозын айттым да қойдым. Бұл туралы әңгіме қозғамадым. Екеуміз ғана білейік. Сіз қыздан жәймен сұрап алыңыз. Жалғыз қызыңыз аман қалып, бақытты болсын десеңіз, әрекет сізден болсын. Анасысыз ғой…

Кейін естіген, қыз өз сүйгеніне үйленгенін. Ойға шомып кеткенін аңғарған Зухра, ойлап табары бар ма дегендей бетіне қадала қарап қалыпты. Әлден уақытта ойын қайырып:

– Қайынсіңлің шынымен сендерге керек болса жігітті тез алдырасыңдар. Аурудың емі сол!

– Алдырайық, алдырамыз!.. Сонда жазылып кетеді ме, – деген Зухра бір жылап, бір қуанды дүдәмал күйде.

– Жігітін көрген күні-ақ, рұқсатын берген сәтте-ақ жазылады деп ойлаймын.

***

Бірге болу маңдайға жазылмағанына күмәнді болған Тахир үміттің өлімнен кейін үзілетініне әбден көзі жеткен еді.

Сағыныш дейтін алау сезімнің құдіреті қойсын ба!

Еркек болып туылғаны үшін ғана тірі жүргендей. Әйтпесе, жағы қушиып суалып, көзі үңірейіп ішіне кіріп кетіпті.

Еттен қашқан терісі салбырап, сүйегіне ілініп қана тұр. Шындығында, қырық градус аязда жуып-жайған көйлек қалай қатып қалса, Тахирдің құр сүлдесі де солай қатып қалғандай еді. Мүмкін бұның сүлдесі қырық емес, сексен градус аязда қатқан шығар. Қолынан ұстап бірге қашып кету қолынан келмейді емес, әттеген-айы Чехраның көңілінің жұмсақтығы. Әке-шешесін көрместей болып, аттап кету – ондай көңілдің еншісіне тиесілі емес. Бүгін бақыттың шыңын бағындырғанымен, күні ертең бақыттың бауырына тығылған өкініші өн бойына у дарытпасына қалай сенбек? Сүйініш пен күйініштің арасы бір-ақ адым екені оған аян. Сабыр сақтаудың азабын білдім деген бір адам болса, ол өзі еді. Ресей асып, табыс табуға кеткен жора-жолдастарының бір бөлмелі тар үйінің бұрышын иемденгеніне де екі ай асыпты. Өтіп жатқан уақыттың амалы бүгін таусылды ма, белгісіз. Түн бойына жүрегі алып-ұшып ыстығы көтерілді. Қос жанарына сурет болып жабысқан Чехраның сұлу өңі тамшы жасқа айналып, кеудесіне домалады. Жігіттің жылағанынан жек көретіні жоқ, еркек бітімі дәл бүгін жеңіліс тапты. Ғашықтық дейтін ғаламат бойындағы ащы жасқа да жабысып, сарқылайын деген екен. Екі алақанымен екі иегін тіреп көп отырды. Ащы жас та аяусыз домалады. Жерге тастай салған жалаң көрпешеге бүк түсіп қисайды. Түн ұйқы дегеннен жаңылысқан жаны кермек жасқа жуылғанынан босаңсыды ма, әлсіреген күйі ұйықтап кетті. Өң мен түстің арасы. «Тұр деймін, Тахир, тұр деймін» деп қайталаған дауыс алыстан естіледі. Талықсыған адамдай көзін әрең ашты. Досы екен.

– Тахир, тұр деймін, қыздың туыстары сені іздепті, ауылға тез жет… Әрине ұшарға қанатты бұған кім береді? Уақыт – төреші…
Категория: Әлеуметтану, Саясаттану | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 3698 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии