Сегодня 19.04.2024
Казахстанское время 21:42
Главная » Файлы » Биология, Валеология, Зоология, Анатомия, Медицина

Бөлу жүйесінің физиологиясы
30.11.2011, 13:43
Бөлу үрдісінің маңызы
Зат алмасу үрдісі барысында бір жағынан организмге қажетті жаңа қосылыстар түзілсе, екіншіден организм пайдалана алмайтын түрлі ыдырау өнімдері пайда болады. Мысал ретінде несепнәр, зәр қышқылы, креатинин, аммиак т.с.с. атауға болады. Бұл өнімдер организмде көп жиналса, оның тіршілік әрекетіне үлкен зиян келеді, организм уланады, мұндай жағдай өлімге әкеп соқтырады. Сондықтан қалыпты жағдайда арнаулы мүшелер қызметі нәтижесінде уытты ыдырау өнімдерінің мөлшері организмнің ішкі ортасында артып кетпей бір деңгейде сақталады. Организмнің зат алмасу процесінің уьттты ыдырау өнімдерінен, түрлі бөгде заттардан, су, тұз және органикалық заттардың шамадан артық мөлшерінен арылуын қамтамасыз ететін процесті бөлу немесе экскреция деп атайды.

Адам мен жоғары сатыдағы жануарларда бөлу қызметін бүйрек, өкпе, тері, ас қорыту жолы атқарады. Өкпе арқылы организмнен көмір қышқыл газы, су, наркоздан кейін эфир мен хлороформ, алкоголь буы бөлінеді. Сілекей бездері мен қарын бездері кейбір ауыр металдарды, дәрі-дәрмектерді, бөгде органикалық заттарды бөледі.
Бауыр қанды тироксин, фолликулин гормоңдарынан, гемоглобиннің ыдырау өнімдерінен, азотты заттардың алмасу өнімдерінен тазартады. Ішек пен ұйқы безі арқылы ауыр металдар тұздары, өт пигменттерінің өнімдері бөлінеді. Бүйректе түзілетін зәр құрамында зат алмасу процесінің ақырғы ыдырау өнімдері – несепнәр, зәр қышқылы, аммиак, креатанин, креатин бөлінеді. Тері (тер бездері) арқылы су, минералды тұздар, азотты заттардың алмасу өнімдері (несепнәр, зәр қышқылы, ауыр дене жұмысы кезінде – сүт қышқылы) бөлінеді.

Аталған мүшелерден қүралған бөлу жүйесі организмді зат алмасу процесінің уытты өнімдерінен, бөгде заттардан тазартып, денедегі сұйықтың мөлшерін, осмостық қысым деңгейін, қанның иондық құрамын, қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті, гомеостазды сақтауда маңызды рөл атқарады.

Бүйректің құрылысы

Адам мен жоғары сатыдағы омыртқалы жануарлардың зор бөлу жүйесі қос бүйректен және олардан шығатын зәр ағарлардан, қуықтан, зәр арнасынан (каналынан) тұрады.

Бүйректің құрылысы өте күрделі. Ол сыртқы қыртыстық қабаттан және ішкі бозғылт заттан тұрады. Қыртыстық қабат нефрондардан құралады. Нефрон ішінде капилляр шумағы (Мальпиги шумағы) бар нефрон (Шумлянский-Боумен) капсуласынан басталады (28-сурет). Капсула қос қабырғалы бір қабат эпителий ториаларынан құралған тостаған пішінді кұрылым. Оның қабырғаларының арасында саңылау-қуыс жатады. Капсуланың ішкі қабырғасы капиллярлар шумағымен тығыз жанасып, сүзгіш мембрана құрайды. Капсулаға капилляр қабырғасы арқылы қаннан сүзіліп шыққан сұйықтық – алғашқы зәр – жиналады.

Капсуланың қысқа мойыны бірінші қатарлы (проксимальды) ирек түтікшелермен жалғасады. Бүйректің бозғылт қабатына жеткенде бұл түтікшелер жазылып жіңішкереді (қылталанады) де, теренцей созылып, нефрон (Генле) ілгегінің төмен кететін иінін түзеді. Бозғылт қабаттың бітер тұсында бұл түтікше ілгек тәрізді иіліп, қайта кеңейеді де, қыртыстық кабатқа қарай жоғары көтеріледі. Түтікшенің бұл бөлігін Генле ілгегінің жоғарғы иіні деп атайды Жоғары өрлеген бұл иін қыртыстық қабатта екінші қатарлы (дистальдық) ирек түтікшелерге айналады, ал олар жинағыш түтікшелермен жалғасады. Жинағыш түтікшелер тоғыса келіп еміздікшелер түзеді. Ал еміздікше түтікшелер зәрді бүйрек астаушасына құяды. Өз ретінде ол бүйрек қақпасынан басталатын несеп ағармен жалғасады. Осы баяндалған кұрылымдар нефрон деп аталады да, бүйректе зәр түзу процесін қамтамасыз етеді.

Адамның екі бүйрегінде 2 млн. астам, ірі қарада – 8 млн., шошқада -1,5, қойда -1 млн. нефрон болады. Нефронның ішкі беткейінің жалпы ауданы адамның екі бүйрегінде – 4-6 м2, ірі қарада – 39,5, шошқада – 7,2, қойда – 3,5 м2. Әрбір нефронның ұзьшдығы 30-50 мм, ал олардың ұзындығының жалпы қосындысы 60-70 км жетеді.

Бүйректің қанмен жабдықталуындағы ерекшеліктер

Қыртыстық қабатта артерия тамырлары нефрон капсуласына кіріп, онда ұзындығы 0,5 мм шамасындағы 30-50 капиллярларға тарамда-нады да, шумақ құрайды. Шумаққа қан жеткізетін тамырларды әкелуші тамырлар дейді. Аталған капиллярлар жинала келіп қанды әкететін артериялар құрайды. Қаңды әкелуші тамырлар диаметрі қанды әкетуші тамырлар диаметрінен 2 есе кең болады. Осымен байланысты шумақта қан іркіліп, оның қысымы с.б. 70-90 мм дейін көтеріледі. Шумақтан шыққан тамыр ирек түтікшелер мен нефрон ілгегі маңында қайтадан тарамданып, екінші рет капиллярлар торын құрайды. Осыдан кейін ғана капилляр тамырлардағы қан вена торына жиналып, бүйрек венасына құяды. Шумақтағы қысымның жоғары болуына бүйрек артериясының тікелей қолқа артериясынан басталуы және оның келтелігі де ықпал етеді.

Бүйрек қанмен өте мол жабдықталады, басқа мүшелермен салыстырғанда оған қан 20 есе көп келеді. Мысалы, адамның өр бүйрегіне минут сайын 750 мл қан келеді. Тәулігіне бүйрек тамырларынан 1700 л қан өтіп, оның 170 л мальпигий шумақтарында сүзіледі. Адам денесіндегі 5 л қан тәулігіне бүйректен 200-300 рет өтеді.

Юкстагломерулярлық аппарат

Бүйректе зәр түзуші нефрондармен қатар бозғылт затта орын тепкен ерекше нефрондар да болады. Олардың шумақтары қыртыстық қабат пен бозғылт зат шекарасында (кортико-медулярлық аймақта) жатады, ал нефрон ілгегі бүйрек астаушасына іргелес орналасады. Мұндай нефрондарды юкстагломерулярлық нефрон деп атайды. Юкстагломерулярлық аймақтағы нефрон шумағы ірірек келеді. Олардың қанды әкелуші және әкетуші тамырларының арнасы бірдей болады да, түтікшелер маңында капилляр торын құрмай, шумақтардан тікелей еміздікшелерге баратын қатар-қатар майда артерия тамырларына айналады. Бұл тамырлар бозғылт қабатқа дейін бойлай тарап, қыртыстық қабатқа кері оралады да, капиллярларға тарамданбай ұсақ веналармен тікелей жалғасып, доғалық веналар құрады. Бүйрекке келген қанның 80 пайызы қыртыстық шумақтар, ал 20 пайызы юкстагломерулярлық шумақтар арқылы өтеді.

Юкстагломерулярлық аймақта әрбір 100 шумақтың 12-15 шумағында қанды әкелуші және әкетуші артериялар шумаққа енер не шығар жерде невромиоэпителиальды торшалар кешенімен жанасады да, юкстагломерулярлык, аппарат (ЮГА) деген құрылым түзеді. Бұл құрылым нефронның екінші қатарлы иірімді түтікшелеріне жанаса орналасады. Осы ЮГА ренин гормонын түзеді. ЮГА торшаларында түзілетін заттар альдостеронның бөлінуін күшейтіп, нефрон түтікшелерінің соңғы бөлімдерінде натрий иондарының кері сіңірілуін жандандырады. Бүйректің бозғылт затының аралық (ин~ терстициялық) торшаларында ЮГА өнімдерінің антагонисі болып табылатын простаглаңдиндер бөлінеді. Олар антигипертензиялық әсер етіп, электролиттер мен судың алмасуын реттейді.

Бүйректе көптеген биологиялық белсенді заттар бөлінеді, олар мыналар:

1. Ренин гормоны. Ол бүйрек артериясындағы қан қысымы төмен
десе, қандағы натрий иондарының үлесі азайса бөліне бастайды. Бұл
зат қан тамырлары арнасын тарылтып, қан қысымын жоғарылатады.

2. Эритрогеин, ол плазмадағы эритропоэтаногенді эритропоэтинге
айналдырып, эритроциттердің түзілуін реттейді.

3. Кининоген, ол нефрон түтікшелерінің дистальдық бөлігіндегі
қалын дақ аймағында түзіліп, кининогенді кининге айналдырады.

4. Медуллин (простагландин А) бүйректің бозғылт қабатында түзіліп,
бүйректегі қан айналуды жақсартады, қанның бүйректік қыртыстық
қабаты мен бозғылт затының арасында таралуын реттейді, натрий
иондарының бөлінуін күшейтіп, ангиотензиннің тамыр тарылтатын әсерін әлсіретеді, тамырларды кеңейтеді.

5. Уриназа – плазминоген әрекетін жандандырады, фибринді
ерітеді.

6. Д3 дәрмен дәрісі – бүйрек түтікшелерінде кал ий мен анорганикалық фосфордың кері сіңірілуін реттейді, кальцийдің ішектен сорылуын жақсартып, сүйектің қатаюына ықпал етеді.

Зәрдің құрамы мен қасиеттері

Зәр – құрамында 96% су және 4% қүрғақ қалдық бар сұйық зат. Оның құрамы қорек сипатына, ішілген су мөлшеріне, организмнің физиологиялық күйіне, ауа райы мен жыл маусымына байланысты өзгеріп отырады.

Зәрдің түсі сарғыш келеді, ол оның құрамындағы урохром және уробилин сияқты бояғыш заттарға байланысты. Адамда зәрдің иісі қышқыл, ал малда ол түлік түріне байланысты өзгереді. Жылқы зәрінің иісі өткір, шіріген шөп иісіне ұқсас, ал сиыр зәрі әлсіз шірік иісті, ит пен шошқа зәрінің иісі ащы, жағымсыз келеді.

Зәрдің осмостық қысымы 23-30 атм. шамасында, ал тығыздығы -1,020-1,040 аралығыңда сақталады. Оның құрамында 50-120 г/л еріген заттар болады, олардың 2/3-сі органикалык, ал 1/3 – бейорганикалық заттар үлесіне тиеді. Органикалық заттардың 80-85%-ы мочевинадан, ал қалған 15-20 %-ы креатин, зәр қышқылы, аллантоин (пуриннің алмасу өнімі), аммиак, амин қышқылдары сияқты заттардан тұрады. Бейорганикалық қосылыстар натрийдің, калийдің, магнийдің көмір қышқылды, хлорлы, фосфор қышқылды тұздары, кальций оксалаты мен фосфаты түрінде болады. Зәрдің әрекетшіл ортасы организмнің қоректену ерекшелігіне байланысты. Ет құрамында қоректілерде ол қышқыл, шөп қоректілерде – сілтілік, талғамсыз қоректілерде – амфотерлік.

Зәр түзу екі кезеңнен – сүзу (филыпрация) және кері сіңіру {реабсорбция) – тұратын күрделі физиологиялық процесс. Зәр түзу процесі нефрон капсуласына қанның сұйық бөлігінің сүзіліп өтуінен басталады. Осының нөтижесінде капсула қуысына коллоид заттардан тазартылған, құрамы жағынан қан плазмасына ұқсас сұйық – алғашқы зәр өтеді. Капсула қабырғасынан қанның сұйық бөлігінің сүзілуіне шумақ тамырларының жоғары қысым тудыратын (с.б. 70-90 мм) құрылымдық ерекшеліктері мен ондағы майда тесіктер — жасушалар, ықпал жасайды. Бұл жасушалар молекулалық салмағы 7000-нан артық заттарды өткізбейді, сондықтан алғашқы зәр құрамында белок болмайды, оны белоксыз ультрафильтрат (сүзінді) деп те атайды. Плазманың онкостық қысымы (с.б. 30 мм) судың сүзілуіне кедергі

жасағанымен, оның деңгейі шумақтағы қан қысымы деңгейінен (с.б. 70-90 мм) төмен болады. Осы екі қысым айырмасы с.б. 40-60 мм құрайды да, сүзілу (фильтрациялық) қысымы деп аталады. Осы қысым қанның сұйық бөлігінің капсулаға өтуін қамтамасыз етеді. Шумақ пен капсуладағы қысым деңгейі теңескен кезде сүзілу процесі тоқтайды.

Тәулігіне өте көп мөлшерде алғашқы зәр түзіледі (адамда 150-180 л, сиырда 540-1800 л). Демек, бүйрек тамырларынан орасан көп мөлшерде (адамда 1700-1800 л) қан өтіп отырады. Әрбір 6-10 л қан-нан 1 л алғашқы зәр түзіледі.

Алғашқы зәр ирек түтікшелер жүйесіне түскеннен соң зәр түзудің екінші кезеңі – кері сіңіру – басталады да, судың көп мөлшері, кейбір еріген тұздар, амин қышқылдары, глюкоза т.б. қанға қайта өтеді. Кері сіңіру процесі түтікшелер эпителийінің құрылым ерекшеліктеріне байланысты атқарылады. Түтікшелердің ішкі беткейінде ащы ішектегі сияқты микротүктер болатын көрінеді. Қазір әрбір эпителий торшасының беткейінде 6500 микротүк болатыны анықталған. Осының нәтижесінде түтікшелердің ішкі беткейінің сіңіру ауданы 40 есе артады, ол адамда 40-50 м2, малда 40-50 м2 құрайды. Мұндай морфологиялық ерекшеліктер кері сіңіру процесінің қарқынды жүруіне мүмкіндік береді. Арнаулы зерттеулер бүйректе түзілген 100 л алғашқы зәрдің 98,5 л кері сіңірілетінін көрсеткен.

Зерттеулер нәтижесінде натрий, глюкоза, амин қышқылдарының кері сіңірілу процесі ырықсыз (активті) түрде жүретіні анықталған. Ал, хлоридтер мен су ықпалды (пассивті) түрде осмос және диффузия зандылықтарына сәйкес сорылады. Ырықсыз тасымалдау тетіктері нефрон түтікшелерінің бастапқы бөлімдерінде шоғырланады, ал түтікшелердің соңғы бөлімдерінде заттар кәдімгі диффузия нәтижесінде тасымалданады. Ырықсыз тасымалдау нәтижесінде түтікшелер қуысына концентрациялық градиентке қарсы түрлі иондық қосылыстар – холин, гистамин, гуанидин, тиамин, серотонин т.б, өтеді. Бұл иондық қосылыстар Иа+ және К+ тәуелді аденозинуфосфатаза ферментінің қатысуымен тасымалданады.

Алғашқы зәрден түтікшелердің бастапқы бөлімдерінде глюкозаның, натрийдің, калийдің, кальцийдің және басқа заттардың бүйрек ұлпасы мен қанға кері сіңірілуі нәтижесінде ұлпалық сұйық тағы осмостық қысым жоғарылап, алғашқы зәрдің осмостык, қысымы төмендейді. Осының салдарынан су алғашқы зәр құрамынан ұлпа сұйығы мен қанға өте бастайды. Нефрон түтікшелерінің белсенді әрекетінің нәтижесінде алғашқы зәр құрамы өте қатты өзгереді де, несепнәр мөлшері 60, аммиак – 40, фосфаттар – 30, зәр қышқылы 25 есе өседі.

Зәр түзу процесі тек қана сүзу және сіңіру процестерінің нәтижесінде ғана жүрмейді, ол бүйрек торшаларының белсенді әрекетімен атқарылатын процесс. Бүйректе күрделі синтездеу процестері жүреді. Зәр қүрамына енетін гиппур қышқылы бүйректің өзінде түзіледі. Бүйректе аммиак пен креатининнің де көп мөлшері түзіледі. Секрециялық кызмет арқасында бүйрек арқылы организмге енген дәрі-дәрмектер шығарылады.

Алғашқы зәр құрамындағы заттар екі топқа бөлінеді: шығару, табалдырығы жоғары және шығару табалдырығы төмен заттар. Шыгару табалдырыгы жогары заттарга алғашқы зәрден қанға кері сіңірілетін қосылыстар – глюкоза, хлоридтер, фосфаттар, калий, кальций, натрий, зәр қышқылы – жатады. Бұл заттар нағыз зәрде тек қана олардың қандағы мөлшері шамадан тыс жоғарылағанда ғана байқалады. Мысалы, алиментарлықгипергликемия, сусамыр (диабет) ауруы салдарынан зәрде қант пайда болады.

Бүйрек түтікшелерінен қанға кері сіңірілмейтін заттар шығару табалдырығы төмен заттар деп аталады. Оларға сульфаттар, креатинин, несепнәр жатады. Бұл затгар организмнен толығымен нағыз зәр құрамында шығарылады. Шығару табалдырығы темен заттардың зәр құрамындағы мөлшеріне қарап бүйрек түтікшелерінің өрекетін сипаттауға болады. Бүйректің экскрециялық қызметін клиренс (тазалау) деген түсінікпен сипаттайды. Бүйрек клиренсін бір минут ішінде белгілі бір заттан (мысалы, сульфаттан) тазарған плазма мөлшерімен (мл) анықтайды. Клиренсті анықтау үшін белгілі бір заттың зәр мен плазма құрамындағы мөлшерін және минуттық диурезді (түзілген зәрді) анықтап, мына формуламен есептейді: С=У\\?, мүнда, -С – клиренс (мл/мин); V – заттың зәрдегі мөлшері; V – минуттық диурез (мл); Р – заттың плазмадағы мөлшері.

Зәр түзуді (диурезді) реттейтін орталық сопақша мида орналасады. Ол аралық мидағы су мен тұздың алмасуын реттейтін орталықпен тығыз байланысты. Орталық зәр түзу процесін нервті-рефлекстік не гуморальды жолмен реттейді.

Бүйрек қызметін рефлекстік жолмен реттеуде осморецепторлар мен волюмрецепторлардың маңызы өте зор. Бүйрек симпатикалық және парасимпатикалық нервтермен жүйкеленеді. Бұл нервтер бүйрек жұмысына оның қанмен жабдықталу деңгейін өзгерту арқылы әсер етеді. Бүйрек тамырлары тарылып, қан қысымы төмендесе зәр түзу әлсірейді, керісінше, бүйрек тамырлары кеңейіп, жалпы қан қысымы

жоғарыласа – күшейеді. Симпатикалық нерв тітіркенгенде нефрон шумақтарының қанмен жабдықталуы өзгеріп, зәрмен судың бөлінуі кемиді де, хлорлы натрийдің бөлінуі артады. Кезеген нервті тітіркендіргенде зәрмен судың бөлінуі күшейіп, денеден азотты заттардың шығарылуы кемиді.

Зәр түзу процесі қанда хлорлы натрий, несепнәр, пурин негіздерінің концентрациясы жоғарыласа күшейеді. Диурезді реттеуде вазопрессин және альдостерон гормондары маңызды рөл атқарады.

Организмде су тапшылығы байқалса, қан құрамыңда хлорлы на-трий концентрациясы өседі де, ұлпалар мен ағзалардағы осморецепторлар тітіркенеді. Тітіркеніс афференттік жолмен гапоталамус арқылы нейрогипофизге беріліп, вазопрессиннің бөлінуі күшейеді. Вазопрессин гиалуронидаза ферментінің түзілуін жандандырады. Бұл ферментгің әсерімен нефронның екінші қатарлы түтікшелері эндотелидің торшаларын біріктіріп тұратын мукополисахарид – гиалурон қышқылы, еріп, түтікшелердің соңғы бөлімдерінің эндотелий қопсиды да, судың кері сіңірілуі күшейеді. Осының нәтижесінде организмде су жинақталып, зәр түзу қарқыны төмендейді (олигоурия) немесе зәр бөлу тоқтайды (анурия). Организмде су кеп жиналса, вазопрессин аз бөлінеді, гиануронизада синтезі төмендейді, галурон қышқылы ерімейді де, түтікшелер қабырғасы тығыздала түседі, судың кері сіңірілуі нашарлап, зәр түзу күшейеді. Гипоталамус зақымданса, қанға вазопрессин бөлінбейді де, зәрдің бөлінуі шамадан тыс артып кетеді (полиурия). Тироксин зәрдің түзілуін күшейтеді, ал адреналин — бәсеңдетеді.

Ұлпааралық сұйық пен тамырлардағы қан мөлшері көбейсе оң жүрекшеде, артерияларда, ми сауытында орналасқан волюмрецепторлар (толым рецепторлар) тітіркеніп, тітіркеніс афференттік жолмен гипоталамуске бағытталады, рефлекс ретінде вазопрессиннің бөлінуі тежеледі де, зәр түзу күшейіп, организмнен су мен натрий көп шығарылады. Қан тамырларының толу деңгейі азайса, зәр түзу баяулайды. Зәрдің түзілуін реттеуге адреналин гормоны да қатысады. Оның аз дозасы бүйрек шумағының әкетуші тамырларын тарылтып, фильтрациялық қысым деңгейін жоғарылатады да, зәрдің түзілуін күшейтеді Ал адреналиннің үлкен дозасы қан

әкелуші тамырлар арнасын да тарылтады, сондықтан зәрдің түзілуін нашарлатады.

Зәр түзу процесіне үлкен ми сыңарларының алдыңғы бөлімдері де әсер етеді. Оны 1879 ж. В.М.Бехтерев байқаған. Ми қыртысындағы орталық зәр түзу қарқынына,зәрдің құрамына аралық мидағы, ортаңғы мидағы, гипоталамустағы, сопақша мидағы орталықтар арқылы әсер етеді. Бүйрек қызметіне шартты рефлекстер қалыптастыруда болады.

Зәрдің түзілуі

Зәр бүйректе үздіксіз түзіледі. Нағыз зәр, жинағыш түтікшелермен бүйрек астаушысына құйылады да, ол жиырылғанда зәрағарға өтеді. Зәрағардың толқынды жиырылуы нәтижесінде, секундына 2-3 см жылдамдықпен жылжып, зәр қуыққа жиналады.

Куық – зәр уақытша жиналатын қуыс мүше. Оның қабырғасының етті қабаты үш бағьтта орналасқан ет талшықтарынан тұрады. Оның ортаңғы қабаты сақина бағытты, ал ішкі және сыртқьг қабаттары бойлама еттерден құралады. Қуық бос болған кезде, оның қабырғасының калыңдығы 1,5 см, ал ол зәрге толық, керілген кезде – 2-3 мм-ге дейін жұқара созылады. Бірыңғай салалы ет талшықтарының ерекше кернеуді өзгертпей жиырылатын қасиетімен байланысты зәр көп жина-лып, қуық қанша керілсе де, оның ішіндегі қысым аса көп көтерілмейді.

Қуықтан зәр шығару түтігі басталар жерде сақиналы ет талшықтары ішкі қысқыш құрайды да, ол зәр шығару каналын жауып тұрады. Ал, зәр шығару каналының ұзына бойында орналасқан көлденең жолақ ет талшықтары қуықтың сыртқы қысқышын құрайды.

Зәр түзілу үрдісінің реттелуі

Зәр құыктан рефлекс түрінде шығарылады. Қуықта жиналған зәрдің қысымынан қуықтың кілегей қабығы мен ет қабатында орналасқан рецепторлар тітіркенеді. Тітіркеніс орталыққа тепкіш жыныс нервтері арқылы жүлынның қүйымшақ бөлігінде орналасқан зәр шығару орталығына беріледі. Орталықтан қозу импульсі орталықтан тепкіш симпатикалық және парасимпатикалық нервтермен қуық етіне, қуық қысқышына, зәр шығару каналының еттеріне бағытталады.

Зәр шығару орталығынан қуыққа импульс парасимпатикалық нервпен (жамбас нерві) бағытталса, қуық еттері жиырылғыш, қысқыш пен зәр шығру каналдары еттері босаңсиды да, зәр шығарылады Ал импульс қуыққа шажырқайлық түйіннен басталатын симпатикалық нерв (құрсақ нерві) арқылы бағытталса, қуық еттері босаңсып, қысқыш пен зәр шығару каналы еттері жиырылады да, зәрдің шығарылуы тоқтап, ол қуыққа жиналады.

Қалыпты жағдайда тәулігіне адам – 1-1,5 л, жылқы – 5-10 л, ірі қара – 6-20 л, қой-ешкі – 0,5 л, шошқа – 2-5 л, ит 0,5-2 л зәр шығарады.

Құстарда қуық болмайды, зәр ағар саңғуырға ашылады да, зәр нәжіспен араласып, организмнен қоймалжың зат түрінде шығарылады. Құс зәрінің құрамында көп мөлшерде зәр қышқылы болады.

Терінің құрылысы мен қызметі және бөлу жүйесінде алатын орны

Тері – денені сыртқы ортадан шектеп тұратын жабынды қабық. Ересек адамда оның жалпы беткейі 1,5-2 м2 жетеді. Құрылысына, табиғатына және атқаратын қызметіне қарай ол үш қабатқа бөлінеді: сыртқы – эпидермис, ортаңғы – нағыз тері, немесе кориум, және ішкітері шелі.

Эпидермис сырткы ұрықтық қабықтан – энтодермадан дамиды да, көп қабатты эпителийден құралады. Оның беткей қабаты өлекселеніп, мүйізденіп, қабыршықтанып сыдырылып түсіп, үздіксіз жаңарып отырады. Мүйізденген торшалардан тереңірек тіршілігі тоқтамаған, цилиндр пішінді, көбею қабілеті жойылмаған ядролы торшалар орналасады. Тері беткейіне ығысқан сайын олар жалпайып, ядросын жоғалтады. Эпидермистің терең қабатындағы торшалар құрамында организмді ультракүлгін сәулелер әсерінен қорғайтын меланин деген пигмент болады.

Нағыз тері – кориум, – ұрықтың ортаңғы қабықшасы –мезодермадан дамиды. Ол құрамында көптеген оралымды талшықтары бар дәнекер ұлпадан құралады. Сондықтан тері оралымды және серпімді құрылым. Нағыз тері еміздікше және торлы қабаттардан тұрады.

Еміздікше қабат эпидермистің астында орналасып, одан негіздік жарғақпен (мембранамен) бөлінеді. Бұл қабат борпылдақ және торлы дәнекер ұлпадан түзіледі, бір-бірімен торлана байланысқан коллаген талшықтары будасына бай. Олардың арасында теріге серпімділік беретін эластин талшықтары орын тебеді. Еміздікше қабатта эпидермисті қоректеңціретін қан тамырлары мен жанасуды, жьшылықты, суықтықты, ауырсынтуды қабылдайтын сезімтал нерв үштары орналасады. Мадда Бұл қабат түктің өсуіне тікелей әсерін тшізеді, соңцықтан жүнді көп беретін жануарларда ол қалың болады.

Торлы қабат – бір-бірімен торлана байланысқан коллаген талшықтары будалары мен олардың арасындағы эластин талшықтарынан қүралған тығыз дәнекер үлпадан түрады. Коллаген талшықтары будаларының жуандығы, тоқылу тәртібі жануарлардың түріне, дене аумағына қарай өзгеріл отырады.

Дермада май, тер бездері және түк түбірлері орналасады.

Тері шелі нағыз тері сияқты мезодермадан дамиды. Ол дерманы дененің беткейлік шандырымен байланыстырады. Оны түзетін борпылдақ дәнекер үлпа талшықтары арасында май түйіршіктері (май қоры) орналасады. Шел майы денені механикалық соққылардан сақтап, қорғаныстық қызмет атқарады.

Құрылым ерекшеліктеріне байланысты тері бірнеше қызмет атқарады.

1. Қорғаныстық қызмет – серлімді берік құрылым болғандықтан
тері денені қысым, үйкеліс, сокқы әсерінен туындайтын механикалық зақымданудан сақтайды.

2. Тері организмді шамадан тыс су жоғалтудан, ультракүлгін сәулелерден, ауру тудырушы микроорганизмдердің енуінен сақтайды.

3. Теріде ультракүлгін сәуле әсерімен эргостериннен Д дәрмендәрісі
түзіледі.

4. Өзінде орналасқан қан тамырларының арнасын, тер бездерінің
әрекетін өзгерту арқыпы және шел майын жинауға байланысты тері
жылу реттеу процесіне қатысады.

5. Тері болу процесінде маңызды рөл атқарады, Тер арқылы денеден су мен минералды тұздардың артық мөлшері, азотты заттардың алмасуы нәтижесінде түзілген соңғы өнімдер бөлінеді.

6. Теріге тыныстық қызмет те тән. Таза теріде 1 % мөлшерінде газ
алмасу процесі атқарылады.

7. Теріде жанасу, ауырсынту әсерлерін, температура ауытқуларын
қабылдайтын сезімтал нерв ұштары орналасады.

8. Тері организмді сырткы орта құбылыстарына бейімдейтін маңызды мүше.

Тер және май бездерінің әрекеті нәтижесінде тері экскрециялау қызметін атқарады. Тер құрамында су, минералды заттар (хлоридтер, сульфаттар, фосфаттар), несепнәр, зор қышқылы, креатинин, май қышқылдары т.б. зат алмасу өнімдері бөлінеді.

Тер бездері көп торшалы, қарапайым, түтікше бездерге жатады. Олар нағыз теріде (дермада) орналасады. Тер бөлу ерекшеліктеріне қарай тер бездері екі топқа бөлінеді. Эккриндік бездер сұйық секрет бөледі және әрекет үстінде өздері Бұл інбейді. Олар жылқыда кездеседі. Эпокриндік бездер құрамында май тектес заттары көп шайырлы тер беледі. Әрекет үстіңде Бұл бездердің біраз торшалары бұзылады. Олардың секреті құрамында су аз, құрғақ зат көп болады. Бездің секрециялық бөлімінің сыртқы қабаты миоэпителиалъдық торшалардан, ал ішкі қабаты – безді текше торшалардан құралады. Без өзектері иректеле келіп түк қапшықтарына немесе түк шанағына, ал дененің түксіз жерлерінде – тері бетінде арнаулы тесікпен ашылады.

Май бездері көбіне түк қапшықтарының жанында орналасады. Бұл бездер голокриндік бездерге жатады. Олардың өзектері түк қапшықтарына ашылады.

Тер бездері дененің әр түрлі беткейінде бірдей таралмаған. Адамда олар алақан мен табанда көп болады. Терінің жұқарған жерінде (құрсақ пен кеуденің вентральдық бөлігінде, қолтық пен шатта, құлақ қалқанында т.б.) олар көбірек. Адаммен салыстырғанда малда тер 2-3 есе аз бөлінеді, оның себебі тер бездері қанмен нашарырақ жабдықталады. Тәулігіне адам — 1 л (жазда 2-2,5 л), жылқы 2,5-3 л, сиыр – 4-5 л тер бөледі.

Тері рефлекс ретінде жылылықты қабылдайтын сезімтал нерв үшта-рының тітіркенуіне жауап түрінде бөлінеді. Тер бөлуді реттейтін орталық жұлында орналасады. Тер бездері үшін симпатикалық нервтер секрециялық нерв болып табылады.
Категория: Биология, Валеология, Зоология, Анатомия, Медицина | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 6094 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии