Сегодня 25.04.2024
Казахстанское время 14:40
Главная » Файлы » География, Экономикалық география, Геология, Геодезия

Пәкістан
01.12.2011, 19:30
Кіріспе
Қазіргі таңда әр мемлекеттің өткен тарихының зерттелуі, зерделенуі – болашағы үшін таптырмас құндылыққа айналып отыр. Себебі өткенге қарап, болашақты жоспарлауға, дамудың әр сатысында оңтайлы жолдарды таңдауға болады. Әлем бір орында еш уақытта тұрған емес. Сәйкесінше, әр елдің де өз тарихы, өз әлемі болып, және ол үнемі айналыс үстінде жүріп жатады.
Бүгінгі таңдалынып отырған тақырып – Пәкістан Ислам Республикасының тарихы. Аталмыш ел тарихы талай құндылықтарға бай. Және де оның тарихы туралы мәселенің зерттелуі өзекті мәнге ие. Пәкістанның құрылғанына дейінгі ежелгі тарихы, моғолдар заманы үрдісінің қалыптасуы, одан кейінгі Британ отарына айналған, тәуелсіздік алған жылдардағы жағдайы осы жұмыста сараланып жазылған. Тақырыптың өзектілігі – осы уақытқа дейін толық зерттелмеген және қарастырылмаған мәселелер мен қызықты фактілерді табу, толыққанды мағлұмат алу. Аталмыш тақырып осы уақытқа дейін талай ғалымдардың өзекті тақырыбына айналып келген. Қарастырған ғалымдардың ішінде В.И.Сотниковты атап кетуге болады.

Жалпы, Пәкістан Ислам Республикасы (ПИР) заң жүзінде 1947 жылы құрылған жас мемлекет, бірақ мұсылмандар бұл жерлерді жүздеген жылдар бұрын, ертеден қоныстанып келген. Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет Қытай, Иран, Ауғанстан, Үндістанмен шекараласып, Араб теңізімен шайылады. Мұсылман халқы Оңтүстік Азияға алғаш рет VIII ғасырда жаулап алушылар ретінде келді де, XIX ғасырға дейін ықпалды саяси күш ретінде сақталып келді. Пәкістан халқы жергілікті және көшіп келуші мұсылмандар ұрпақтарын құрайды.
Алғаш тәуелсіздігін Ұлыбританиядан 1947 жылы 14 тамызда алған мемлекет өзінің басқару формасы ретінде – президенттік республика жүйесін таңдап алды. Астанасы ретінде – Исламабад қаласын бекітті, кейін аталмыш қала мемлекеттің діни де мәдени астанасына айналды. Халқы ислам дінінің – сунниттік бағытын ұстанады.
Ірі қалалары ретінде Карачи, Лахор, Исламабад атауға болады. Мемлекет негізінен мұсылман халықтарынан тұрады, мемлекеттік тілі – урду тілі. Аймақта халық қоныстануы жағынан алдыңғы орындарда, саны бойынша әлемде 6-шы орын алады. Яғни қазіргі таңда пәкістандықтар 172 млн. саналады. Жалпы, әлемдік деңгеймен салыстырғанда, Пәкістан мемлекеті деңгейі орташа саналады.

І.Ежелгі және орта ғасырлардағы Пәкістан
1.1. Ежелгі Пәкістан
Қазіргі Пәкістан жерінде б.з.б. III-II мыңжылдықта ежелгі өркениет ошағының бірі – ертедегі үнділік Хараппа мәдениетіне жататын мемлекеттік бірлестіктер өмір сүрді. Б.з.б. II мыңжылдықтың орта шенінде арийлер келіп қоныстанып, кейіннен үнді-арий халықтары қалыптасты. Б.з.б. VII-VI ғасырларда Пәкістан жерінде алғашқы үнді-арий мемлекеттері – Мадра, Гандхара, Саувира т.б. құрылды. Б.з.б. VI ғасырдың аяғында Үнді өзені мен оның тармақтары алабындағы жерлер Ахемен әулеті билігіне қарады. Б.з.б. 327-325 жж. Үнді өзені алабындағы жерлерді Александр Македонский жаулап алып, оның империясы ыдырағаннан кейін Пәкістан аумағында Грек-Үнді патшалығы пайда болды. Б.з. I-III ғасырларында Үнді өзені алабы Кушан патшалығына қарап, оның астанасы Пурушапура (қазіргі Пешавар қаласы) болды. Кушан патшалығы – буддизмнің бірінші ошағы. Кушан патшалығы құлағаннан кейін, Пәкістан жерінің батыс аймақтары Сасани әулеті, ал шығысы – Гупта әулеті империяларының құрамына кірді. V ғасырдың 2 жартысында бұл жерлерде хиониттер немесе эфталиттер (Ақ ғұндар) билік құрды. VIII ғасырдың басында Синд пен Пенджабтың оңтүстік бөлігін арабтар жаулап алып, ол жерлерге ислам дінін таратты. XI ғасырдың басында Үнді өзені алабын Ғазнауи әулеті, XII ғасырдың аяғында Гури әулеті, XIII ғасырдың басында Дели сұлтандығы жаулап алды [2;331].
1.2. Үндістандағы алғашқы мұсылман мемлекеттері
710-716 жж. омейяд әскербасшысы Мұхаммед ибн Касимнің бастауымен Синд пен оңтүстік Пенджаб алынды. Мұсылмандықты қабылдамаған адамдарға жаңа арабтар заң қабылдады – джизия жан басы салығын төлеу. Бірақ оларға мәдени бостандық берілді. Үндістерге әскерге бару міндетті емес еді, ал барған жағдайда олар салықтан босатылып, қосымша еңбекақы мен сыйақы алатын болған.
1000-1027 жж. Махмұд Ғазнауи сұлтан Үндістанға 17 рет жорық ұйымдастырды. Оның империясы Исфахан мен Самарқандтан Лахорға дейінгі жерлерді алып жатты. Көптеген мұсылман қауымдастықтары Үнді өзені алабындағы жерлерді жаулап алған аумақ емес, өздерінің туған жерлеріндей санады.
Ғазнауи әулеті ойлағандай мықты болмады, сондықтан 1185 жылы Үнді алабы Гуридтер державасының иелігіне көшті. Бұл оқиға Муиз-уд-дин сұлтан кезінде болды. Ол мұсылмандықты барлық Солтүстік-батыс Үндістан, Бенгалия мен Бихарға таратты. 1206 жылы Пенджабта өлтірілген Муиз-уд-дин сұлтанның ізбасарлары Үндістандағы жерлерін қолдарында ұстап қала алды. 1526 жылы Бабур Ұлы Моғол династиясын құрды, тарихта бұл уақыт Дели сұлтандығының кезеңі деп аталады. Бұл кезде 300 жыл ішінде 40 астам сұлтан ауысты, олар 5 мұсылман династияларына жатқызылады: Гулям (1206-1290), Хильджи (1290-1320), Туглакид (1320-1414), Саид (1414-1451), Лоди (1451-1526). Дели державасындағы әкімшілік орындарды көбінесе мұсылмандар иеленді. Азаматтық мәселелерді шешу үшін үнділер өздерінің қауымдық соттарын құрған (панчаят) [2;332].
Ислам дінінің ықпалы сол уақытта Үндістанда күшейген еді. Дінді қабылдауға ешкімді мәжбүрлеген жоқ. Арнайы оқытылған адамдар, әсірісе суфийлер дінді уағыздаумен және оны субаймақтың әр түкпіріне таратумен айналысты. Үнділер мен мұсылмандардың арақатынасы урду тілінің қалыптасуына әкелді, ол Солтүстік Үндістанның диалектісі негізінде қалыптасты. Хинди тілі де осы негізде пайда болды, бірақ санскриттің ықпалы көп болғандықтан өзгеріске ұшырады. XVII-XVIII ғғ. урду тілінің қазіргі жаңа әдеби стандарты қалыптасты, бұл стандарт парсы-араб графикасы мен исламның идеяларын қолданды. Урду тілі Оңтүстік Азиядағы мұсылман мәдениетінің күшті құралына айналды.
