Сегодня 25.04.2024
Казахстанское время 22:26
Главная » Файлы » Биология, Валеология, Зоология, Анатомия, Медицина

Көпқылтандылар класы
29.11.2011, 20:21
Полихеттердің 5000-нан астам түрі бар, көпшілігі теңіздерде тіршілік етеді, тек Manayukia baicalensis тұщы суларда кездеседі. Денелерінің ұзындығы бірнеше миллиметрден үш метрге дейін (Eunice gigantea). Басым көпшілігі жүзіп, ал кейбіреулер бекініп немесе топырақты қазып тіршілік етеді, «үйшіктер», түтікшелер жасайды. Паразиттік тіршілік ететін түрлері де кездеседі.

Құрылысы мен физиологиясы. Полихеттердің денесі құрттәрізді, созылыңқы, аздап арқа құрсақ бағытында сопайған немесе цилиндр пішінді. Бас, тұлға, аналь (пигидий) бөлімі бар. Тұлға бөлімі біркелкі бөлшектелген гомономды сегменттерден тұрады, сегменттерінің саны 5-тен 800-ге дейін болады. Сегменттерінің саны аз болса бұларды аз сегментті немесе олигомерлі полихеттер деп атайды, ал көп болса – көп сегментті немесе полимерлі полихеттер.

Бас бөлімі екі сегменттен құралған: ауыз алды немесе – простомиум және ауыз сегменті – перистомиум. Простомиумда көру мүшелері, қармалағыштары /антенна/ және пальпалары орналасқан, ал перистомиумда – ауыз тесігі және бірнеше мұртшалары -цирралары.(18 -сурет).

18- сурет. Nereis pelagica: А – бас бөлімі; 1 – простомиум, 2 – антенна (мұртша), 3 – пальпа, 4 – көздері, 5 – перистомиум, 6 – цирра, 7 – параподия (тұлға сегментінде); Б – параподия; 1,2 – нотоподия, 3 – арқа циррасы, 4 – нейроподия, 5 – қүрсақ циррасы, 6 – қылтандар, 7 – сүйеніш қылтан (ацикула)

Тұлға бөлімі біркелкі гомономды сегменттерден тұрады, олардың әрқайсысының бүйірінде метамерлі және жұптасқан өсінділер немесе параподия деп аталатын жалғанаяқтары орналасады. Параподия екі мүшеленбеген бұтақшадан түрады: арқа /нотоподия/ және қүрсақ /нейроподия/. Параподидің арқа және құрсақ бөліктерінде мұртшалары /цирралары/ және қылтандары шоғырланған. Мұртшалары сезу қызметін, ал қылтандары жылжу қызметін атқарады. Қылтандар – жіңішке, хитинге жақын органикалық заттан құралған. Осылардың арасында ацикула деп аталатын қатты, мықты ішкі сүйеніш қылтандары да болады. Қылтандарының көп болатындығынан класс көпқылтанды құрттар деп аталады (грек тілінде роly – көп, сһаеtа – қылтан).

Параподиялардың және қылтандарының көлемі, формасы, саны әр түрлі. Кейбір қозғальш өмір сүретін полихеттерде параподияларының үстінде тарамдалған өсінділері бар, олар – желбезектер / Eunice түсында/. Бекініп тіршілік ететін түрлерінде параподиялар денесінің алдыңғы жағында ғана дамыған, ал денесінің артқы жағында олар жойылып, тек қылтандары ғана сақталған, солар арқылы құмды қазады. Ал Dinophilus- туысының өкілдерінде параподиялары мен қылтандары жоқ.

Құйрық бөлімінің немесе пигидияның сегменттері 5-6 ғана, олар тұлға сегменттерінен өзгеше, өте жіңішке, целом қуысы және параподиялары жоқ.

Көпқылтандылардың денесі бір қабатты эпителимен қапталынған. Эпителий өзінің сыртқы жағына жұқа кутикула бөліп шығарады. Эпителиінде без клеткалары көп. Бекініп тіршілік ететін полихеттерде без клеткаларының сыртқа шығарған, қатқан сілекейінен хитин тәрізді түтікше пайда болады, ал Telepus туысының өкілдері шығарған сілекейіне құмның ұнтағын жабыстырып, мықты түтікше немесе «үйшік» жасап алады.

Эпителидің астында тері-бұлшықет қапшығы орналасқан. Ол сыртқы сақина тәрізді және ішкі ұзына бойы бұлшықеттерден құралған.

Целом. Полихеттердің ішкі мүшелері дененің қуысында жатады, сол қуысты екінші немесе целом қуысы деп атайды. Целомның бірінші қуыстан ерекшелігі – арнайы қабаты болуыңда. Тері-бұлшықет қапшығын астарлайтын қабаты соматоплевра (париеталь), ал ішек пен қан тамырларын астарлайтын – спланхноплевра (висцеральдық) деп аталады және арқа, құрсақ мезентериялық перделері болады. Осы арқа құрсақ перделері арқылы целом (оң жақ және сол жақ) екі бөлікке бөлінген (целом қапшығына). Дененің іш қуысы көлденең перделер немесе диссепименттер /септалар/ арқьшы жеке камераларға бөлініп тұрады, мұндай камералар сыртқы сегментацияға сәйкес. Целом қуысы сұйық затқа толы.

Целомның негізгі қызметі – тірек, зәр шығару, тасымалдаушы және сол қуыста ұрық клеткалар пісіп жетіледі.

Ас қорыту жүйесі эктодермальды алдыңғы, энтодермальды ортаңғы және эктодермальды артқы ішектен құралған. Ауыз тесігі перистомиум сегментінде орналасқан, ал аналь тесігі құйрық бөлімінде. Алдыңғы ішек бірнеше бөлімнен: ауыз қуысы, жұтқыншақ және оның жіңішкерген жері – өңештен тұрады. Ортаңғы ішегі ұзын, ал артқы ішегі қысқа. Еркін жүзетін көпқылтандылардың жұтқыншағының ішкі қабырғасында хитинді өткір тісшелері немесе жақ тақталары болады.

Полихеттердің басым көпшілігі – жыртқыштар, ұсақ жануарлармен қоректенеді, тіпті ұсақ балықтарды да ұстайды, ал тіркеліп тіршілік ететін полихеттер лайлы құмдағы тұрлі жәндіктермен және детриттермен /өсімдіктер, жануарлар қалдықтарымен/ қоректенеді.

Зәр шығару жүйесі метанефридиялы. Денесінің әрбір сегментінде оң және сол жақтарында зәр шығару түтіктері орналасқан, олардың алдыңғы ұшы воронка түрінде кеңейіп целом қуысына ашылады. Бұл нефростом (грек тілінде «нефрос» – бүйрек, «стома» – ауыз), оның қабырғасы кірпікшелі клеткалардан құралған. Нефростома жіңішке түтікке жалғасады, ол диссепиментті тесіп өтіп, келесі сегменттің бүйір жағынан сыртқа қарай зәр шығару тесігімен – нефропорамен аяқталады. Сонымен, метанефридияның бір үшы целом қуысымен жалғасады да, екінші ұшы сыртқа ашылады, осындай жүйені сегменттелген жүйе деп те атайды. Полихеттердің төменгі сатыдағы түрлерінде зәр шығару жүйесі протонефридиялы құрылысты.

Тыныс алу жүйесі. Полихеттердің басым көпшілігі бүкіл денесімен, кейбір түрлері параподияларында орналасқан желбезек арқылы тыныс алады, ал желбезектері қан тамырларына бай келеді.

Қан айналу жүйесі тұйық қан тамырларынан тұрады. Ең басты ұзын арқа және құрсақ қан тамырлары. Олар көлденең сақина тәрізді тамырларымен жалғасқан. Осы қан тамырлардан ішкі мүшелеріне, желбезектеріне, терісіне ұштасқан майда қан тамырлары және капиллярлары тарап отырады. Қан басты тамырлардан майда тамырларға және капиллярларға өтіп, олардан қайта басты тамырларға оралып келеді, сондықтан қан айналу жүйесі жабық немесе түйық. Арқа қан тамырының және баска қан тамырларының мезгіл-мезгіл қысқарып жиырылуы нәтижесінде қан ағып отырады.

Арқа тамырындағы қан денесінің артқы жағынан бас жағына қарай ағады, одан кейін алдыңғы сақиналы тамырлары арқылы құрсақ тамырына өтіп, бұл жерден, яғни бас жағынан артқы жағына қарай ағады. Қан тамырларының қуысы бірінші қуыстың (схизоцель) қалдығы болып саналады.

Полихеттердің басым көпшілігінің қандары қызыл түсті, плазманың құрамындағы гемоглобиндердің болуына байланысты (Nereis, Arenicola туыстарының), қалғандарының қаны жасыл, себебі плазманың құрамында гемоглобинге жақын хлороклуорин т. б. заттар болады.

Олигомерлық полихеттерде Dinophilus, Myzostomum туыстарының және Glyceridae түқымдасының қан айналу жүйесі жойылған, оның қызметін қуыстың сұйық заты орындайды.

Нерв жүйесі жұп жұтқыншақ үсті немесе ми ганглиясынан, жұтқыншақ асты ганглиясынан, жұтқыншақ маңындағы сақина -коннективадан және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Жұтқыншақ асты ганглиясы құрсақ нерв тізбегінің бірінші нерв түйіні. Құрсақ тізбегі – метамерлі (әрбір сегментіңде) орналасқан нерв ганглияларынан тұрады.

Нервтер орталық нерв жүйесінен тарайды. Миы антенналарды, пальпаларды, көздерін нервтендірсе, құрсақ бөліміндегі әрбір ганглиялар өз сегментіне сай келетін мүшелерді нервтендіреді.

Еркін тіршілік ететін түрлерінде сезім мүшелері жақсы жетілген. Эпителиальды сезгіш клеткаларынан басқа, терісінде арнайы иіс және химиялық әсерді сезу мүшелері бар. Бұл қызметті атқаратын простомиумда орналасқаы антенналар, пальпалар, талшықтар, кірпікшелі шұңқырлар және параподиядағы мұртшалар (цирралар). Тепе-теңдікті сезетін статоцисталар өте аз.

Простомиумның арқа жағыңда, миының үстінде көру қызметін атқаратын 2 немесе 4 көздері бар, олар эпителий клеткаларымен астарланған көз ұяшығында орналасады. Эпителий қабаты тор қабықтың (сетчатканың) қызметін атқарады. Ол екі түрлі клеткалардан тұрады. Оның бір түрі жарық сезу клеткалары немесе ретинальды клеткалар. Олар бір жағынан жарық сезу таяқшасына айналса, екінші жағынан нерв жүйесімен жалғасады.

Alciopidae тұқымдасының көздері күрделіленіп, тері қабатынан бөлектеніп, тұйық көз көпіршігіне айналған. Оның мөлдір қабығы, тор қабығы, шыны тәрізді дене және көз жанары болады. Төменгісатыдағы полихеттердің көздері түбінде көру клеткалары бар пигменттік бокал сияқты турбелляриялардың көздеріне ұқсас инверттелген.

Жыныс жүйесі қарапайым. Жыныс диморфизмі байқалмайды. Жыныс клеткалары алдыңғы және артқы сегменттерінен басқа барлық, сегменттерінде қуыстың перитонеальды эпителий қабатының астында орналасады. Жыныс клеткалары тез бөлініп, жинақталып, сыртынан перитонеальды эпителидің жұқа қабатымен қапталады. Осылайша целоммен тығыз байланысты гонада түзіледі. Даму барысында алғашқы жұқа перитонеальды эпителимен қапталған гонада жарылады да, жұмыртқалары немесе сперматозоидтары целом қуысына түседі. Осы жерде жұмыртқалар дамып жетіледі. Кейбір полихеттердің жұмыртқа шығарғыш жолдары жоқ, сондықтан олардың ұрықтары дененің қабырғасын тесіп сыртқа шығады. Жұмыртқалар сырттай ұрықтанады.

Полихеттерде жынысты көбеюмен бірге жыныссыз көбею де байқалады. Мысалы, Nereidae, Eunicidae тұқымдастарының өкілдері жынысты және жыныссыз жолмен де дамиды. Бұлардың денесі екі ерекше бөлімдерге бөлінеді: алдыңғы атокты және артқы эпитокты немесе эпигамия. Екеуінің айырмашылықтары: атокты бөлімінің ішкі мүшелерінің құрылысы және сегменттері сол күйінде сақталып қалады, тек жыныс клеткалары бұларда дамымайды, ал эпитокия бөлімінің сегменттері күшті өзгерістерге ұшыраған, яғни ішкі мүшелері нашар дамыған, сегменттің іші жыныс жұмыртқаларына толы, сегменттерінде жалпақтау жүзу қалақшалары болады.

19 – сурет. Полихеттердің жыныссыз көбеюі: А – палоло Eunice viridis-тың эпитокты артқы жіңішке бөлімі; Б – Autolytus cornutus -тың эпитокиясы (эпитокты бөлімінің атокты бөлімінен ажырайтын жерінде басы пайда болған); В – Myrianida fasciata-ның бластозооидтері (1), 2-3 – үлғайтылып көрсетілген аталық бластозооид (2) жөне аналық бластозооид (3).

Эпиток бөлімдері әр түрлі жолмен атокты бөлімінен ажырап, теңіздің жоғарғы қабатына көтеріліп, жиналады. Осы жерде жыныс клеткалары сегменттерден суға шығарылып, жұмыртқалар ұрықтанып, бөлшектену кезеңі басталады. Ал атокты бөлімдері сол мекен ететін жерлерінде қалып, регенерациялық қабілеттілігіне байланысты жойылған сегменттерін қалпына келтіріп отырады.

Эпиток бөлімінің атокты бөлімінен ажырауы әр түрлі: палоло өкілдерінде (Eunice viridis) эпитокия сегменттері жеке-жеке үзіліп немесе бірнеше біріккен сегменттері үзіліп теңіздің жоғарғы қабатына көтеріледі; Autolytus cornutus-тың эпиток бөлімінің атокты бөлімінен ажырайтын жерінде басы пайда болып, эпиток бөлімі өз алдына бөгде особьқа айналады.

Полихеттердің жыныссыз көбеюі жыл маусымының белгілі бір уақытында өтеді. Мысалы, Тынық мүхитта тіршілік ететін палоло -Eunice viridis жылдың қазан немесе қараша айларында жаңа ай туған мезгілде жыныссыз жолмен көбейеді. Осы уақытта Фиджа және Самоа аралдарының жергілікті түрғындары теңіздің бетінде қалқып жүрген эпиток бөлімдерін жинап, тамаққа пайдаланады.
Категория: Биология, Валеология, Зоология, Анатомия, Медицина | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 4682 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 2.0/1
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии