Сегодня 29.03.2024
Казахстанское время 14:21
Главная » Файлы » Биология, Валеология, Зоология, Анатомия, Медицина

“Ақмаржан” аурушаң, ал жаңа сорт табылмай жатыр
28.11.2011, 22:04
Ақмаржан күрішімен аты шыққан аймақта ала жаздай атыз жағалаған дихан қауымының маңдай тері зая кетпей, биылғы егін бітік шықты. Жер ананың сыйын төкпей-шашпай жинап алу қарекеті де ойдағыдай жүргізіліп, ел қырманы күміс дәнге толды. Молшылық айында мол несібеге кенеліп, зор қуанышқа бөленген Сыр жұртшылығы жылдағы дәстүрге сай «Алтын дән-2011» мерекесін атап өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында белгілі ғалымдар, аудан әкімдерінің орынбасарлары ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте облыстағы күріш шаруашылығын дамытудың жай-күйі кеңінен талқыланды.

Соңғы жылдары Сыр дихандары күріш сортының жеті түрін өсірумен айналысып келеді. Оның сыры даңқты Ақмаржан дақылының аурушаңдыққа бой алдыруымен түсіндіріледі. Әу бастан-ақ бұл бастама жаман болмады, діттеген межеде өнім берді. Алайда дақылдың төзімділігін арттырып, сапасын көтеруде әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар аз емес.

Бұл тұрғыда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаевтың сөзіне сүйенсек, биылдың өзінде күріш шаруашылығын дамыту мақсатында саланы мемлекеттік қолдау көлемі 3,3 млрд. теңгені құраған. Облыста 7 тұқым шаруашылығы жұмыс жүргізуде.

Бұл жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында Сыр маржанының жаңа сорттарын өндіріске енгізу және оның облыс жағдайындағы ғылыми негіздемесі назарда тұр. «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры Серікбай Өмірзақов айтып өткендей, қазірде дақылдың 5-6 жаңа сорттары сынақтан өткізіліп жатыр. Салаға жаңа технологияларды кеңінен қолдану барысы да қаперден тыс қалмақ емес.

Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда дүниежүзінде 3,5 млрд.-тан астам адам күріш тұтынады екен. Бағалы өнімге сұраныс та жылма-жыл артып келеді. Облыс диқандары елімізді дақылдың 85 пайызымен қамтамасыз етсе, сыр маржаны шетелдің 10 мемлекетіне экспортқа шығарылады. Олардың қатарында Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бар.

Әрине бұл көңілге қуаныш ұялататын көрсеткіш. Десек те бұл тұрғыда түйіні тарқатылмаған түйткілдер әлі де жеткілікті. Ең бастысы өнім сапасына баса көңіл бөлінбей келе жатқаны қынжылтады.

Неге десеңіз, қара күріш өңдеуге өткізілгенімен оны ары қарай бақылауда кемшін тұстарымыз баршылық. Осыдан келіп оған айтылар сын шаш-етектен. Егерде күріш сапасына бақылау күшейтілсе, бұл қиындық өздігінен шешілер еді. Бұған қоса озық техникаларды енгізу арқылы егінді жинап алу мерзімін де жеделдету қажет. Бір ғана мысал, көршілес Ресей мемлекетінде 5 мың гектар күрішті 25 күнде жинаса, біздер 45 күнде әзер бітіреміз. Мұның өзі дақылдың сапасын кемітіп, көптеген ысырапқа душар етеді. Сапалы элита тұқымдарын егуді қолға алу, тыңайтқыштар мен гербицид бағаларын төмендету, диқандарға қолдау көрсетуде субсидия көлемін 30 мың теңгеге жеткізу міндеті бірінші кезекке қойылу керек.

Ауылдағы еңбекші ағайынның бас ауруына айналған мәселе мұнымен шектеліп тұрған жоқ. Ең қиыны мамандар жетіспеушілігі ойлантады. Оның ішінде механизаторлардың тапшылығы бір бүйірден тартып тұр. Мұның өзі жұмыс қарқынын жеделдетуге кері ықпал етуде. Сонымен қатар шыққан өнімді төкпей-шашпай жинап алуда кездесетін қиындықтар әлі де шешімін таппай келеді. Қамбаға құйылған дақылды сатуда да қиындықтар көп. Әсіресе Қытайдан жеткізілген күріш зор кедергі келтіруде. Мұның соңы шаруашылықтарға шаш-етектен шығын алып келуде.

Дала төсін дүбірге бөлеген диқандар жаз бойына егінге түскен малдармен арпалысып әлек. Қай шаруашылыққа болмасын ат басын бұрсаңыз, осы келеңсіздікті алдыңызға кесе-көлденең тартады да тұрады. Бұған әлбетте шарушылықтардың өздерін кінәласақ та, төрт түлігіне еге бола алмай отырған ауыл тұрғындарын жазғырсақ та жөн. Бұл қиындықтан құтылу үшін алдымен шаруашылықтар егістік алқабын малдың емін-еркін кіруіне жол бермейтіндей етіп қоршаса, сосын малшы қауымы жайылымда малдың бей-берекетсіз шашырап кетпеуін бақылап отырса кәнекей. Алайда бұлай істеуге әзірге ешбірі білек сыбана кірісер емес.

Жалпы алғанда, күріш шаруашылығын өркендетуде өзекті мәселелер жетіп артылады. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермек үшін күріш шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдау қажеттілігі туындап тұр.

Жалпы биылғы жылы облыс көлемінде егілген 77,4 мын гектар күріштің әр гектарынан 47,6 центнер өнім жиналған. Нәтижесінде ел қамбасына құйылған 350 мың тонна астық тәуелсіздіктің жиырма жылдығына жасалған толағай тарту деп бағалайды аймақ жұртшылығы.

Қаладағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығында өткен салтанатты шарада дала төсін дүбірге бөлеп, молшылық мерекесіне мерейлі мәртебемен жеткен диқандар марапатталды.
Категория: Биология, Валеология, Зоология, Анатомия, Медицина | Добавил: Akinfeev
Просмотров: 3848 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Поиск
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Последнии комментарии