XVIII ғасырда Ұлы Моғол империясы ыдырағаннан кейін Синд, Белуджистан, Пенджабта сикх ұлтшылдығының өршу кезеңі болды. XIX ғасырда Пәкістан аумағы ағылшындармен басып алынды да, Британдық Үндістанның құрамына енгізілді.
Мемлекеттің негізін салушылардың бірі — Мұсылман Лигасының басшысы Икбал ақын. 1930 жылы Икбал тәуелсіз мұсылман мемлекетін құруды ұсынды. Жоспар бойынша оның құрамына Пенджаб, Синд, Белуджистан мен Пәкістанның солтүстік-батыс шекаралық аймағы кіру керек еді. Мемлекеттің атауын 1933 жылы Кембриджде оқып жүрген мұсылман студенті Чаудри Рехмат Али ұсынды. Пәкістан — «тазалар қаласы» дегенді білдіреді, атуы акроним болып табылады: «П» — Пенджаб, «А» — шекарадағы ауғандықтар (яғни СБША-ның пуштундары), «К» —Кашмир, «С» — Синд, «тан» — Белуджистан.
1947 жылы Британдық Үндістанды бөлу уақытында Мұсылман Лигасының арқасында Пәкістан мемлекеті қалыптасты. Оның құрамына Үндістанның мұсылман халқы басым солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс аудандары кірді. Пәкістанның бірінші генерал-губернаторы болып Джинна, ал мемлекеттің премьер-министрі болып Лиакат Али Хан тағайындалды [1;193].
1971 жылы Шығыс Пәкістан тәуелсіз Бангладешке айналды. 1965, 1971жж. Пәкістан Үндістанмен соғыс қимылдарын жүргізді. 1977 жылы елде әскери төңкеріс болды. 1988 жылы 17 тамызда әуе апатында қаза тапқан президент Зия-уль-Хакадан кейін билік азаматтық үкіметтің қолына көшті.
1.3. Ұлы Моғол империясы
Бұл мемлекет өзінің мәдениет, өнер саласындағы жетістіктерімен ерекшеленеді. 1526 жылы Бабур құрған бұл ел оның немересі Акбар билікке келгеннен кейін ғана консолидацияланды. Ол үнділермен барынша жақындасу саясатын ұстанды. 1579 жылы джизия жан басы салығы жойылды. Үнді шіркеулері мемлекет бақылауына алынды. 1580 жылы Акбар жаңа дін – Дин-и иллахиді енгізетінін хабарлады, яғни көп құдайлыққа сенбеу және одан бас тарту. Бұндағы мақсаты – мұсылман мен үнділерді, мемлекеттік шенеуніктерді тең дәрежеде ұстау, бір–біріне жақындату. Акбар тұсында жерге жаңа салық түрі енгізілді, ағылшындар саясатын қайта қарастырды.
Акбардың ізбасары император Джахангир де «секуляризацияланған» мемлекет құруға талпынды. Джахан шах империяны мұсылман державасына айналдырды. Аурангзеб әкесінің саясатын одан әрі жалғастырды: ислам дәстүрлеріне байланысты бірнеше декреттер шығарды. Императордың келісімі мен рұқсатынсыз салынған үнді шіркеулері жойылды, ал жаңаларын салуға тыйым салынды. 1679 жылы үнділер қайтадан джизия салығын төлеуге міндетті болды.
Қоғамда болып жатқан әділетсіздіктер салдарынан елде үнділер тарапынан көптеген бас көтерулер орын алып жатты: 1679 жылы Нарнаулда сатнами сектасының көтерілісі, 1675 жылы сикх гуруы Тегх Бахадүрдің шеруі, 1679 жылы раджпуттардың бас көтеруі мен 1680–1707 жж. маратхалармен болған азамат соғысы орын алды. Аурангзеб жүргізген соғыстар нәтижесінде Акбар орнатқан 2 халық арасындағы тату көршілік және саяси, мәдени қатынастар жойылды. XVIII ғасырда үнді, мұсылман, сикх қауымдастықтары билік үшін өзара таласты. Сол кездегі жағдайды пайдаланған Ұлыбритания барлық билікті өз қолына шоғырландырды [4].
1.4. Британдық Үндістан мен Пәкістанның құрылуы
XVIII-XIX ғғ. Ұлыбритания өз бақылауын барлық Үндістанға және кейін Пәкістанның құрамына кірген аумақтарға таратты. Бенгалия 1757 жылы, Синд 1843 жылы, Пенджаб 1849 жылы жаулап алынды. 1857 жылы сипайлардың ағылшындарға қарсы бас көтеруі болды, олар биліктің Үндістан билеушісі Бахадүр шах II-ге берілуін талап етті. Көтеріліс басылып-жанышталды. Бахадүр шах II айыпталып, Рангунға өмір бойына жер аударылды, Ұлы Моғолдар империясы осылайша өмір сүруін тоқтатты.
1857 жылдан кейін Үндістандағы ислам қауымдастығының көшбасшысы болып Саид Ахмад-хан тағайындалды. Оның бағдарламасы – Ұлыбританиямен достық қарым-қатынас орнату және батыстық білім беру жүйесін қабылдау. 1875 жылы Ахмад-хан Алигарх қаласында мұсылмандық университетін ашты. 1883 жылы оның талап етуімен ағылшын билік органдары үнділер мен мұсылмандарға арналған сайлау курияларын ұйымдастырды. Ислам қағидаларын ұстанушылар Үндістан Ұлттық Конгресінен шығып кетті. 1906 жылы Дакка қаласында Жалпыүнділік Мұсылман Лигасы құрылды да, Пәкістанның құрылуы үшін күрес жүргізді. 1909 жылы қабылданған «Морли–Минто реформасы» сайлау органдарындағы мұсылман мен үнділерге берілетін құқықты айқындады. Бұл принцип кейінгі заңдарда да қолданылып жүрді.
1920 жж. үнділер мен мұсылмандар Махатма Ганди идеологиясы аясында бірігіп, Ұлыбританияға қатысты азаматтық қарсы тұру және бағынбау принципін ұстанды. 1920–1930 жж. елде Мұхаммад Али Джинна мен ақын Мұхаммед Икбалдың беделі өсті, олар ислам қауымын Үндістанның бөлінуі туралы идеясына даярлады. Икбал Бенгалия мәселесін қозғамай, субаймақта дербес бір мұсылман мемлекетін құру идеясын Мұсылман Лигасының сессиясында баршаға ұсынды. 1940 жылы 23 наурызда Лахорда Мұсылман Лигасы Пәкістан мемлекетінің құрылуын хабарлады. 1940 жылғы Лахор декларациясы: «халықтың басым көпшілігі мұсылмандар болып табылатын аймақтар, мысалы солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс Үндістан, бір елге бірігіп, автономия статусы мен егемендігін алу керек». 1946 жылы Ұлыбританиядан жіберілген арнайы топ Үндістанның біртұтастығын сақтауға арналған жоспар дайындады. Ол бойынша мұсылман халықтарына аймақтық автономия берілуі тиіс және мұсылмандар тұратын жерлерді 2 шартты географиялық аймаққа бөлу мәселелері қарастырылған. Біріншісіне – солтүстік–батыс Белуджистан, СБША, Пенджаб, Синд; екіншісіне – солтүстік–шығыс Ассам мен Бенгалия жатады. Үндістанның қалған бөлігі бірыңғай үнді жері болып саналды. Орталық үкіметке биліктің кішкентай бөлігі ғана тиді. Дегенмен, бұл жоспарды Ұлттық Конгрес қабылдаған жоқ, сондықтан Британдық Үндістанды бөлуден басқа ештеңе қалған жоқ. 1947 жылы 14 тамызда әлемнің саяси картасында 2 тәуелсіз мемлекет құрылды – Үндістан мен Пәкістан [3;260].

II. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Пәкістан
2.1. Бангладеш бөлінгенге дейінгі және тәуелсіздік кезіндегі Пәкістан: 1947–1971
Тәуелсіздік алғаннан кейін Пәкістан тұрақты саяси институт құруда көптеген қиындықтарға тап болды. 1947-1958 жж. Үндістанды басқару Заңы және тәуелсіздік декларациясына сәйкес елде парламенттік жүйе қалыптасты. 1958 жылы генерал Айюб Ханның басшылығымен елде әскери режим орнады. 1960 жылы президенттік сайлау өтті, Айюб Хан жеңіске жетті. Елде мемлекеттік конституцияны жасауға арналған комиссия құрылды, 1962 жылдан бастап ол заңды күшіне енді. Әскери режим тек 1962 жылдың маусымында тоқтатылды. 1965 жылы Айюб Хан конституциялық жолмен Пәкістан президенті болып қайта сайланды. 1969 жылы елде қайтадан әскери тәртіп орнады да, билік басына генерал Яхья Хан келді. 1971 жылы отставкаға кетті.
1947 жылғы Британдық Үндістанның бөлінуі мұсылмандар мен үнділердің арасындағы аражікті туғызды: 6,5 млн. мұсылман Үндістаннан Пәкістанға және 4,7 млн. үнділер мен сикхтар керісінше Үндістанға жер аударды. 500 мыңдай адам діни қақтығыстар мен миграция салдарынан қаза тапты.
Субаймақтағы жағдайдың тұрақтануы мен жақсаруына Кашмир шиеленісі кедергі болды. 1947 жылға дейін Британдық Үндістанда 584 княздық болды, енді олардың алдында тұрған үлкен сұрақ – қай мемлекеттің құрамында қалу. 1947 жылы Кашмир махараджасы өз таңдауын Үндістан пайдасына шешті. 1947 жылы басталған үнді және Пәкістан қарулы күштері арасындағы қақтығыс тек 1948 жылы БҰҰ–ның араласуымен аяқталды. Бұл мәселе төңірегінде Кашмир тұрғындары арасында референдум өткізу туралы ұсынысты Үндістан қолдамады. 1965 пәкістандықтар Кашмирдегі әскери істерін жалғастырады, бірақ олар басылып тасталды. 1966 жылы Үндістан премьер–министрі Лал Бахадүр Шастри мен Пәкістан президенті Айюб Хан Ташкентте кездесіп, соғысты аяқтау және әскерлерін әкетуге келісті.
1949 жылы Ұлттық жиналыс мұсылмандарға қатысты жаңа резолюцияны қабылдады: «мұсылмандар өмірде тек Қасиетті Құран мен Суннада берілген ислам қағидаларына сүйену керек». 1956 жылы 29 ақпанда конституция қабылданды, ол бойынша 1956 жылы 23 наурызда федеративті Пәкістан Ислам Республикасы жарияланды. Мемлекеттің президенті болып тек мұсылмандар ғана тағайындала алатын болды. Бұл бап 1962 жылғы конституцияға да қатысты болды. Осы орайда елде исламдық идеологияға қатысты Кеңесуші комитет пен исламды оқытатын Институттар ашылды.
Сайлау курийлері туралы мәселе үлкен маңызға ие болды, өйткені Шығыс Пәкістан халқының 20%–ын үнділер құрады. 1950-1952жж. провинциалды заң шығарушы мекемелерде сайлау туралы заң қабылданды. 1954 жылғы Шығыс Пәкістандағы сайлау нәтижесінде 309 депутаттың ішінде 72–сі мұсылман емес еді. Айюб Хан кезінде де парламенттік сайлаулар өткізілді.
Батыс Пәкістан тәуелсіздігін алған тұста 4 провинция мен 10 княздық болған еді. Бенгалдықтар Шығыс Пәкістаннның Батысқа қарағанда көп құқыққа ие болуын талап етті. Нәтижесінде екі тарап та тең құқықтарға ие болды [3;263].
Шығыс Пәкістан қалыптасқан жағдайға наразы болды. Шығыс пәкістандықтардың 15%–ы мемлекеттік аппаратта, ал 17%–ы қарулы күштерде жұмыс істеді. 1953 жылғы өндірістік даму АҚШ көмегімен байланысты, ол Батыс Пәкістанды КСРО–дан төнген қауіптен сақтады.
1966 жылы Авами лиг Шейх Рахман өзінің 6 пункттен тұратын бағдарламасын ұсынды:
1. федералды үкіметтің парламант алдындағы жауапкершілігі;
2. сыртқы істер министрлігінің құзыретін шектеу;
3. екі мемлекетке де жаңа валюта енгізу;
4. барлық салықтарды орталықтан провинцияларға ауыстыру;
5. сыртқы сауда жүргізу үшін екі тарапқа да басқа мемлекеттермен келісімге отыру құқығы;
6. Батыс және Шығыс Пәкістанда тұрақты әскер құру [4].
Шығыс Пәкістанда бұл бағдарламаға қатысты үгіт–насихат жұмыстары жүргізілді. Сол себепті Миджибур бұл әрекет үшін айыпталып, қамауға алынды. 1969 жылы елде Айюб Ханның билігіне қарсы жалпыұлттық наразылықтар болды. Айюб Хан мәселені шешу үшін Дөңгелек үстел ұйымдастырды, оған саяси қарсыластарын шақырды, бостандыққа шыққан Миджибур алты пункт негізінде жаңа конституцияның қабылдануын ұсынды. 25 наурызда отставкаға кеткен Айюб Ханның орнын генерал Яхья Хан басты.
Яхья Хан батыс Пәкістанда бұрынғы 4 провинцияны қалпына келтірді және Пәкістан тарихында алғаш рет Ұлттық парламентке жалпыхалықтық сайлау өткізді. Бұл сайлауда Шығыс Пәкістан басымдыққа ие болды. Авами лиг 162 орынның 160-на ие болды. Бұл жеңіске олар Миджибурдың принциптері мен үгіт-насихат арқылы жетті. Пәкістан халқының партиясы (ПХП) 138 орынның 81-не ие болды, оны Зульфикар Али Бхутто басқарды.
Миджибур жаңа конституция оның бағдарламасына сүйену керектігін айтты. Сондықтан Яхья Хан парламенттік сессияның ашылу салтанатын кейінге қалдырды.
2 наурызда Миджибур Шығыс Пәкістанда жалпыхалықтық бас көтеру ұйымдастырды, халық Дакка және басқа да қалалар көшелеріне шығып, шеру ұйымдастырды. Олар билік халықтың қолына түспейінше салық төлеуден бас тартты. Яхья Хан келіссөз жүргізу үшін тағы да Дөңгелек үстел ұйымдастырмақшы болды, алайда Миджибур бұл ойдан бас тартты. Шығыс Пәкістанда параллельді жұмыс істейтін Авами лиг үкіметі құрылды. Шығыс Пәкістандық әскери құрылымдар Миджибуромен одақ құрды. Яхья Хан Даккада конституциялық мәселелер бойынша Миджибуро, Бхуттомен кездесті, бірақ кездесулері сәтсіз өтті, ешқандай компромисске келе алмады. 26 наурызда Яхья Хан Шығыс Пәкістанда соғыс қимылдарын бастауға бұйрық берді және Миджибуроны қамауға алды.
Орталық үкімет пен «мукти бахини» күштерінің арасында Бангладеш үкіметін құру үшін қанды соғыс басталды. Пәкістан Бангладеш тәуелсіз мемлекетін құруға қарсы болды. Миллиондаған адам Үндістанға қашып кетті. 1971 жылы Пәкістан әскері Шығыс Пәкістан аумағында өз бақылауын орнатты. Үндістан бұл жағдайда «муктилерді» қолдап, соғысқа араласып кетті. Үшінші үнді-пәкістан соғысы халықаралық қатынастарды шиеленістіріп жіберді, өйткені КСРО Үндістанды, ал АҚШ пен Қытай Пәкістанды қолдады. 1971 жылы 16 желтоқсанда үнді әскері Даккаға басып кірді, сондықтан Пәкістан топтары кейін қайтуға мәжбүр болды. Бангладеш тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Елдің бірінші президенті болып Миджибур Рахман тағайындалды [5].
2.2. 1971 жылдан кейінгі Пәкістан
1971 жылы 20 желтоқсанда Яхья Хан отставкаға кетті. Пәкістан президенті болып Зульфикар Али Бхутто тағайындалды. Президенттің атқарған 1-ші ісі – Үндістан премьер-министрі Индира Гандимен келіссөз жүргізуі: үнді әскерінің Пәкістаннан кетуі туралы. Екі ел арасында сауда және көлік байланыстары да қалпына келтірілді. Пәкістан мен АҚШ қатынастары да нығайды, сонымен қатар оған Сауд Арабиясы, БАӘ, Ливия, Иран көмек көрсете бастады.
Бхутто әскери тәртіпті жойды да, жаңа конституцияның жобасын қабылдады, елде парламенттік жүйе қалыптасты. Провинциялардың құзыреттері артты. Діни топтар үшін сайлау курийлері ашылды. «Исламдық социализм» идеясын негізге ала отырып, Бхутто жеке меншік банктерді, оқу орындарын, сақтандыру компанияларын, ауыр өнеркәсіп орындарын мемлекет меншігіне алды. Аграрлық реформа нәтижесінде жалға алушылар жердің көп бөлігіне ие болды. Шенеуніктер, әскери адамдар және ауыр өнеркәсіпте істейтіндердің еңбекақылары артты. Қаражаттың көп бөлігі ауылдағы өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталды. Дегенмен, сырттан келетін мұнайдың бағасы 4 есе және күнделікті қолданыстағы тауардың бағасы 2 есе өсті, Бхуттоның авторитеті түсе бастады. Бұл уақытта елде Халықтық Ұлттық Партия (ХҰП) мен Джамиат-и улама-и ислам партиялары болды. 1973 жылы Бхутто оларды отставкаға жіберді [3;268].
1977 жылы наурызда парламент пен провинциалды заң шығарушы органдарға сайлау өтті. Оппозиция сайлаудың нәтижесімен келіспей, бас көтеру ұйымдастырды, нәтижесінде 270 адам қаза тапты. 5 шілдеде әскер Бхуттоны тақтан тайдырды да, елде әскери режим орнататты. Генерал Мұхаммед Зия-уль-Хак Бас әскери администратор қызметінде, ал содан кейін Пәкістанның президенті болып тағайындалды. Ал Бхуттоға көптеген айып тағып, жала жауып, өлім жазасына кесті.
Зия ислам қағидаларына сүйенді, мемлекеттің заңдарын дәстүрлі мұсылман нормаларына сәйкестендірді. Пәкістан мен АҚШ арасында достық қатынастар сақталды, Ауғанстандағы азамат соғысынан кейін КСРО-мен қатынастары жақсарды. Мемлекеттің жаңа саяси құрылымдарын жасады: Федералды Консультативті Кеңес (ФКК) құрылды, парламентке және жергілікті органдарға сайлау өткізілді, жалпыхалықтық референдум өтті, исламизация стратегиясы қабылданды, азаматтық үкімет құрылды. Оның премьер-министрі болып Мұсылман Лигасының көшбасшысы Мұхаммед-хан Джунеджо тағайындалды. Ең ықпалды көшбасшы болып Пәкістан Ұлттық Партиясын (ПҰП) басқарған Беназир Бхутто танылды. 1988 жылы мамырда Кеңес Үкіметі өз әскерін Ауғанстаннан шығарғанда Зия үлкен саяси жетістікке ие болды. Маусымда Зия Джунеджо үкіметін отставкаға жіберіп, парламентті таратты.
1988 жылы 17 тамызда Зия әуе апатында қаза тапты. Оның орнын Сенат төрағасы Гулам Исхак Хан басты. Қазан айында өткен сайлауда Беназир Бхутто жеңіске жетті де, премьер-министр постын алды. Елде әлеуметтік, саяси салаларда реформалар жүргізді. Белгісіз себептермен Бхутто отставкаға жіберілді, орнына Мұхаммед Наваз Шариф келді.
1993 жылғы сайлауда ПҰП жеңіске жетті де, Бхутто қайтадан билікке келді. Парламенттің шешімі бойынша президент болып Сардара Фарук Ахмед Легари тағайындалды. 1997 жылы ПМЛ ҰЖ-та дауыстың 2/3-не ие болды, Шариф министрлер кабинетін құрды. Жаңа президент қызметіне Рафик Тарар келді.
1998 жылы мамырда Пәкістан Үндістанда атом сынақтарын өткізді. АҚШ екі мемлекетке де санкциялар қолданды, олар Пәкістанның әлсіз экономикасына өте ауыр тиді. Пәкістанда диктаторлық режимнің пайда болу қаупі болды.
Наваз Шарифті биліктен тайдырғаннан кейін билікті әскерилер өз қолына алды. Әскери әкімшілікті генерал Первез Мушарраф басқарды. Бірақ ол халықтың үмітін ақтай алмады. Сол уақытта Джамаат-и ислами партиясының көшбасшысы Хуссейн Ахмад Мушаррафты биліктен тайдыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасап, халықты «революцияға» шақырды.

Қорытынды

Сан ғасырлық тарихын бастан кешірген Пәкістан мемлекетінің қазіргі таңдағы жағдайы аталмыш жұмыстың бөліктерінде сараланып айтылды. Негізінен, өзінің даму жолында талай қиындықтарды бастан кешірген ел, бүгінде өткен қалыпты даму жолына түсіп келеді. Мемлекеттің әрі қарай дамуына мемлекет қайраткерлерінің де көрсеткен ерен еңбектері аз емес.
Пәкістанның қазіргі кездегі дамуын орта деңгейде деп айтуға болады. Елдің қарқынды дамуына кедергі болып отырған – әлі күнге дейін толығымен шешіле алмай жатқан халықаралық саяси мәселелер. Кашмир мәселесі әлі күнге Үндістанмен екі ортаға от салып келеді. Негізінен ислам мемлекеті болғандықтан Пәкістанда дін қағидаларын қатаң сақтауы да жергілікті басқа дін өкілдерінің қақтығысын тудыруда.
Мемлекеттің қарыштап дамуына үлкен жағдайлары бар. Экономикасының басым салалары: газ. су, көмір, мұнай. Әлемдегі мақта, күріш экспортерлер көшбасшыларының бірі. Одан басқа арзан жұмысшы күші, өткізу нарығының болуы экономикаға әсерін тигізбей қоймады. Елдің табиғи-экономикалық әлеуеті зор. Көптеген пайдалы қазбалардың кендері әлі күнге дейін толығымен ашылмаған.
Болашағынан зор үміт күттіретін зор әлеуеттік жағдайы мемлекеттің дамуына күш беріп келеді. Мемлекет әділ басшы мен стратегиялық нақты құрылған саясат арқылы өз жоспары мен әрі қарай даму жолдарын жүзеге асыратын болса, келешектен үлкен үміттер күтуге болатынына кәміл сенемін.
Категория: География, Экономикалық география, Геология, Геодезия | Добавил: Zufar
Просмотров: 3765 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1

Пятница

Автор:

Сообщение #1. [Материал]
Btftmx


order lipitor 20mg pills <a href="https://lipiws.top/">order lipitor 80mg</a> buy generic atorvastatin


Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии